
Еркін күрестен әлем чемпионы және үш дүркін Азия чемпионы Нұрқожа Қайпанов неліктен Петропавлдан Алматыға ауысқанын түсіндірді. Бұл туралы ол журналист Ақырыс Сейтқазының YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.
"Бұл шешімді мен отбасыммен және алғашқы бапкерім Аян ағаймен ақылдасып барып қабылдадым. Алматыға ауысуымның басты себебі – отбасым осында тұрады. Петропавлда бапкерім Аян ағайдан басқа ешкімім жоқ. Жаттығуым да Алматыда өтеді, әрі-бері жүру, ұшып барып-келуге де Алматы ыңғайлы. Оның үстіне, болашақта пәтер берілсе де, Алматыдан берілсе екен деймін", – деп жауап берді Нұрқожа Қайпанов.
Оның айтуынша, өзін Алматыға ешкім алдап не мәжбүрлеп әкелмеген.
"Тіпті, Алматыға ауысу туралы ұсыныс айтқан да өзім. Сол кезде федерация басшысы Омар Әлиев: "Нұрқожа, мен саған Петропавлдағы сияқты 2-3 млн теңге жалақы бере алмаймын. Мұнда балуан көп, жылы орныңды суытпа", – деді. Алайда, бұл – менің өз шешімім", – деді Нұрқожа Қайпанов.
Айта кетейік, балуан 74 келі салмақта Азия чемпионы атанып, құрлық біріншілігіндегі алтындар санын үшке жеткізді.
Оқи отырыңыз: Қазақстандық балуандар неге Алматыда жаттыққанды қалайды