Астанада қазіргі уақытта жалпы білім беретін 171 мектеп бар, оның 101-і – мемлекеттік, 63-і – жекеменшік, жетеуі – республикалық маңызы бар мектеп. Мектеп жасындағы балалар санының өсуіне байланысты оқушы орындарына деген қажеттілік артып келеді. Бұл мәселені шешу үшін елордада жаңа оқу орындары салынып жатыр. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазір елорда мектептерінде 261 мыңға жуық оқушы білім алып жүр. Биыл бірінші сыныпқа 28 556 бала барды.
"Оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу үшін төрт жыл ішінде елордада 39 мектеп салынды. Оқу орындарының құрылысы қаланың барлық ауданында жүргізіліп жатыр. Аталған оқу орындары 82 200 мың оқушы орнын (екі ауысымды) құруға мүмкіндік берді. Қосымша оқушы орындарын ашу үшін биылғы оқу жылында 16 600 орындық қосымша 11 мектеп салынады, оның төртеуі ашылды, ал жеті мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі", – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен елорданың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
2024 жылы 12 600 оқушыға арналған екі ауысымды 10 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Осы жұмыс аясында 2024-2025 жылдары 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынады.
Оқи отырыңыз: Қызылордада оқушылар бұрынғы түрме ғимаратында оқып жатыр. Жаңа мектеп салынуы тиіс жерлер кәсіпкерлердің меншігінде.
2025 жылы 57 168 орынға арналған екі ауысымда 20 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.
"Қала әкімдігі 2024-2026 жылдарға арналған мектеп құрылысын іске асыру жоспарын қосымша қалыптастырды, 20 жер учаскесі бекітілді. 2023-2026 жылдар аралығында барлығы 177 200 оқушыға арналған 65 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қабылданған шаралар мектептердің шамадан тыс жүктемесін шешіп қана қоймай, болашақта орын тапшылығы мәселесін толығымен жояды", – деді ол.
Оқи отырыңыз: "Жайлы мектеп" жобасы: жоспардағы 33 мектеп салынбайтын болды.