Тікелей эфир

"Жайлы мектеп" жобасы: жоспардағы 33 мектеп салынбайтын болды

Жоба аясында салынуы тиіс 401 мектептің орнына 368 мектеп бой көтереді.

Қазақстанда "Жайлы мектеп" жобасына бірқатар өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Үкімет қаулысының жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды.

Қаулы жобасына сәйкес, "Жайлы мектеп" жобасы аясында бой көтеруі тиіс болған 401 мектеп саны қысқарып, енді 368 мектеп салу жоспарланып отыр. Сәйкесінше, мектептердегі оқушы орны да қысқарады. Бастапқы жобада 842 мың оқушы орны қарастырылған болса, енді ол 104 мыңға қысқарып, 738,2 мың оқушы орнын құрайды.

"2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қор қаражаты есебінен 96,5 млрд теңге сомаға 78 мың оқушы орнына (екі ауысымда) 61 мектеп салу қаржыландырылды. Құрылған қор қаражаты есебінен мектеп құрылысын қаржыландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды ескере отырып, бюджет қаражатын ұтымды және тиімді пайдалану мақсатында Оқу-ағарту министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, апатты объектілерді жою, үш ауысымдық оқыту және орта білім беру ұйымдарында оқушы орындарының тапшылығы үшін өңірлер бөлінісінде жаңа оқушы орындарын енгізу бойынша қажеттілікке қайта талдау жүргізді", – делінген үкімет қаулысының түсіндірме жазбасында.


Оқи отырыңыз:


Аталған өзгерістерге сәйкес, "Жайлы мектеп" жобасын жүзеге асыруға жоспарланған бюджет те азаяды. Егер бастапқыда жобаға 2 606,6 млрд теңге бөлу жоспарланса, енді бюджет 61,8 млрд теңгеге азайып, 2 544,8 млрд теңге болады.

Қаулы жобасын жария талқылау мерзімі – 10 шілдеге дейін. 

Серіктестер жаңалықтары