6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысы мен Сирияның солтүстігінде бір күнде екі мәрте жойқын зілзала болды. Guardian басылымының мәліметінше, жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 4 мың адамнан асты. Бірнеше мыңдаған адам жарақат алды. Құтқарушылар қираған ғимараттардың астынан адамдарды әліге дейін іздестіріп жатыр. Өкінішке қарай, зілзала құрбандарының саны бұдан да көп болуы мүмкін.
Қазақстанның оңтүстік-шығысында да жер сілкінісі жиі тіркеледі. 1887 жылы Алматыда, қала Верный аталған тұста 7,3 балдық зілзаладан 332 адам көз жұмды. 1910 жылы магнитудасы 8,2 балды құраған жер сілкінісінен 44 адам қаза тауып, 800-дей үй қирады. Осы орайда Информбюро порталы елу жылдық тәжірибесі бар сейсмолог Жолдас Ақжановтан Қазақстанда ірі жер сілкінісі болу қаупі туралы сұрадық.
– Түркияның оңтүстік-шығысында болған дүмпу Орта Азияға қарай жылжуы мүмкін бе?
– Ол белгісіз. Кеше ғана Шымкентте жер сілкінісі тіркелді. Көктемде, әсіресе наурызда зілзала белсенділігі артады. Түркияда ірі жел сілкінісі 70 жылдай бұрын болған еді, міне, қайталанып жатыр. Кеше бір күнде екі рет қатты жер сілкінді. Мұны "қосарлы" жер сілкінісі де атайды. Болмаса жер сілкінісінен кейін кішігірім дүмпулер – афтершоктар деп аталады. Бір күнде 20-30 афтершок болуы мүмкін.
– Қазақстанның қай аймақтары сейсмикалық тұрғыда қауіпті?
– Тек таулы жерлерде ғана қауіп бар. Шығыс Қазақстан мен Алматы облысы, Тарбағатай, Қырғыз жотасы. Жер сілкінісінің аймағы Ташкенттен бастап Өскеменге дейін созылып жатыр. Сол аймақтар қауіпті, ал қалған өңірлер тыныш. Тарихта жер сілкінісі басқа жерлерде болмаған, тек таулы мекендерде болып тұрады.
Оқи отырыңыз: Сейсмолог Жолдас Ақжанов: ШҚО, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары сейсмикалық картада бейнеленген
– Таяу уақытта Алматы маңайында назар аударарлық дүмпулер болған жоқ па?
– Алматы қаласының маңайында болған жоқ. Ал Алматы облысы Панфилов ауданының маңында, Қытайға жақын жерлерде толқындар болып тұрады. Алматы қаласы мен облысы әзірге тыныш. Алматы облысында жылына екі мыңдай сигнал тіркейміз. Сейсмикалық толқындарды тіркейтін құрылғыларымыз күніне Түркия мен Мексика сияқты алыс жерлерде болған бес-алты сигналды жазады. Бірақ, оларды өзіміздің есепке қоспаймыз.
– Кеше болған жер сілкінісін де құрылғыларыңыз жазып алды ма?
– Иә, жазды. Өте үлкен жазбалар болды. Ол толқындарды адам сезбегенімен аппарат сезеді.
– Жер сілкінісі болатынын алдын ала болжау мүмкін бе?
– Оны Сейсмология институтындағы болжау комиссиясы шешеді. Неше түрлі бағыт бар және әр бағыттың өз зертханасы бар. Аптасына бір рет жиналып, болжам жасап отырады. Назар аударатын сигналдар тіркелсе, комиссия жиірек бас қосады.
Оқи отырыңыз: Жер сілкінгендегі қауіпсіздік шаралары қандай?
– Жер сілкінісі жиі болатын аумақтарда қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керек?
– Ең бастысы, үйлер мықты болуы керек. Жер сілкінісі болса, дүрлікпей тыныштық сақтап, үйден қауіпсіз жерге шығуға тырысу керек. Қашып шығамын деп адамдар құлап жатады, сондықтан мұндайда асықпаған жөн. Болмаса, көпқабатты үйдің ішінде қорғанатын мықты жерлерге тығылу керек. Бір қабатты үй болса, шығып үлгеруге әбден болады.
Қазақстанда жер сілкінісін 10-15 секунд бұрын хабарлайтын құрылғылар орнатылып жатыр. Жақында іске қосылады. Сигналды хабарлама түрінде жібереді. Жел сілкінісінің толқыны алыста болса ертерек хабар береді. Ал жақын болса секунды аздау болады. Жер сілкінісінің бірінші толқыны – секундына 6 км, екінші толқын секундына 3,5 км жылдамдықпен таралады. Алматыға жетем дегенше бірталай уақыт жиналады. Сол уақытта қашып үлгеруге болады.
– Түркияда бұған дейін де ірі жер сілкіністері болды. Интернетте тараған видеолардан жер сілкінісінен Түркияда көпқабатты үйлер опырылып құлағанын көрдік.
– Бұрын бұлай мыңдаған ғимарат қираған жоқ. Кеше екі рет қатты жер сілкінді. Жапонияда қайта-қайта үлкен жер сілкіністері болса да, үйлері мықты салынғандықтан құламайды. Рас, қисаюы мүмкін. Бірақ, опырылып түспейді. Сондықтан үй салғанда ақшаны аямай, сейсмикалық нормаларға сай етіп салу керек. Мысалы, Астана мен Ақтөбеде құрылыс нормасына сай етіп салу арзанға түседі. Ал Алматы секілді сейсмикалық аудандарда үйлерді сапалы материалдардан, мықты қылып салуға мән беру керек.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы жойқын жер сілкіністері. Қаланың жаңа сейсмикалық картасы зілзаладан қаншалықты қорғайды?
– Түркиядағы жер сілкінісінен Қазақстанға қауіп жоқ деп айтуға бола ма?
– Оған Сейсмология институтындағы болжау комиссиясы жауап береді. Жер сілкінісі туралы солар хабар береді.