Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Qazaq stroy құрылыс компаниясы жөнінде депутаттық сауал жолдаған еді. Депутат өзінің сауалында Qazaq stroy құрылыс компаниясын "Алматы қаласының эко-сейсмикалық ахуалының күрделене түсуіне өлшеусіз үлес қосып жатыр" деп айыптады. Ол Qazaq stroy компаниясы заңсыз қазып алынған құмды-қиыршықтас қоспасын көпқабатты үй құрылысына пайдаланғанын, құрылыс қалдықтарын жинақтайтын үлкен қоқыс алаңын рұқсатсыз ұйымдастырғанын алға тартты.
"Қала тұрғындары өз өміріне қауіптеніп, түрлі мемлекеттік органдарға, оның ішінде қалалық әкімдікке, прокуратураға, полицияға бірнеше рет арызданған. Бірақ еш нәтижеге жете алмаған. Республикалық деңгейде резонансқа айналған бұл заңбұзушылыққа жергілікті Экология департаменті ғана назар аударып, тексеру нәтижесінде 3,6 миллиард теңге көлемінде мемлекетке шығын келтірілгенін анықтаған", – дейді депутат.
Абзал Құспанның айтуынша, 2020 жылдан бері осы резонансты іс төңірегіндегі сот дауы әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр, сот процесі кезінде 560 мың АҚШ доллары көлемінде пара берілген.
"Оған қоса, табиғатқа зиян келтіру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі Алматы қаласының полиция департаменті 2020 жылдан бері екі рет қысқартып, істі барынша созуға тырысқан дейді", – ол.
Депутат осы мысалдарды алға тарта отырып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиден негізсіз созылып жатқан сот актілерін, 3,6 млрд теңгенің мемлекетке қайтарылу процесін, бюджет қаражатын талан-таражға салу, салықтан жалтару және тағы басқа мәселелер бойынша кешенді тексеру ұйымдастыруын сұраған болатын.
Оқи отырыңыз: 2024 жылды жастар қалай жаңа үйде қарсы ала алады? Ипотекалық бағдарламаларға шолу
Ал Qazaq stroy тарабы депутаттың сөзін жоққа шығарды. Компания өкілдерінің жауабына сәйкес, сот Qazaq stroy-ды тексерген мемлекеттік экологиялық инспектордың әрекеттері басынан-ақ айыптау сипатында болғанын анықтап, 2 рет заңсыз деп таныған.
"Депутат өз сауалында жалған ақпарат тарата отырып, Алматы қаласы экология департаментінің заңсыз іс-әрекеттерін бүркемелеп отыр. Сондай-ақ, ол жағдайды дұрыс түсінбей, Qazaq stroy компаниясы жалған банкроттық жариялауға тырысты" деп айыптады. Сонымен қатар, Абзал Құспан 3,6 миллиард теңге өндіріп алу туралы сөз қозғады. Алайда, компанияның тыйым салынған мүлкі 20 миллиард теңгеден астам сомаға бағаланады. Тиісінше, бұл жерде компанияның банкроттығы туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Ал 560 мың АҚШ доллары жеке тұлғаға заңды қызмет көрсету үшін біржолғы төлем емес, ұзақ мерзімге төленді", – дейді Qazaq stroy өкілдері.
Qazaq stroy құрылыс компаниясы депутаттың уәжін күмәнді деп санап отыр.