Алматы қаласында көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтауға бағытталған "Келімсек-2026" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды. Бес күнге созылған рейд барысында 1 176 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция мәліметінше, сот шешімімен 225 шетел азаматы Қазақстан аумағынан шығарылған. Олардың басым бөлігі елде болу тәртібін бұзған. Іс-шара кезінде мегаполисте көші-қон талаптарын сақтамаған 830 шетелдік азамат анықталды. Сонымен қатар шақырған азаматтарының Қазақстанда заңды түрде болуын қамтамасыз ету міндетін орындамаған 273 қабылдаушы тұлғаға қатысты әкімшілік шаралар қабылданған. Тексеру барысында шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзған 73 жұмыс беруші де жауапқа тартылды.
Полицияның хабарлауынша, рейд барысында мемлекетаралық іздеуде жүрген үш шетел азаматы анықталып, ұсталған.
"Сондай-ақ заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу жұмыстары аясында шетел азаматтарының Қазақстанға заңсыз келуін және ел аумағында болуын ұйымдастыру деректері бойынша үш қылмыстық іс қозғалды. Бұған қоса, сот шешімімен бұрын елден шығарылған 57 шетел азаматын өз мемлекеттеріне мәжбүрлі түрде қайтару шаралары жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.
Алматы қалалық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркін Амантаевтың айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстар құқық бұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмейді.
"Біздің негізгі мақсатымыз – көші-қон саласындағы заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету. Бұл қоғамдық қауіпсіздікке, тиімді бақылауға және заң талаптарының баршаға бірдей сақталуына тікелей қатысты. Біз заң бұзушылармен қатар олардың елімізде заңсыз болуына ықпал еткен тұлғаларды да жауапкершілікке тарту бағытында жұмыс жүргізіп келеміз", – деді ол.
Оның сөзінше, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу көші-қон қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Әрбір осындай дерек қоғамдық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатер ретінде қарастырылады.