Президент – ҚР Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізді. Мемлекет басшысы ұжымға жаңа Қорғаныс министрін таныстырды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Жиын Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіні бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
"Мен қаза болған әрбір әскери қызметшінің ата-анасына көңіл айтып, арнайы жеделхатымды жолдадым. Қайтыс болған азаматтардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Олардың ешқайсысы қолдаусыз, көмексіз қалмайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы болған оқиғаға қатаң баға берді. Президенттің айтуынша, бейбіт күнде сарбаздардың өмірін жалмаған бұл қайғылы жағдайға бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы және кәсіби біліксіздігі себеп болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаның мән-жайын ғана емес, мұндай оқу-жаттығуды жоспарлауға не түрткі болғанын және қойылған міндеттің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды талап етті.
"Қарулы Күштер басшылығы қордаланған түйткілдерді жылдар бойы шеше алмай келеді. Бұл еліміздің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіреді. Өткен қайғылы оқиғалардан сабақ алмадыңыздар. Аталған оқу-жаттығу жиынының мәні де, мақсаты да түсініксіз. Оны кім әзірлеп, бекітті? Бас штабтың рөлі қандай? Үйлестіру жұмыстарына неге мән бермеген? Неліктен оқу-жаттығу жиынында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болмаған? Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді. Мұның бәрі – әскери ведомство басшылығының немқұрайдылығының салдары", – деді мемлекет басшысы.
Президент оқу-жаттығу жиынына қатысқан әскери қызметшілер тиісті жабдықтармен, соның ішінде арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегенін айтты.
Мемлекет басшысы жеке құрамның қауіпсіздігіне айрықша назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Үкіметтік комиссия оқу-жаттығуды әзірлеу мен өткізуге, әскерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге және қауіпсіздік талаптардың сақталуына жауапты барлық лауазымды тұлғаның әрекетіне баға беруге тиіс.
Бұдан бөлек, президенттің өкіміне сәйкес Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру басталды. Тексеру барысында әскери қызметті ұйымдастыру, әскерді жабдықтау, сондай-ақ оның материалдық және қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етілуі жан-жақты зерделенеді. Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева басқаратын комиссия жүйелі сипат алған заң бұзушылықтарды анықтап, кімдердің жауапқа тартылатынын айқындауы қажет.
Мемлекет басшысы әскери қызметшілер лауазымына, шеніне қарамастан жауапқа тартылатынын, заң бойынша қатаң жазасын алатынын ескертті. Аталған мәселе Президенттің жеке бақылауында.
"Бұл оқиға армияда олқылықтар өте көп екенін және кәсібилік жетіспейтінін анық көрсетті. Әскерді түбегейлі реформалауды іске асыратын уақыт келді. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Мен осыған байланысты кадрлық шешімдер қабылдадым. Сіздерге Қазақстан Республикасының жаңа қорғаныс министрі Мырзахметов Айдос Сәкенұлын таныстырғым келеді. Айдос Сәкенұлы күрделі кезеңде қызметке кірісіп жатыр. Жауапкершілік – өте жоғары, алдағы міндеттер – аса күрделі. Батыл шешімдер қабылдануға тиіс", – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының жұмысын түбегейлі трансформациялау мәселесіне тоқталды.
"Жақында Қауіпсіздік кеңесі аппаратымен өткен жиында әскери салада атқарылатын басым міндеттерді айқындадым. Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған. Сонымен қатар қолбасшылық жүйесін халықаралық үздік тәжірибеге сай қайта құру керек. Кешенді тәсіл қолдану қажет. Ал ол үшін бағыт-бағдарымыз анық болғаны жөн. Бұл дүниетанымы кең, сауатты офицерлердің ғана қолынан келеді. Реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау", – деді мемлекет басшысы.
Президент армияда цифрлық трансформация жүргізуді, мүмкіндігінше адамды технологиямен алмастыруды тапсырды.
"Әскерді дамытудың жаңаша тәсілдері қажет. Таптаурын шешімдер, алдамшы амалдар, қағаз жүзінде бәрін керемет етіп көрсететін өтірік есептер ешкімге қажет емес", – деді президент.
Қорғаныс министріне бірқатар кезек күттірмейтін міндет жүктелді.
Бірінші міндет – бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету.
"Бөлінген қаржы мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттырып, барынша нәтиже беруге тиіс. Мақсатсыз шығынға, талан-таражға жол берілмейді. Мұндай әрекеті әшкереленгендердің бірде-біреуі жауапкершіліктен құтылмайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Екінші міндет – қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы күштерді реформалау. Қауіпсіздік кеңесінің аппараты Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде әскерді реформалау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуге тиіс.
Сондай-ақ мемлекет басшысы мамандарды іріктеу мен бағалаудың ашық критерийлерін енгізген жөн деп санайды.
"Әскери лауазымдарға басшының "өз адамдары" емес, тәжірибелі және білікті кадрлар ұсынылуға тиіс", – деді президент.
Үшінші міндет – әскер қатарындағы идеология және тәрбие жұмысын күшейту. Бұл іс Конституцияның басты қағидаттары мен құндылықтарына сәйкес жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ әлемнің әскери тарихы, ұлтымыз бен жаһан елдерінің озық рухани-мәдени жетістіктері кеңінен дәріптелуі керек. Армия кәсіби даярлық пен білімді шыңдап, отаншылдыққа баулитын мектеп болғаны жөн. Онда әрбір әскери қызметшінің өмірі мен қауіпсіздігі бәрінен жоғары тұруы қажет.
"Отан қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы, қасиетті парызы. Әскери қызметке өмірін арнаған әр азамат мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауын айқын сезінуі керек. Әскер – қорқыныш пен үрейге толы жер болмауы керек. Әскер – жас сарбаздарды, еліміздің нағыз отаншыл азаматтарын тәрбиелеудің бұрынғы және қазіргі озық үлгілері ұштасқан кәсіби деңгейі жоғары институт болуға тиіс", – деді мемлекет басшысы.
Президенттің пайымдауынша, БАҚ әскери қызмет, әсіресе, басшылықтың жоғары бағасы мен қолдауына ие болған әскери қызметшілер туралы объективті ақпарат таратқаны жөн.
Жоғарғы бас қолбасшы нақты әрі түсінікті, кезең-кезеңімен реформалау жоспарын әзірлеу маңызды екеніне назар аударды. Оны көлемді тұжырымдамаға немесе жол картасына айналдыруға болмайды. Реформа жоспары қазан айының екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады.
Президент Қауіпсіздік кеңесінің аппаратына әскерді реформалау үдерісін үйлестіруді тапсырды.
Оқи отырыңыз:
Тоқаев жаңа қорғаныс министрін тағайындады
Тоқаев Қорғаныс министрлігінде кешенді тексеру жүргізуді тапсырды