Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдық мерейтойы аясында және "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық бағдарламасы шеңберінде ұлттық парк аумағында бірден бірнеше маңызды экологиялық бастама жүзеге асырылды. Қаскелең орманшылығында "Журналистер аллеясының" салтанатты ашылуы өтіп, сонымен қатар халықаралық "Парктер шеруі – 2026" табиғат қорғау акциясы ұйымдастырылды.
Ауқымды іс-шараға БАҚ өкілдері, экологтар, қоғам белсенділері, еріктілер, блогерлер, мектеп орманшылықтары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Табиғатты қорғау жолында бас қосқан қатысушылар ұлттық парк аумағында ағаш көшеттерін отырғызып, қоршаған ортаны сақтау ісіне өз үлестерін қосты.
"Журналистер аллеясы" – Іле Алатауы ұлттық паркінің 30 жылдығына арналған "30 жылдыққа – 30 іс-шара" мерейтойлық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан ерекше жобалардың бірі. Бастаманың мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау бағытындағы қоғамдық жауапкершілікті арттыру және БАҚ-пен ынтымақтастықты нығайту.
"Былтыр ұлттық паркке 945 мың турист келді. Олардың жартысынан астамы Алма-Арасан, Бұтақты шатқалында демалды. Парк аумаында 46 туристік маршрут бар және оның 85 пайызы толық абаттандырылған. Биыл Үлкен Алматы көліне және Жапон жолына баратын екі соқпақты абаттандыру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта отыз шақты жаңа туристік маршрут ашылып, абаттандырылады. Биыл 1,5 млрд жеке инсвестиция тарту жоспарланып жатыр. Біз тұрған Қаскелең шатқалында мобильді интернет жоқ. Жыл соңына дейін жеке инвесторларды тарта отырып Қарасай ауданы әкімдігімен бірлесе мобильді байланыс орнату жоспарда бар. Бақылау бекеттерінің алдында демалыс күндері кептеліс болып жатыр. Келушілерден алдын ала төлем жасауын сұраймыз. Банктердің мобильді қосымшалары арқылы алдын ала төлеуге болады. Алдағы уақытта автоматтандыруды кеңейту жоспарда бар", – деді Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары Арқау Шантаев.

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің орманды қорғау, молайту, қалпына келтіру бөлімінің басшысы Райхан Мұхамеджанованың айтуынша биыл 39 гектар жерге 107 600 екпе көшет отырғызылған.
"Бүгін Алматы қаласы мен облысының БАҚ қызметкерлерінің құрметіне "Журналистер аллеясы" ашылып, БАҚ өкілдері Медеу филиалының тұқымбағынан әкелінген он түп Еуропа шыршасы мен он түп қарағай ағашын отырғызды", – деді ол.
Салтанатты шара сап түзер шерумен басталып, қатысушылар табиғатқа арналған концерттік бағдарламалар мен шығармашылық қойылымдарын ұсынды. Ұлттық парк қызметкерлері табиғатты қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау және экологиялық ағарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Биыл 30-шы рет ұйымдастырылған "Парктер шеруі" халықаралық табиғат қорғау акциясы бұрынғыдан да кең ауқымда өтті. Іле Алатауы ұлттық паркінің 30 жылдық мерейтойымен және "Таза Қазақстан" экологиялық бастамасымен үндескен бұл шара табиғатқа жанашырлықтың, экологиялық мәдениеттің және ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісіне айналды.

Жыл басынан бері ұлттық парк аумағында өткізілген экологиялық іс-шаралардың нәтижесінде:
- 270-ке жуық экологиялық акция ұйымдастырылды;
- 90 мыңға жуық адам қатысты;
- 1000-ға жуық құс ұясы орнатылды;
- 21 тонна қоқыс жиналды;
- 14 146 он төрт мың бір жүз қырық алты
Шара барысында республикалық телеарналар мен бұқаралық ақпарат құралдары экологиялық бастамаларды кеңінен насихаттап, табиғатты қорғаудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі алдағы уақытта да табиғатты қорғау, экологиялық ағарту және қоғаммен тиімді байланыс бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді.