Батыс Қазақстанда спорт саласы қалай дамып жатыр

Өңірде ұлттық спорт түрлерінен "Бабалар ізімен" облыстық лигасы өтіп жатыр.

14-16 сәуір күндері аралығында Орал қаласында қазақ күресінен жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. "Жайық арена" спорт кешеніндегі өткен жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 500-ге жуық спортшы қатысты.

БАҚ өкілдері де дүбірлі доданы тамашалап, Батыс Қазақстанда спорт саласы қалай дамып жатқанына куә болды.

"Бабалар ізімен" облыстық лигасы ұлттық спортты дәріптейді

20 наурызда Батыс Қазақстан облысында ұлттық спорт түрлерінен "Бабалар ізімен" облыстық лигасы басталды. Бұған дейін қалалық деңгейде ұйымдастырылған лига биыл алғаш рет облыстың барлық аймағын қамтиды. 20 наурыз – Ұлттық спорт күні деп белгіленуіне орай, дәл осы күні лиганың алғашқы жарыстары басталды. Біріншілік барысында спортшылар қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату секілді ұлттық спорт түрлерінен өзара мықтыны анықтайды. Біз де екі аудан арасындағы көкпарға куә болдық.

"Орал" спорт клубының директоры Орынбасар Ғилымов Батыс Қазақстанда аударыспақ, бәйге түрлері, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, тоғызқұмалақ атты ұлттық спорт түрлерін барынша дамыту жолға қойылғанын айтты.

"Біз былтыр "Бабалар ізі лигасын" бастадық. Қала деңгейінде өткен лига биыл ауыл-аудады да қамтып, облыстық жарысқа айналды. 20 наурызда бастау алған лига бір айдан астам уақытқа созылады. Бұның басқа жарыстардан ерекшелігі – бір-екі жарыспен шектеліп қалмайды. Әр сенбі мен жексенбіде командалар кездесіп, қалған уақытта бәсекеге дайындалады. Балаларды көптеп тартып, ұлттық спорттың аудиториясын кеңейту мақсатымыз. Ұлттық спортымыз ең алдымен өзімізге, қазақтың қара балаларына керек. Жастайынан ұлттық спортпен айналысып, бойына сіңіріп өскен баланың бойында өзіндік қасиеттері қалыптасады. Сол кезде біз ұлттық спорттың болашағына алаңдамай, нық сеніммен қарайтын едік", – деді Орынбасар Ғилымов.

Оның айтуынша, жеңімпаз атанған жас спортшылар медаль, кубок алумен ғана шектеледі. Десе де болашақта ауқымы кеңейіп, үлкен жобаға айналады деп сенеді. Халық тарапынан да қызығушылық жоғары.

"Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес облысымен шекаралас жатыр. Ұлттық спорт түрлерінен осы жерде көбірек жарыстар өткізуіміз керек. Себебі Жайық өңірі тоғыз жолдың торабында орналасқан. Шетелдіктер кіріп келгенде қазақ халқының иісі келсе, ұлттық спортымызға куә болса дейміз. Бұл идеология жағынан да қажет дүние. Осы ұлттық ойындарымызды, кең байтақ жерімізді қорғап қалған батырларымызды дәріптеуіміз керек.  Бұрынғы жыр-дастандарда қазақтың батырлары астындағы тұлпарымен қатар аталған. Сондықтан да Атырау мен Алтайдың ортасын жайлап жатқан ұлан-ғайыр даланы қорғап қалу үшін батырлардың тұлпарлардың тұяғы мен белінің мықтылығы керек болды. Ата-бабамыз атқа қонғанда қазақтың рухы биіктеп, рухтанып кететін болған. Қазақтарды аттан түсіру саясаты болды. Аттан түскен қазақтың рухы бәсеңдеп қалады. Енді рухымызды қайта ояту үшін атқа мінуіміз керек", – деді Орынбасар Ғилымов.

Жас көкпаршылар / Фото: Informburo.kz

"Нұр-ер" спорт кешенінде аударыспақ пен садақ атудан БҚО чемпионаты өтіп жатты. Өңірдің түкпір-түкпірінен келген жасөспірімдер беліне көк және қызыл бау байлап, ат үстінде белдесіп, өзара мықтыны анықтады. Ал мергендер далада нысанаға жебесін дөп тигізіп жатты.

Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшесі Әсемгүл Ғалымжанова да Оралда өтіп жатқан жарысқа қатысып жатыр. Түркияда өтетін халықаралық жарысқа жолдама алған ол отыз елдің спортшылары арасында Қазақстан намысын қорғамақ. 

"Әлем Кубогында да, Азия Кубогында да бірінші орын алдым. Қазіргі күні елімізде дәстүлі садақ ату спорты қарқынды дамып жатыр. Көп спортшылар қызығады. Әйелдер арасында да қатысып жүргендер көп", – деді спортшы.

Жаңа деңгейде өткен қазақ күресінен жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты

2005–2007 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан Республикасының чемпионатына еліміздің түкпір-түкпірінен 468 спортшы қатысты. Ер балалар – 10 салмақ дәрежесінде, ал қыздар 8 салмақ дәрежесінде сынға түсті.

ҚР Қазақ күресі қауымдастығының бас директоры Дамир Бекбосынов "Жайық Аренада" халықаралық дәрежедегі чемпионаттарды өткізуге болатынын атап өтті. Жақында ашылған спорт кешені заманауи талаптарға сай салынған.

"Бұл – ұлттық құрамаға іріктеу жарысы. Чемпионат деңгейіне қарап жастар арасындағы Азия не әлем чемпионатын өткізуге болатынын көріп отырмыз. Осы жарыста жеңімпаз атанған спортшылар ересектер арасындағы Әлем кубогына қатысады. Қазақ күресінен соңғы рет әлем чемпионаты Үндістанда өтті. Шетелде халықаралық жарыстар өткізу арқылы ұлттық күресімізді Азия ойындарының бағдарламасына қосуға ұмтылып жатырмыз. Қазақ күресін бұқаралық сипатта да, кәсіби тұрғыдада дамытуымыз керек. Бүгінде шетелде қырыққа жуық қазақ күресі федерациясы жұмыс істейді. Шетелдік спортшылардың қызығушылығы артып келеді", – деді Дамир Бекбосынов.

Марапаттау рәсімі  / Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов Орал қаласы жастар арасындағы әлем не Азия чемпионатын өткізуге дайын екенін айтты. Қазақ күресінен жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшыларға облыс әкімдігі мен федерация тарапынан ақшалай қолдау көрсетілетінін атап өтті.

"Олимпиадалық емес спорт түрлерінен жетістікке жетіп жүрген спортшыларға БҚО әкімдігі тарапынан ай сайын жалақы беріледі. Қазақ күресінен чемпион болған бала 120 мың теңге жалақы алады. Ересектерге өткен соң спорт клубына қосылып, ол жақтан да қаржылау қолдау көрсетіледі. БҚО қазақ күресі қауымдастығы тарапынан жыл сайын екі рет киім-кешек беріледі. Спортшыларға өңірлік университеттің ректор және әкімдік гранты қарастырылған. Осылай спортшылардың жағдайын шешіп жатырмыз", – деді Бақдәулет Сәбитов.

Батыс Қазақстан облысы Қазақ күресі қауымдастығының президент Әсет Сұлтанұлы ересектер арасында жарыстар көп екенін, ал жас спортшыларды қолдау үшін жастар арасында халықаралық жарыстар өткізіп тұру қажет екенін айта кетті.

"Түркістан, Жамбыл, Абай өңірінде әуелден қазақ күресі мектебі қалыптасқан. Бірқатар өңірлерде күрестің кенжелеп қалғаны жасырын емес. Ал біздің мақсатымыз ұлттық спорт деңгейін көтеру болып отыр. Биыл қазақ күресінен ересектер арасында әлем чемпионаты Үндістан астанасы Делиде өтті. Дегенмен Делиде кейбір себептерге байланысты жасөспірімдер мен жастар арасында чемпионат өткізе алмадық. Болашақта соның орнын толтырып, жастар мен жасөспірімдер арасындағы халықаралық жарыстарды көбейтсек пе дейміз", – деді Әсет Сұлтанұлы.

Марапаттау рәсімі  / Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

БҚО атынан күрескен Эльнара Анарбекқызы 48 келі салмақта алғаш рет Қазақстан чемпионы атанып, батыс қазақстандықтардың мерейін көтерді.

"Ерлан Оңалов жаттықтыратын Эльнара бұған дейін жасөспірімдер арасында самбодан Қазақстан чемпионы болған еді. Сол сияқты өзімнің төл шәкірттерім –  Дария Забильская мен Сабина Құлымбетова жүлдегерлер қатарынан көрінді", – деді БҚО қазақ күресінен қыздар құрамасының аға жаттықтырушысы Фарид Сапиев.

84 келі салмақта белдесіп, чемпион атанған Сұлтан-Бейбарыс Қайратұлы қарсыластары осал болмағанын айтты. 

"Абай облысының намысын қорғадым. Белдесулер өте ауыр болды. Барлық қарсылас тыңғылықты дайындықпен келген. Теккен маңдай теріміздің арқасында жетістікке жетіп отырмыз. Чемпионат өте жоғары дәрежеде өтті", – деді спортшы.

Чемпиондар даярлайтын мектеп 

Батыс Қазақстан облысында спорт саласы қарқынды дамып келеді. 2020 жылы Орал қаласында жекпе-жек спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт  мектебі ашылды. Бұрынғы "Арман" спорт кешенінің ғимаратында ашылған аталмыш жекпе-жек спорт мектебінде оқушылар тегін жаттығады.

Осы жекпе-жек спорт мектебінде әлемге, елiмiзге танымал спортшылар тәрбиеленiп шықты. Олардың қатарында бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусiнов, еркін күрестен Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионова, самбодан бірнеше дүркін әлем чемпиондары Ерболат Байбатыров, Нұрбол Серiков, Темірлан Ихсангалиевтар бар.  

Спор мектепте жаттығып жатқан балалар / Фото: Informburo.kz

Жекпе-жек спорт мектебінде дзюдо, самбо, каратэ, таэквондо, еркін күрес, грек-рим күресi, бокс секциялары жұмыс істейді. Сол үйiрмелерге бір мезгілде 200 баланы жаттықтыруға мүмкіндік бар. Ал жалпы 1200 бала жаттығады.

Самбодан сегіз жылдан бері балаларды жаттықтырып жүрген аға жаттықтырушы Бағдат Сағатқалиев шәкірттерінің арасында Қазақстан ғана емес, Азия және әлем чемпионаттарында жүлде алып жүрген жас спортшылар бар екенін айтты.

Бапкер Бағдат Сағатқалиев / Фото: Informburo.kz

"Отыз баладай жаттықтырамын. Шәкірттерімнің арасында Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері бар. Біз он жастан бастап қабылдап, 23 жасқа толғанша жаттықтырамыз. Бес-алты жастан бастап күреспен айналысуға ерте. Балалар бір-бірімен күрескенде алысады, лақтырады. Кішкентай балаларға ертелеу болады. Шағын аудандағы ең жақсы үлкен спорт зал деп айтар едім. Айналада балалар көп. Балалар шұғылданамын десе спорттың түр-түрі бар. Десе де осы жердегі жалғыз спорт мектебі болғандықтан әлі де осындай үлкен спорт залдар көбірек бой көтерсе деп ойлаймыз. Бір уақытта бір залда бірнеше спорт түрінен жаттығу өтеді.  Қыздар мен ұлдар бөлек жаттығады", – деді бапкер.

Оралдағы "Олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне" ат абсын бұрдық. Мектепте 234 оқушы мен 61 студент білім алады. Олар дзюдо, велосипед, бокс, ауыр атлетика, шорт-трек, садақ ату, грек-рим күресі, еркін күрес, байдарка мен каноэда есу, академиялық есу, волейбол (ұлдар және қыздар) секілді 12 спорт түрінен жаттығады. Қазіргі таңда 65 спортшы Қазақстан құрама командасына енген. Оның ішінде негізгі құрамға – 3, жастар құрамына – 14, жасөспірімдер құрамына – 48. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері – төрт, ҚР спорт шебері – 19, ҚР спорт шеберіне үміткер 186 спортшы бар.

"Мектеп-интернатымыздың спортшылары Қазақстан чемпионаттары мен республикалық, халықаралық  жарыстарға қатысып, жоғары жетістіктерден көрініп келеді. Қазақстан бойынша үш жыл қатарынан әлем чемпиондарын беріп жатқан – біздің мектебіміз. Басқа интернет-колледжерде әлем чемпионы жоқ. Нұрлан Исатаев дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанса, Мария Бровкова – байдарка мен каноэ есуден, ал Өнер Сейілхан бокстан жастар арасында Азия және Әлем чемпионаттарын жеңді. Бізден үш әлем чемпионы шықты. Алда тағы да дзюдошылардан үміт күтіп отырмыз", – деді Олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледж директры Асхат Шакиров. 

Осы мекемеде жаттығатын батыс қазақстандық волейболшы қыздар да Қазақстан чемпионы атанды. 

Асхат Шакиров балалардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалғанын, тәртібі қатаң қадағаланатынын айтты. Әр спорттан апталық жоспарда әр күні жасалатын жаттығулар бекітіледі. Соған сай спортшылар дайындалады. Залда кешекшілік кестесі де бекітіледі.

Шалғай аудандардан келген 150 бала жатақханада жатады. Қаладан балаларды таситын көліктер де бар. Мектеп оқушылар сабақ пен жаттығудан бөлек бұқаралық-спорттық, мәдени шараларға да белсене қатысады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары