Астанада Kids’ Athletics 2026 спорттық-білім беру шарасы ұйымдастырылып, бағдарламаның оқыту бөліміне 140-қа жуық дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, ал командалық жарыстарға 60 оқушы қатысты.
Семинарда бағдарламаның сертификатталған лекторы Дамир Абулев мұғалімдерге Kids’ Athletics әдістемесін таныстырып, практикалық шеберлік сабағында тәжірибесімен бөлісті. Педагогтер жүгіру, секіру, лақтыру және эстафеталық жаттығуларды балалардың жас ерекшеліктеріне сай ұйымдастыру тәсілдерін меңгерді. Бұл білімді мектептегі дене шынықтыру сабақтары мен спорттық іс-шараларда қолдануға болады. Ал оқушылар арасындағы командалық жарыстар бағдарламаның әдістемелік жалғасы болды. Ойын түріндегі тапсырмалар балалардың шапшаңдығын, ептілігін және өзара қолдау көрсете отырып, бірлесіп әрекет ету қабілетін дамытуға бағытталды.
Шараға Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы Келбет Нұрғазина, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуандық Ескермесұлы қатысты. Бағдарлама қорытынды марапаттау рәсімімен аяқталды.
Айта кетелік, Kids’ Athletics жобасы Қазақстанда биыл сәуірде басталып, мамырдың соңына дейін еліміздің алты өңірін қамтыды. Маңғыстау мен Атырау облыстарында, Орал, Шымкент және Таразда дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне арналған семинарлар, шеберлік сабақтары және балалар арасындағы жарыстар өткізілді.
Айта кетейік, Kids’ Athletics – балаларды жеңіл атлетикамен ойын және командалық жаттығулар арқылы таныстыратын халықаралық бағдарлама. Оның негізгі мақсаты — жеңіл атлетиканы кеңінен насихаттау, балалардың қимыл-қозғалыс дағдыларын дамыту және осы спорт түріне бейімі бар оқушыларды анықтау.
Жеңіл атлетика федерациясы мен Қазақ ұлттық спорт университеті меморандум жасасты
2028 және 2030 жылғы жеңіл атлетикадан жабық кешендегі әлем чемпионаты Одиша мен Астанада өтеді