Оралда каратэден Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған халықаралық турнир өтті

Фото: БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы
Фото: БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы
Үздік үш орынды Шымкент, Жамбыл облысы және Астана спортшылары бөлісті.

Батыс Қазақстан облысында WKF  каратэден жасөспірімдер мен жастар арасында Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған халықаралық турнир болды. Оған Қазақстан, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан мен Қырғызстаннан мыңға жуық каратэші қатысты. 

Батыс Қазақстан облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитовтің айтуынша, еліміздің шалғай өңірінде мұндай ірі жарысты өткізу аймақтағы спортты насихаттауға үлкен үлес қосады. 

"Бұл бәсеке Орал өңірінде дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биылғы жарыстың басты ерекшелігі — жаңадан ашылған "Жайық Арена" спорт кешенінде ұйымдастырылуы. Одан бөлек, турнир қарсаңында каратэшілерге  арналған сапалы, аккредиттелген татами алынды. Каратэшілер додасы спортшылардың отансүйгіштігін арттырып қана қоймай, елімізден талантты спортшылардың өсуіне жол ашады", – деді облыстық спорт басқармасының басшысы.

Фото: БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы

Оқи отырыңыз: Батыс Қазақстанда спорт саласы қалай дамып жатыр


Турнир идеясының авторы әрі ұйымдастырушысы, каратэден БҚО командасының  аға бапкері Ринат Мерғалиев жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері құрлық біріншілігіне қатысу үшін рейтингілік ұпайлар жинайтынын жеткізді.

"Бұл бәсекені ең алғаш рет осыдан он жыл  бұрын, спорт залда өткізген едік. Сол кезде жаятын татами де болған жоқ, кәдімгі еденде күш сынасты спортшылар. Арада жылдар өтіп, біздің турниріміздің деңгейі де өсті. Су жаңа спорт кешенінде, алты мемлекеттің қатысуымен өтіп жатыр. Осы турнирде чемпион атанған спортшылар жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігіне жолдама алады. Одан бөлек, жарыс жүлдегерлеріне қаржылай сыйақы да қарастырылды", – дейді Ринат Мерғалиев.

Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған "Ақжайық Open" халықаралық турнирінде жалпыкомандалық есепте Шымкент спортшылары топ жарды.

Екінші орынды Жамбыл облысы, үшінші орынды Астана қаласының командасы иеленді. Ресей құрамасы мен Батыс Қазақстан облысының  спортшылары алғашқы бестікте.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары