Ақордада медицина қызметкері күніне орай салтанатты іс-шарада президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер туралы айтты.
"Баршаңызға белгілі, мемлекет медицина саласын дамытуға әрдайым баса назар аударады. Қазір де осы бағытта ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Нақты нәтижелер бар. Былтыр еліміз бойынша азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Соңғы үш жылда ана өлімі 35 пайызға, ал сәби өлімі 24 пайызға қысқарды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі көрсеткіш. Кейінгі жеті жылда еліміз бойынша 1300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының сөзінше, қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам маман қызмет етеді.
"Олардың мәртебесін көтеру және беделін күшейту еліміз үшін басымдыққа ие міндет болып қала береді. Дәрігерлердің қауіпсіздігін қатаң қадағалау жұмысы айрықша назарда болуға тиіс. Осы мәселеге былтыр кәсіби мереке қарсаңында өткен жиында арнайы тоқталдым. Сол себепті мен осы жылдың басында медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы Заңға қол қойдым. Бұл шешім қоғамымызда берік орнығып жатқан Заң мен тәртіп қағидатына толық сай келеді", – деді президент.

