Қазақстанда киік санын реттеу мақсатында оларды аулау және ату шараларына жеке аңшылық шаруашылықтармен қатар, кәсіби аңшылар да тартылуы мүмкін. Бұл туралы үкімет басшысы Олжас Бектеновтің мәжіліс депутаттарына берген жауабында айтылған.
"Жеке аңшылық шаруашылықтарын аталған жұмысқа тарту туралы ұсыныс ғылыми қауымдастық пен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен қаралды. Жүргізілген талдаудың қорытындысы бойынша аңшылық шаруашылықтардың әлеуеті реттеудің қажетті көлемдерін қамтамасыз ете алмайтыны анықталды. Осыған байланысты қажетті мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ете отырып, кәсіби аңшылар қатарынан қосымша мамандандырылған бригадалар құру мәселесі пысықталуда", – деп жауап берді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының дерегінше, 2025 жылы киіктерді табиғи ортадан алу кезінде 30 ет өңдеу кәсіпорнымен шарттар жасалып, оларға одан әрі өңдеу және өткізу үшін киік еті берілді.
Бұл жұмыстар биыл да жалғасып жатқанымен, қазіргі уақытта киіктерді алу көлемі шектелген. Өйткені, нарықтың тауарға шамадан тыс толып кетуінің қаупі бар. Бұл өз кезегінде өткізілмеген өнім көлемдерінің едәуір артуына, өңдеуші кәсіпорындарға түсетін қаржылық жүктеменің көбеюіне алып келуі мүмкін.
"Осыған байланысты Үкімет киік етінен жасалған өнімді экономикалық айналымға тарту бойынша жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, Қорғаныс, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктері осы өнімді азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесінде және мемлекеттік материалдық резервте пайдалану мәселелерін пысықтауда. "Самұрық-Қазына" АҚ-мен бірлесіп отандық өндірушілердің сатып алуға қатысуы үшін Тауарлардың бірыңғай номенклатуралық анықтамалығында киік етінен жасалатын өнімдердің тізбесі кеңейтілді. Сондай-ақ, ҚР ІІМ-нің "Еңбек" РМКК жыл сайын киік етінен жасалған консервіленген өнімдерді 1 мың тоннаға дейін сатып алуға дайын екенін растады", – деді премьер-министр.

