Қазақстанда фастфуд пен тәтті сусын жарнамасына шектеу қойылуы мүмкін

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Фастфудтың агрессивті жарнамасына қатысты жаңа ұсыныс әзірленді.

Қазақстанда құрамында қант, тұз, қаныққан және трансмай мөлшері жоғары азық-түлік өнімдерін, соның ішінде фастфуд пен тәтті сусындарды балаларға бағыттап жарнамалауға шектеу қойылуы мүмкін.

Денсаулық сақтау министрлігі осыған байланысты заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірледі. Бастама балалардың тағамдық таңдауына маркетингтің ықпалын азайтып, ерте жастан дұрыс тамақтану әдетін қалыптастыруға бағытталған.

Министрлік жоғары мөлшердегі қант, тұз, қаныққан және трансмайы бар өнімдердің жарнамасын теледидар мен радиода, әлеуметтік желілерде және сыртқы жарнама құралдарында шектеуді ұсынып отыр.

"Министрлік құрамында тұз, қант, қаныққан және трансмайлар мөлшері жоғары тамақ өнімдерінің жарнамасын теле- және радиоларда, әлеуметтік желілерде, сыртқы жарнама құралдарында шектеу бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірледі. Аталған ұсыныстарды іске асыру мақсатында осы шектеулердің реттеушілік әсерін талдауды әзірлеу жұмыстары басталды", – деді Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсембаева.

Министрлік өкілінің айтуынша, балалар жарқын қаптамаға, әлеуметтік желілердегі жарнамаға, блогерлердің ұсыныстарына және басқа да маркетинг құралдарына ересектерге қарағанда көбірек бейім. Бұл бастама Мемлекет басшысының Үкіметке фастфудтың агрессивті жарнамасы мәселесін қарастыру жөнінде берген тапсырмасынан кейін қолға алынды. Президент мұндай жарнама зиянды әдеттердің қалыптасуына ықпал етіп, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені арттыруы мүмкін екенін айтқан.

Зерттеу деректеріне сәйкес, Қазақстанда 6–9 жастағы балалардың 23 пайызында артық дене салмағы, ал 6 пайызында семіздік бар. Сонымен қатар жасөспірімдердің 17,5 пайызы энергетикалық сусындарды апта сайын тұтынады. Ұсыныстар халықаралық тәжірибе мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары ескеріле отырып әзірленген.

Қазақстанда дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған басқа да шаралар бар. Атап айтқанда, 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынған. Ал 2025 жылғы қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарты енгізілді. Ол балалар рационындағы қант пен тұз мөлшерін азайтып, көкөніс, жеміс-жидек және сүт өнімдерінің үлесін арттыруды көздейді.

Министрлік өңірлерге балалар мен ата-аналар арасында дұрыс тамақтану қағидалары бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Айта кетейік, ұсынылып отырған шаралар белгілі бір азық-түлік өнімдерін сатуға немесе тұтынуға тыйым салуды көздемейді. Негізгі мақсат – олардың балалар арасында жарнамаланып, насихатталуын шектеу.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау