"Қазақмыс" корпорациясының Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлінің Қытайға жұмыс сапары қытайлық ірі инжинирингтік және технологиялық компаниялары – ENFI және TCC CNCEC басшыларымен жүргізілген келіссөзбен жалғасты, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Кездесудің негізгі тақырыбы Жезқазғанда жаңа күкірт қышқылы цехын салу жобасы аясында ынтымақтастық орнату мүмкіндігі, сондай-ақ металлургиялық өндіріс саласына арналған заманауи инженерлік және технологиялық шешімдерді зерттеу болды.
ENFI түсті металлургия саласындағы Қытайдың жетекші инжинирингтік орталықтарының бірі болып табылады және халықаралық MetMining тау-кен-металлургиялық тобының еншілес құрылымына кіреді. Компания Қытайдағы заманауи мыс балқыту кәсіпорындарының 50%-дан астамының жобалау жұмысына қатысқан.
Іссапар бағдарламасының тағы бір тармағы ауқымды өнеркәсіптік және химиялық жобаларды іске асыруға маманданған қытайлық TCC CNCEC инжинирингтік-құрылыс компаниясымен өткен келіссөз болды.
Кездесу қорытындысында қол жеткізілген келісімдер мен тәжірибе алмасу "Қазақмыс" корпорациясы үшін технологиялық ынтымақтастықты дамытуға, заманауи инженерлік шешімдерді зерделеуге, сондай-ақ өндірістік активтерді жаңғырту және тиімділігін арттыруға бағытталған ықтимал бірлескен жобаларды пысықтауға берік негіз қалыптастырғаны аталып өтті.

