Астанада полиция қызметкерлері үй жағдайында есірткі өсірген 54 жастағы әйелді анықтады. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, әйел өзін таролог ретінде таныстырып, таро карталары арқылы бал ашумен және түрлі рухани тәжірибелер жүргізумен айналысқан. Алайда тексеру барысында оның үйінде құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсіргені белгілі болды.
Полицияның мәліметінше, күдікті жатын бөлмесіндегі шкафты арнайы жабдықтап, оған жасанды жарық шамдарын және өсімдіктерді өсіруге қажетті құралдарды орнатқан. Сол жерде марихуана бұталары өсірілген.
"Тінту кезінде құқық қорғау органдары бірнеше түп марихуана өсімдігін тәркілеген. Сонымен қатар медициналық сараптама қорытындысы бойынша әйелдің есірткіге масаң күйде болғаны анықталды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды", – делінген хабарламада.
Полиция азаматтарға құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру Қазақстан заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салды.