Тікелей эфир

Мемлекет басшысы: Біздің әлемдегі орнымыз ұлтымыздың сапасына байланысты

Президент саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыру мәселесіне тоқталды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың "Әділетті Қазақстан – Адал азамат" атты екінші отырысындағы сөзі басталды. Құрылтай кезінде президент ұлт сапасын жақсарту мәселесіне тоқталды. 

"Қазақстан – осы геосаяси аймақта саяси жүйесін қысқа мерзім ішінде түбегейлі өзгерткен бірден-бір мемлекет. Тың өзгерістердің арқасында саяси реформалардың Қазақстанға ғана тән ерекше үлгісі қалыптасты. Келешекте де оның мән-маңызы арта бермек. Алайда, қолда бар жетістікке тоқмейілсіп отыруға болмайды. Алда ұзақ жол, ауқымды жұмыс бар. Жалпы, Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек. Ал, түпкі мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді", – деді президент. 


Оқи отырыңыз: Тоқаев мемлекеттік қызметшілерге: Президент – әулие емес, оны мадақтаудан гөрі халық алдында абыройлы болу маңызды


Мұнымен қатар, мемлекет басшысы қолға алған саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыру мәселесіне тоқталды. 

"Біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ. Қуатты ел боламыз десек, бірлесе отырып, бірқатар маңызды сауалға жауап беруге тиіспіз. Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз? Ұлтымыз нені армандайды? Қазақстан азаматы қандай болуы керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай? Мен бүгін осыған қатысты ой-пікірімді ортаға салғым келеді. Біз қолға алған саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыруымыз керек. Бұл – маңызды міндет. Біз алға үздіксіз қадам басуымыз керек. Елді дамытуға кедергі келтіретін нәрсенің бәрінен арылып, құндылықтарымызды нығайта түсуіміз қажет. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырамыз, сан ғасырлық мемлекеттілігіміздің тұғырын бекемдейміз. Олай болмаса, даму көшінің соңында қалып, ақырында құрдымға кетеміз. Жалпы, қандай да бір құндылықты Жарлықпен немесе Заңмен орнықтыру мүмкін емес. Мен мұны өте жақсы түсінемін", – деді президент. 


Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: Қазір жас ұрпақ әлеуметтік желіден тәрбие алып жатыр. Бұл – өте қауіпті үрдіс


Жиынға Құрылтай мүшелерімен қатар сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, президент әкімшілігінің басшылық құрамы, президенттің кеңесшісі және басқа да лауазымды тұлғалар қатысып отыр. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары