Ереванда Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ ашылды

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайты
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайты
Абайға арналған ескерткіштер, бюсттер мен мемориалдық тақталар әлемнің ондаған елінде орнатылған.

Арменияда Қазақстанның мәдени күндері аясында Ереван қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақтың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Айтулы оқиға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ереванға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген мемлекеттер басшылары арасындағы келісім нәтижесінде жүзеге асты. 

Саябақтың ашылу салтанатында қысқаша сөз сөйлеген Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Армения билігіне және жобаның жүзеге асуына атсалысқан барлық азаматтарға алғысын білдірді. Министр бұл оқиғаның екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жаңа кезеңін білдіретінін атап өтті. 

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайты

 

"Біз тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Армения астанасында қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлына арналған саябақ ашылды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Армения республикасына ресми сапары аясында Астана қаласындағы бір көшеге армян әліпбиінің негізін қалаушы Месроп Маштоц есімін беру туралы екіжақты келісім жасалғаны белгілі. Бүгін біз сол келісімнің, достық пен тығыз мәдени байланыстардың айқын көрінісіне айналғанын көріп отырмыз", – деді мәдениет және ақпарат министрі.


Оқи отырыңыз: Тәжікстан астанасында ақын Абай Құнанбайұлының бюсті ашылды


Салтанатты іс-шара аясында Қазақстан мен Армения министрлері екі ел арасындағы мәдени байланыстардың тамыры тереңдеп, болашақта одан әрі нығая түсетінінің нышаны ретінде саябаққа ағаш отырғызды. 

Айта кетейік, Абайға арналған ескерткіштер, бюсттер мен мемориалдық тақталар әлемнің ондаған елінде – Босния және Герцеговина, Германия, Грузия, Иран, Корея, Қытай, Қырғызстан, Венгрия, Египет, Өзбекстан, Румыния, Түркия, Түрікменстан, Франция, Швейцария және Татарстанда (Ресей) орнатылған. 

Серіктестер жаңалықтары