Байқоңыр қаласының тұрғыны әкесінен 21 жасқа толғанға дейін алимент төлеуді талап етіп, сотқа жүгінген. Іс барысында тараптар өзара келісімге келген, деп хабарлайды Қызылорда облыстық соты.
"Талап қоюшы арызында қазіргі уақытта күндізгі бөлімде білім алып жатқанын және материалдық көмекке мұқтаж екенін көрсеткен. Оның айтуынша, әкесімен алимент төлеу туралы келісім болмаған. Осыған байланысты ол 21 жасқа толғанға дейін ай сайын 25 АЕК мөлшерінде алимент өндіруді сұраған. 2026 жылы бұл сома 108 125 теңгеге тең", – делінген хабарламада.
Сот отырысында тараптарға дауды татуластыру рәсімдері арқылы шешу мүмкіндігі түсіндірілген. Нәтижесінде әкесі мен қызы дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеуге келіскен.
Келісім шарттарына сәйкес, әкесі қызы 21 жасқа толғанға дейін белгіленген мөлшерде ай сайын алимент төлеп тұруға міндеттенді. Сот ұйғарымымен тараптардың дауды реттеу туралы келісімі бекітіліп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.