Елімізде 3 млн 700 мыңнан астам оқушы оқу жылын аяқтады. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл 172 мың түлек он бірінші сынып бітірді, оның ішінде 6800 оқушы "Алтын белгі" үміткерлері.
"Тоғызыншы сыныпты 288 мыңнан астам түлек тәмамадады. 1-10 сыныптар аралығындағы балардың 85,3 пайызы, 2 млн 800 мың бала жазғы демалыс және сауықтырумен қамтылатын болады. Оның ішінде 500 мың жекелеген санаттағы отбасы балалары бар" – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Мектеп түлектері ҰБТ-да қандай қателіктерді жиі жасайды?
Балалар демалысын ұйымдастыру үшін 218 қала сыртындағы және 10 200 мектеп жанындағы, профилдік, шатырлы лагерлер жұмыс жасайтын болады.
"Сонымен қатар "Этноауыл", "Жаздық жолдама" жобалары іске асырылады. Жазғы демалыста 1 млн 400 мың бала үшін қосымша білім беру мекемелеріндегі секциялар мен үйірмелер ашылады. Ғылыми-техникалық, музыкалық, көркемдік, экологиялық, туристік және басқа да бағыттардағы 11 мың үйірме балаларды қабылдайды" – делінген хабарламада.