Тікелей эфир

Түркия мен Сирияда жер сілкінісі құрбандары 20 мыңнан асты. Соңғы жаңалықтарға шолу

Түркияда үйінді астынан 121 адам құтқарылған.

Түркияда жер сілкінісінен қайтыс болғандар саны 17 674 адамға жетіп, 72 879 адам жарақат алған. Бұл туралы Түркия президентінің көмекшісі Фуат Октай хабарлады, деп жазады Hurriyet агенттігі.

"Үйінді астынан 121 адам құтқарылды. Жер сілкінісінен кейінгі 72 сағат ең маңызды уақыт болып саналады. 72 сағаттан кейін Хатайда бір қызымыз құтқарылды. Бұл біздің жүрегімізді жылытты. Бірақ құтқарылғандармен бірге қаза тапқан азаматтарымыз үшін қайғырып отырмыз. 17 674 азаматымыз қаза тапты. Алланың рақымына бөленсін. Отбасына сабыр тілеймін. Құтқарылып, емделіп жатқандар бар. Олардың саны – 72 879. Мәліметтерге қарасақ, Османие, Килис және Шанлыурфада жұмысымыз аяқталды. 12 мың 241 техникамыз жұмыс істеп жатыр. Біз әуе және жерүсті көліктерін қарқынды пайдаланып жатырмыз", – деді Фуат Октай.


Оқи отырыңыз: Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі Қазақстанға қарай жылжи ма? Сейсмологпен сұхбат


Оның айтуынша, жер сілкінісінен зардап шеккендер үшін Түркияның білім министрлігі мен университеттер арқылы 461 мың адамға уақытша тұруға орын қарастырылған. 

Хатай провинциясындағы жер сілкінісі кезінде Қазақстанның үш азаматы жоғалып кеткен болатын. Екі күн бұрын құтқарушылар қираған үй астынан Сабина Мамадиярованы тірі алып шыққан. Ал 9 ақпан күні Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашевтың денесі табылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Қазақстандық құтқарушылардың екі тобы Түркияға ұшып барып, құтқару жұмыстарына көмектесіп жатыр. 

Ал Сирияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны – 3 317 адамға, жараланғандар саны 5 245 адамға жетті. Ол жақта Идлиб, Халеп, Хама, Лазкие, Тартус елді мекендері зардап шеккен.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда үйлер 7 балл жер сілкінісіне шыдай ма?


Қазақстан Сирияға да 50 тонна гуманитарлық көмек жібереді. Мемлекеттік материалдық резервтен консервіленген өнімдер, жылы киім-кешектер, қысқы шатырлар, кереуеттер мен төсек-орын жабдықтары бөлінеді.

Сондай-ақ қазақстандық еріктілер Түркия мен Сирияда зілзаладан жапа шеккендерге көмектесу үшін жылы киім, дәрі-дәрмек, қажетті заттар жинап жатыр. Кейбірі қаржылай жағынан көмек көрсету жағын қарастырып жатыр. 

Еске салайық, Түркия төтенше жағдайлар басқармасының мәліметі бойынша, 6 ақпан күні сағат 04:17-де магнитудасы 7,7 болатын жер сілкінісі болды. Оның эпицентрі Кахраманмараштың Пазаржык ауданында жердің 7 шақырым тереңдгінде болған. Сағат 13.24-те Кахраманмараштың Эльбистан ауданында тағы 7,6 баллдық жер сілкінісі болып, одан бірқатар елді мекендерде үй мен ғимараттар қираған. Олардың қатарында Хатай, Малатия, Газиантеп Диярбакыр, Адияман бар. 

Серіктестер жаңалықтары