Ішкі істер министрлігі Информбюроның сауалына орай, Juzzefina нигімен танымал блогер Жұлдыз Жауынбаеваға қатысты жауап берді.
Айта кетейік, блогер әлеуметтік желіде өз әкесін "мені сегіз жыл бойы зорлап келді" деп айыптаған болатын. Алайда, полицияның тексеруі кезінде бұл айыптың жала екені анықталған.
"Қостанай облысы полициясының қызметкерлері тексеру жүргізіп, туыстарынан жауап алып, жарияланған материалдарды зерделеді. Қыздың ата-анасының айтуынша, бейнематериалдарда айтылған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді. Сондай-ақ олар қыздарымен ұзақ уақыттан бері араласпайтынын айтты. Тараптардың барлық уәждері жан-жақты тексеріледі. Блогердің ата-анасының арызы негізінде жалған ақпарат тарату дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды", – делінген Ішкі істер министрлігінің жауабында.
Блогердің әлеуметтік желіде анайы және дөрекі сөздерді қолдана отырып сөйлеуіне байланысты оның үстінен ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік іс қозғалған.
Еске салайық, блогер Жұлдыз Жауынбаева бұған дейін де әлеуметтік желіде анайы сөйлегені үшін әкімшілік жауапқа тартылған болатын.

