Алматы облысындағы Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Түрген шатқалында сирек әрі ерекше табиғи мұра – Қызыл кітапқа енген Сиверс алмасы гүлдеді. Бұл – табиғи биоалуантүрліліктің сақталғанының және жүйелі қорғау жұмыстарының нақты нәтижесі.
Сиверс алмасы – әлемдегі мәдени алмалардың арғы тегі саналатын бірегей түр. Ұлттық парк оны сақтау мен қорғауға баса мән береді. Осы мақсатта Іле Алатауы ұлттық паркі аумағында кешенді ғылыми және орман шаруашылық шаралары тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, 2010 жылы Түрген филиалына қарасты Маловодный орманшылығының Кузнецов сайында жалпы көлемі 31,9 гектарды құрайтын орман генетикалық резерваты құрылған. Бұл аумақ Сиверс алмасының табиғи ареалын сақтау, қалпына келтіру және генетикалық қорын қорғау мақсатында ерекше бақылауға алынған.
Сонымен қатар 2019 жылы осы аумақта Сиверс алмасының генетикалық қорын сақтау үшін клон мұрағаты құрылды. 0,7 гектар жер телімінде арнайы агротехникалық талаптарға сәйкес жұмыстар жүргізіліп, 350 дана көшет отырғызылды. Болашақта клон мұрағатының аумағын ұлғайту жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Кузнецов шатқалында Сиверс алмасының 22 ағашына "плюстік ағаш" мәртебесі беріліп, олардың генетикалық құндылығы тіркелген.
Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми зерттеу жұмыстары және таулы агробиоәртүрлілік бөлім басшысы Салтанат Өсербаеваның айтуынша, селекционерлер Сиверс алмасының қалемшесін алып, алманың жаңа түрін шығарады.
"Қазақстанның ең қымбат гендік қоры осында. Сиверс алмасы – Қызыл кітапқа енген бұталы ағаш өсімдігі. Оның бір жапырағаны да тиюге болмайды. Мемлекеттің қорғауындағы нысан. Сиверс алмасын алманың атасы деп айтады. Оның гені мәдени сорттардың барлығының ДНҚ-сында бар. Резерват аумағында тек тек ғылыми-зерттеу жұмыстары жасалады. Парк аумағында Сиверс алмасын молайту жұмыстары жүргізліп жатыр. Жерге түскен алманы инспекторлар жинап, тұқымын алып тұқымбаққа егеді. Оны күтіп-баптаған соң алма өспей тұрған жерлерге отырғызылады. Көшет биіктігі 30 сантиметрді құраса, қазір үш метрге жетіп отыр. Былтыр алғаш рет жемісін берді. Биыл тағы да жақсы жеміс жинаймыз деп ойлаймын", – деді Салтанат Өсербаева.
Оқи отырыңыз: Медеу, Шымбұлақ, Аюсай, Түрген шатқалы: Іле Алатауы туризмі қалай дамып жатыр? Фоторептортаж
Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі Сиверс алма ағашы ең көп өсетін аумақ болғандықтан оны насихаттау мақсатында "Сиверс алмасы" деген ғылыми-танымдық соқпақ соғылып жатыр. Көру алаңдары, зерттеу жасаймыз деген ғалымдарға жатын орын болады. 2010 жылы белгілі қазақ ғалымы Аймақ Жанғалиев резерваттың ашылуына себепкер болды. Жабайы алманы зерттеген ғалымның еңбегін таныстыру мақсатында кіші музей ашылады.
Іле Алатауы ұлттық паркінің мамандары Сиверс алмасын сақтау, қорғау және көбейту бағытында үгіт-насихат жұмыстарын да белсенді жүргізеді. Аталған жұмыстар Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдық мерейтойына орай жүзеге асырылып жатқан "30 жылдыққа – 30 іс-шара" бастамасы аясында жалғасын тапты.
Сондай-ақ, Асы жайлауы аумағында өсетін сирек өсімдік – кессельринг лапызы гүлдеді. Бұл өсімдік табиғаттың нәзік әрі бағалы жауһарларының бірі саналады. Кессельринг лапызы – ерте көктемде бой көтеретін, сұлулығымен көз тартатын сирек кездесетін көпжылдық пиязшықты өсімдік. Биіктігі – 5-15 см шамасында. Гүлдері ақ немесе ақшыл-күлгін түсті, сыртқы жағында күлгін-көк жолақтары болады.
Бұл гүл көктемде ерте гүлдейтін өсімдіктердің бірі, ақпаннан бастап қар ерісімен бірден шығады. Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанның оңтүстік аймақтарында (Тянь-Шань, Шу-Іле таулары) кездеседі. Тасты, қиыршық тасты тау беткейлерінде өседі.
Бұл өсімдік те Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Оны жинауға және сатуға қатаң тыйым салынған. Бұл өсімдіктің барлық бөліктері "өте улы" болып келеді, құрамында колхицин алкалоиды бар. Сондықтан оған тиісуге немесе үзуге болмайды.