Қазақстандықтардың 85,2 пайызы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру туралы шешімін толық немесе ішінара қолдайды. Ал Қарулы күштерді реформалауды қолдайтындар үлесі – 85,7%. Бұл – "Демократия институты" ғылыми-зерттеу қауымдастығы жүргізген сауалнаманың қорытындысы.
Еске салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің жұмысына жан-жақты тексеру жүргізіп, он күн ішінде армияны реформалау жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Осы орайда "Демократия институты" ғылыми-зерттеу қауымдастығы 28-29 қыркүйекте мемлекет қабылдап жатқан шараларға қоғамның көзқарасын білу үшін сауалнама жүргізді.
Оның нәтижесі армияның қазіргі жағдайы мен болашағы көпшілік назарында екенін көрсетті. Қатысушылардың 85,2 пайызы президенттің Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру туралы шешімін толық немесе ішінара қолдайды.
"Қарулы Күштерді реформалау туралы шешімге де осындай көзқарас қалыптасқан. Мемлекет басшысының бұл шешімін оң бағалағандардың үлесі де жоғары – 85,7%. Сауалнамаға қатысушылар армияда қандай өзгерістер қажет екенін де айтты. Бұл сұраққа бірнеше жауап таңдауға мүмкіндік берілді. Ең көп аталған ұсыныс – Қорғаныс министрлігінің ашықтығы мен есептілігін арттыру (47,4%). Бұдан кейін командалық құрамды жаңарту және оның кәсіби деңгейін көтеру (34,3%), сондай-ақ қорғаныс саласындағы жемқорлыққа қарсы күресті күшейту (29,4%) тұр. Әскери қызметтің күнделікті жағдайына қатысты мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Сауалнамаға қатысушылардың 25,3%-ы олардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайын жақсартуды маңызды деп санайды. Қару-жарақ пен әскери техниканы жаңартуды 20,7%, жаңа технологияларды, оның ішінде цифрлық шешімдерді енгізуді 20,4%, ал жауынгерлік даярлық пен оқу-жаттығу деңгейін көтеруді 19,2% атаған", – делінген зерттеу қорытындысында.
Сауалнама нәтижесі қоғамның армияда жан-жақты өзгеріс күтетінін көрсетеді. Елдің қорғаныс қабілетін нығайтумен қатар, жұрт әскери қызметтің күнделікті ұйымдастырылуы да жақсарғанын қалайды.
Президент бастамаларын қолдаудың жоғары деңгейі реформаның нәтижесіне қатысты нақты талаптармен ұштасып отыр. Халық реформаны армияның әскери-техникалық әлеуеті қаншалықты артқанымен ғана емес, әскери қызметтің жағдайы мен қауіпсіздігі қалай өзгергенімен де бағалайды.
Оқи отырыңыз:
"Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған". Тоқаев Әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырды
Тоқаев Қорғаныс министрлігінде кешенді тексеру жүргізуді тапсырды