
Қазақстанда күрестің дамуына негізгі үлесті Алматы қаласы қосып отыр. Мұнда 2 мыңнан астам балуан бар. Оған қоса, жақсы жабдықталған залдар мен спарринг жасайтын әріптестер де жеткілікті. Халықаралық жарыстарға бару жағынан да қолайлы. Дегенмен, олардың бәріне қолдау көрсету қиындық тудырады. Өйткені, Алматы күрес федерациясы демеушілердің қаржысына жұмыс істейді. Бұл туралы Алматы күрес федерациясының басшысы Омар Әлиев Sportbugin.kz порталына берген сұхбатында айтты.
Сұхбат барысында ол еркін күрестен U-20 балуандары арасында командалық есепте топ жарған спортшылардың көрсеткішіне де баға берді.
"Қазір менің алдымда үлкен мақсат тұр. Бұл – күрес түрлері бойынша қазақтан Олимпиада чемпионын шығару. Соған үлес қосу. Әлеуеті бар, көзінде оты бар бала шықса, соны демеп жіберу. Еркін күрестен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында біздің команда топ жарды. Бұл қуанта ма? Әрине, қуантады. Грек-рим күресінен аса ауыр салмақта белдескен балуанымыз күміс медаль алды. Ол осыдан бір жарым ай бұрын кафеде даяшы боп жұмыс істеп жүрген. Бұрын күреспен айналысып, тастап кетіпті. Біздің бапкерлер оның талантын тап басып танып, залға алып келді. Нәтиже жаман емес. Финалда ол 7:0 есебімен алда келе жатқан. Тәжірибенің аздығынан ұтылып қалды. Ауыр салмақтағы балуандардың кілемдегі ғұмыры ұзақтау ғой. Оны әлі де шыңдаймыз", – деді Омар Әлиев.
Оқи отырыңыз: Алматыда күреспен айналысатын қыздар жүзге жетпейді – Қалалық күрес федерациясы
Оның айтуынша, қазір бұл балуандар бас құрамаға қабылдану үшін де еңбектенеді. Оларды енді Азия, әлем деңгейіндегі жарыстар күтіп тұр.
"Балуандардың алаңсыз жаттығуына қолымнан келгенше жағдай жасаудамын, әрі қарай да жасай беремін. Мәселен, біз елу балуанға арналған жатақхана аштық. Мұнда бар жағдай жасалған. Спортшылардың тамақтануына дейін бақылап отырамыз. Табиғи, дәруменге бай тамақ беруді басты орынға қойдық. Егер сенбесеңіз, өзіңіз келіп, дәмін татсаңыз болады (күлді). Спортшылар үшін тәртіп аса маңызды. Балуандарды жатақханаға шоғырландыру арқылы олардың аяқ алысып, ұйқысын, жаман әдеттен аулақ болуын да қадағалаймыз. Кәсіби спортшыға мұның бәрі керек! Арасында қазақтан шыққан танымал балуандарды қонаққа шақырып, олармен әңгіме-дүкен құрамыз. Алмат Кебіспаев, Асхат Ділмұхамедов, Расул Қалиев сынды даңқты спортшыларымыз өз тәжірибесімен бөлісіп тұрады", – деді Алматы күрес федерациясының басшысы.
Сұхбаттың толық нұсқасын осы жерден оқуға болады.