Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы әуежайында ірі көлемдегі есірткі контрабандасының жолын кесті, деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, биыл 30 мамырда ҰҚК қызметкерлері полиция, кеден органдары және Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығымен бірлесіп жүргізген арнайы операция барысында есірткіні ел аумағына алып өту әрекетін тоқтатқан.
"Тексеру кезінде Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірінен келген шетелдік азаматтың жүгінен шамамен 21 келі марихуана табылған. Анықталған дерек бойынша тыйым салынған зат тәркіленіп, күдікті ұсталды. Қазір аталған факті бойынша полиция органдары сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр", – делінген хабарламада.
ҰҚК қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.