Тікелей эфир

Театр, музей, кітапханаға экскурсия. Жазғы демалыста балаларға арналған қандай шаралар өтеді?

Балаларға арналған барлық іс-шара тегін болады.

Жазғы демалыс кезінде балаларға арнап мәдениет саласында 500-ден астам, спорт және туризм салаларында 300-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады. Бұл туралы үкімет отырысында мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов баяндады.

Мәдени мекемелердегі шаралар

Ұлттық музейде "Тарихи тұлғалар", "Шаңырақ", "Әсемдікке құштарлық", "Қызықты этнография", "Ұрпақ+" мәдени-білім беру жобалары шеңберінде экскурсиялар, дәрістер, шығармашылық кештер және дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып жатыр. Сондай-ақ "Мирас" және "Жас археолог", "Кескіндеме және графика", "Шебер" арнайы студиялары мен үйірмелері жұмыс істейді. Сонымен бірге, ерекшелігі бар келушілер үшін "Мейірім" инклюзивті әлеуметтік жобасы іске асырылуда. Бұдан бөлек, "Музейдегі мектеп күні" іс-шарасы өтеді.

Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде және Мемлекеттік орталық музейде жазғы демалыс мезгілінде экскурсиялар мен көрмелер ғана емес, "Жас экскурсия жүргізушілері", "Жас домбырашылар", "Жас өлкетанушылар" үйірмелері тегін жүргізіледі.

Еліміздің барлық кітапханасында ай сайын "әдеби ертеңгіліктер" өткізіледі.

"Еліміздің кітапханалары мен музейлерінде экскурсиялар, дәрістер және танымдық іс-шаралар жалғасады: белгілі қазақстандық суретшілердің, мүсіншілердің, өлкетанушылардың, археологтардың қатысуымен пленэрлер, "BookCrossing" акциясы, ал барлық ауылдық округтерде "Жылжымалы кітапханалар" ұйымдастырылады", – деді министр.

Республикалық театрлардың репертуарында жазғы демалыс кезінде "Сиқырлы терезе", "Туған күн", "Әріптер әлеміне саяхат", "Ойнайық және ойлайық", "Кішкентай Мук", "Қызық пілдің шытырман оқиғасы" сияқты спектакльдер мен қойылымдарды көрсету көзделген.

Н.Сац атындағы балалар театрында SatsComUnity балалар театр студиясы жұмыс істейтін болады. 

1 маусым – Балаларды қорғау күніне мәдениет ұйымдары түрлі форматтағы мерекелік іс-шаралар дайындады. Мысалы, Ғ.Мүсірепов атындағы театрда "Кішкентай ханзаданың оралуы" спектаклінің тұсаукесері өтеді.

Р.Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымы "Жазғы кино" бірегей жобасын бастайды. Оның шеңберінде классикалық және анимациялық фильмдермен қатар "Қазақфильм" киностудиясы және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген жаңа кинокартиналар тегін көрсетіледі.

Сонымен бірге жазғы демалыс кезінде "Temps lié" (Темплие) кәсіби хореографиялық білім берудің халықаралық фестивалі, "Шабыт", "Astana-Merey" халықаралық конкурстары, "Ұлы дала ұрпақтары" республикалық қолөнер байқауы, "Алтын қазына" және "Арт-колонок" балалар шығармашылығы республикалық конкурстары өткізіледі.

Мемлекеттік рәміздер күніне орай барлық мектеп лагерьлері мен балабақшаларында "Қазақстан менің әлемімде" асфальтта сурет салу конкурсы, "Менің елім Қазақстан" тақырыбында түрлі конкурс және "Менің туым – менің мақтанышым" флешмобы жоспарлануда.

Сонымен қатар министрлік Qazaqstan Jastar Fest спорттық-жастар фестивалінің жаңа жобасына бастамашылық жасады. 

VI жазғы спартакиада аясында "Спорттық жаз" челленджі басталып, атақты спортшылар мен спорт жанашырлары әлеуметтік желілерде қысқа бейнероликтерді жүктеу арқылы спортпен шұғылдануды насихаттайды.

23 маусымда еліміздің барлық өңірінде елорданың 25 жылдығын мерекелеуге және Халықаралық Олимпиада күніне орайластырылған "Мен спортты таңдаймын!" республикалық акциясы басталады. 

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға айрықша көңіл бөлінеді, осы бағытта "Children Paralympic Games 2023" инклюзивті спорт фестивалі өткізіледі. Оған еліміздің барлық өңірінен "ерекше" балалар (6 жастан 15 жасқа дейін және одан жоғары) қатысады, "Инклюзивті хореография" үйірмесінің тәрбиеленушілері арасында би байқауы өтеді.

 "Саламатты болашақ" әлеуметтік жобасы аясында "Тең мүмкіндіктер әлемі" Қоғамдық қорымен бірлесіп тегін бейімделген спорт секциялары ұйымдастырылады.

"Балаларға арналған барлық өткізілетін іс-шаралар мен жобаларға қол жеткізу тегін қамтамасыз етілетінін атап өту маңызды", – деді министр.

Айта кетейік, бүгінде мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс аясында балаларға раналған үйірмелер мен секциялардың 114 түрі қызмет етеді.

Серіктестер жаңалықтары