Тікелей эфир

Әлихан Смайылов: Жас кәсіпкерлерге әрқайсысы 1,2 млн теңге болатын 10 мың грант бөлінеді

10 ұлттық жоба аясында жыл сайын 100 мыңға жуық жас азамат өндіріс орнына жұмысқа орналасады.

Биыл "Алғашқы жұмыс орны" бағдарламасы аясында жұмыс берушілермен бірге мектеп түлектерін және ҰБТ тапсырмағандарды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Мұнымен қатар, жастардың кәсіпкерлік бастамасы үшін 10 мың грант бөлінеді, деп хабарлайды ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов. 

"2000 жылдан бастап 300-400 мың бала дүниеге келіп, ел демографиясы оңалды. Қазір олардың алғашқылары еңбекке жарамды жасқа жетіп, жұмыс күшінің 60 пайызын құрап отыр, ал 2030 жылы олардың үлесі 80 пайызға жетеді. Яғни жастар үшін жыл сайын 1 миллионға жуық жұмыс орындары ашылуы тиіс. Сондықтан қолға алып отырған жаңа жұмыспен қамту саясаты еңбекке қабілетті азаматтарды табысты жұмыспен қамту үшін бастапқы тең жағдайлар жасауға бағытталып отыр", – деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-министрдің айтуынша, 10 ұлттық жоба аясында жыл сайын 100 мыңға жуық жас азамат өндіріс орнына жұмысқа орналасады. Бүгінде ұлттық жобалар шеңберінде іске асырылатын 3 302 инвестициялық және инфрақұрылымдық жоба электронды еңбек биржасына орналастырылған. Ашылатын жұмыс орындары барша қазақстандық үшін қолжетімді. 


Оқи отырыңыз: Алматыда жатақхана салған кәсіпкерлер әр орын үшін мемлекеттен 144 АЕК алады 


"Ауыл жастары тұрғылықты жерлерінде жаппай жұмысқа тартылады. Жамбыл облысында пилотты түрде жүргізілген ауыл шаруашылығы кооперациясын жаппай құру нәтижелерін басқа өңірлерге оңтайландыру басталды. Бұл жобаның аясында ауыл азаматтары үшін жеңілдетілген несиелер беру, жаппай жұмыс орындарын ашу және табысын көтеру мәселелері қарастырылып отыр. "Диломмен ауылға" және "Жастар практикасы" бағдарламаларын қайта қарау арқылы жастарды жергілікті жерлердегі кадр тапшылығын шешуге тартатын боламыз. Мұнда өңірлерге жұмысқа тартылған жастарға тек еңбекақы емес, сонымен бірге жастар практикасы аясында үстемақы және дифферециаланған әлеуметтік пакет қарастырылып отыр", – деп қосты премьер-министр. 

Мұнымен қатар, ол жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін гранттар бөлу мәселесі пысықталып жатқанын айтты. Биыл әрқайсысының сомасы 1,2 млн теңге болатын 10 мың грант бөлінеді. 

"Алғашқы жұмыс орны" бағдарламасы аясында жұмыс берушілермен бірге мектеп түлектерін және ҰБТ тапсырмағандарды жұмыспен қамту көзделеді. Қаралып отырған шаралар жастарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру проблемаларын шешуге ықпал ететін болады", – деп сендірді Әлихан Смайылов. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанның жас журналистер мектебіне 20 шағын грант бөлінеді


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары