Тікелей эфир

Қызылордада оқушылар бұрынғы түрме ғимаратында оқып жатыр. Жаңа мектеп салынуы тиіс жерлер кәсіпкерлердің меншігінде

"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысында барлығы 21 мектеп салу жоспарланған.

Қызылорда қаласында мыңға жуық оқушы бірнеше жылдан бері бұрынғы түрменің ғимаратында білім жатыр. Өйткені, "Жайлы мектеп" жобасы аясында мектеп салынады деген жердің біраз бөлігі кәсіпкерлердің жеке меншігінде. Ата-аналар қаражат бөлінгеніне қарамастан, құрылысты бастамаған шенеуніктерге наразы, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Қызылорданың Ақмаржан шағын ауданындағы бұрынғы түрме ғимараты болған мектептің орнына екі айдан соң жаңа білім ордасының қабырғасы қалануы керек. Бұл үшін Samruk-Kazyna Constraction компаниясынан бөлінетін қомақты қаражат та дайын. Ата-аналардың айтуынша жаңа нысан тұрғызылуы керек 2,4 гектар жердің 4 мың шаршы метрі әлі күнге жеке азаматтардың еншісінде.

"Бас жоспар бойынша осы жерге мектеп салынады деп сызылады. Өйткені бұл мектеп емес, түрме. Неге мектеп салынады деп жоспарлап, жерді коммерциялық мақсатта сатып жібереді? Әкімдік "Сіздерге мектеп салуға қаражатымыз жоқ" десе, біз қаржы жинап берейік", – деді ата-ана Дәрігүл Жалбырова. 


Оқи отырыңыз: Бір оқушы үшін – 920 мың теңге. Мектеп не жатақхана салған кәсіпкер мемлекеттен қанша қаржы алады?


10 жылдан бері құр уәдеден шаршаған ата-аналар қор қаражатынан айырылып қалудан қорқады. 40 жыл бұрын түрме болған мектепте оқушының білім алуына жағдай жасалмаған. Ескі ғимараттың талапқа сай келмейтінін мектеп директоры да растап отыр.

"Балалар үшін тығыздау, оқу талабына сай келмейтін мектеп. Қазір бұл мектептің жарамсыздығы туралы құжат әзірленіп жатыр. Бір-екі күнде қорытындысын аламыз, кейін бұзылуы мүмкін", – деді Қызылорда қаласы №197 орта мектептің директоры Еркін Ақшалов. 

Ал жауапты басқармадағылар әлі күнге дейін кәсіпкерлермен екі жақты келісім жүргізіліп жатқанын айтады. 

"Ол жерге мектеп салынатыны анық. Қала әкімдігі мемлекет мұқтаждығына алу жөнінде қаулы шығарды. Барлық шектеу қойылды, жұмыс қатар жүре береді. Ал құрылыс тоқтатылмайды", – деді Қызылорда облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Дінмұхамед Сырлыбаев. 


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Мектеп салуға бөлінген қаражаттың талан-таражға салынуына жол бермеу қажет


Тұрғындар жаңасын сұрап жүргенде, ескі мектебімізден айырылып қаламыз деп те алаңдап отыр. Өйткені, қазіргі таңда мектептің ескі ғимаратына сот сараптамасы жасалап жатыр. Құжатта онда балаларға білім алу қауіпті екендігі нақтыланса, ол бұзылады.

Еске салайық, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысында барлығы 21 мектеп салу жоспарланған, оның 11-і ауылдық жерлерде бой көтереді. 2023 жылы 10 мектептің, ал 2024 жылы тағы 11 мектептің құрылысы басталады.

Серіктестер жаңалықтары