Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылғанына 30 жыл толуына орай, оның Түрген филиалында жаңа экотуризм нысаны пайдалануға берілді. Кузнецов шатқалында бой көтерген бұл бағыт – әйгілі жабайы Сиверс алмасына арналған ғылыми-танымдық соқпақ. Енді келушілер мұнда өңірдің өзіндік табиғи байлығымен етене таныса алады.
Жаңа экомаршруттың тұсаукесер рәсіміне ғалымдар, табиғат қорғау саласының мамандары мен арнайы шақырылған қонақтар жиналды. Соқпақты аралау барысында саяхатшылар Сиверс алмасының табиғи өсу ортасын өз көзімен көріп, бұл өсімдіктің экологиялық және ғылыми құндылығы туралы мәліметтерге қанығады.

Мерейтойлық шара аясында аталған алма түрін зерттеуге өмірін арнаған танымал академик Аймақ Жанғалиевтің құрметіне мемориалдық-ақпараттық орталық ашылды. Бұл нысан көрнекті ғалымның еңбектерін кеңінен насихаттауды және өскелең ұрпақтың қоршаған ортаға деген қызығушылығын оятуды мақсат тұтады.
Оқи отырыңыз: Іле Алатауында Қызыл кітапқа енген Сиверс алмасы гүлдеді
Жиын барысында Іле-Алатауы МҰТП Түрген филиалының директоры Мақсат Демесінов өз қуанышын бөлісті.

"Бүгін біз жергілікті орманшылық аумағында жаңа туристік бағыттың тұсауын кесіп отырмыз. Оған қоса, аудан өндірушілерінің арнайы жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Осыған дейін туристер қауымы Түрген шатқалын, Қайрақты мен Аюлы сарқырамаларын, сондай-ақ ескі орман шаруашылығындағы Есік көлін жақсы білетін. Ал бүгіннен бастап олар осы маңдағы жаңа туристік нысандарды да ашады деп сенемін. Сиверс алмасы Тарбағатай тауынан бастау алғанымен, бұл резервтің негізгі гендік қоры Іле-Алатауын, Жоңғар Алатауын және тағы бірнеше паркті қамтиды", – деді Мақсат Демесінов

Сарапшылардың пайымдауынша, Сиверс алмасы – жер бетіндегі мәдени алма сорттарының түп атасы.

Сондықтан жаңадан ашылған танымдық нысан аймақтағы экологиялық ағарту жұмыстарын ілгерілетуге, бірегей табиғи мұраны көздің қарашығындай сақтауға және экотуризмнің әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізбек.
Оқи отырыңыз: Іле Алатауы ұлттық паркінде "Журналистер аллеясы" ашылды

Жалпы, ұлттық парктің 30 жылдық мерейтойы аясында табиғатты қорғауға, ғылыми байланыстарды нығайтуға және тұрақты туризмді өркендетуге арналған түрлі форматтағы шаралар кешені жалғасып жатыр.