Қазақстанда тұмауға қарсы екпе салу науқаны басталды. Қай өңірлерде тегін вакцина бар

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Ел өңірлеріне 5 қазанға дейін 2,1 млн доза екпе жеткізіледі.

Қазақстанда маусымдық тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны басталды, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі. 

Халықты тегін вакцинациялау үшін 2,1 млн доза вакцина сатып алынды. Оның алғашқы 564 мың дозасы елге жеткізіліп, өңірлерге кезең-кезеңімен жөнелтіле бастады. 

Екпе қазірге дейін Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарына, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларына жеткізілді. Қалған өңірлерге вакцина 5 қазанға дейін жетеді. Вакцина жеткізілген медициналық ұйымдарда халықты иммундау жұмыстары басталды. 

Вакцинациялау науқанын өткізу үшін ресейлік өндірістің "Гриппол" вакцинасы сатып алынды. Оның штамдық құрамы алдағы эпидемиялық маусымға арналған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес келеді.

"Бірінші кезекте тұмауға және оның асқынуларына барынша осал халық топтарына тегін вакцинациялау жүргізу көзделген. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен қызметкерлері, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдар бар. Өңірлерге вакцинациялау науқанын уақтылы бастауды және нысаналы топтар үшін вакцинациялаудың қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды", – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, қазан айы – сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі басталғанға дейін вакцинациялау жүргізу үшін оңтайлы кезең. 

Вакцина алғаннан кейін организмге иммундық қорғанысты қалыптастыру үшін белгілі бір уақыт қажет. Вакцинациялау тұмаумен ауыру қаупін, ең алдымен, аурудың ауыр өтуі мен асқыну ықтималдығын төмендетуге мүмкіндік береді. 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау