Тікелей эфир

Қазақстанда үйлер 7 балл жер сілкінісіне шыдай ма?

Сәулетші Айдар Ерғали Қазақстанда жаңа материалдар мен құрылыс тәсілдерінің сейсмологиялық төзімділігін сынайтын платформа жоқ екенін айтады.

Түркия трагедиясында болған соншалықты үлкен шығын ең алдымен ғимараттардың жер сілкінісіне мүлдем есептелмеуінен орын алып отыр. Бұрын олардың құрылыс нормативтеріндегі сейсмикаға қарасты шаралар міндетті емес, ұсыным түрінде болатын. Қазір қалай екенін білмеймін. Құрылыс бағасын күрт өсіруге байланысты оларды тек қымбат ғимараттардың жобалауында ғана қолданатын болған. Сондықтан Түркияда жер сілкінісіне осал үйлер соншама көп.

Ал бізде сейсмикалық нормалар шамамен алпысыншы жылдардың ортасында пайда болып, міндетті түрде енгізіле бастады. Бастапқыдағы нормалардың қазіргі нормалардан айырмашылығы жер мен көктей. Бірақ алпысыншы жылдардың ортасынан бұрын салынған үйлерге мүлдем жер сілкінісіне қатысты есептеулер жасалмаған. Олар Алматыда ең үлкен қауіп төндіріп тұр. Одан кейінгі үйлердің бәрі жақсы деген сөз емес.


Оқи отырыңыз: Жер сілкінгендегі қауіпсіздік шаралары қандай?


Негізі, ғимараттарды есептеу мен жобалау тәсілдері дүниежүзінде бірдей. Сейсмикаға байланысты шаралар да шамамен бірдей. Бірақ, бұл салада дамыған елдерде conventional, яғни стандартты жолдардан басқа әртүрлі seismic isolation, яғни сейсмикалық оқшауландыру технологиялары да қарқынды дамып келеді. Оқшауландыру ғимарат қаңқасының жертөле деңгейінде орнатылып, сілкініс энергиясының біраз бөлігін бойына сіңіретін арнайы құрылғылар арқылы жүзеге асады. Бұл екеуінің айырмашылығын мына видеодан байқасаңыз болады.

Оқшауландыру құрылғылары әртүрлі болады. Видеода ең қарапайым әрі кең тараған түрі elastomeric isolator көрсетілген. Бұл әдіс аласа және орта биіктіктегі ғимараттарға жақсы. Жер сілкінісі кезінде ғимарат қозғалса да, қабырғалары жарылмайды және ғимарат құламайды. Жапонияда сол себептен үстелдер мен шкаф-сөрелерді қабырғаға немесе еденге нық бекітіп қояды. Бұл қондырғылар, әрине, арзан емес. Бірақ, үйдің жалпы қаңқасының жұқаруына байланысты өз шығынын өтейді.

Біздің елде, өкінішке қарай, ондай оқшаландыру атымен жоқ. Оған арнайы нормалар да жоқ, өндірушілер де жоқ, сұраныс та жоқ. Ең алдымен, адам өмірінің құндылығы жайында түсінік жоқ.

Бізде жер сілкінісіне шыдайтын үй құрылысын дамытатын Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты бар. Кезінде сексенінші жылдарда атақты ғылыми орда болатын. Біздің ғалымдар жер сілкінісі болған жерлерге барып, үйлердің қирауын зерттейтін. Соған байланысты құрылыс технологияларын дамытып, нормаларға жаңа талаптар енгізіп, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, толыққанды ғылыми жұмыстарын істейтін. Ұрылардың уақыты басталғанда ғылымның басқа да салалары секілді бұл институт та бейшара болып қалды. Ғылыми жұмыстар тоқтап, ғалымдар жан-жаққа тарап, қартайып, олардың орнына жаңа буын ғалымдары пайда болған жоқ. Институт әлі бар, құдайға шүкір. Бірақ зерттеу жұмыстары жоқтың қасы.


Оқи отырыңыз: Алматыдағы жойқын жер сілкіністері. Қаланың жаңа сейсмикалық картасы зілзаладан қаншалықты қорғайды?


Мысал ретінде келтірейін. Жаңа материалдар мен құрылыс тәсілдерінің сейсмикаға төзімділігін сынайтын арнайы платформа болады. Оның үстіне ғимарат не оның бөлігін модель ретінде салып, оны әртүрлі бағытта әртүрлі жиілікпен шайқап тексереді. Елімізде осындай платформаның бірде-біреуі жоқ. Қымбат зат қой, оған ақша жоқ болар...

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары