Қостанай облысында алимент төлеуден ұзақ уақыт жалтарған екі борышкердің мүлкіне өндіріп алу қолданылды. Олардың балалар алдындағы жалпы қарызы 7 млн теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды Қостанай облысының прокуратурасы.
Бір борышкердің қарызы 3,6 млн теңгеден асқан
Қадағалау жұмыстары барысында аудан тұрғындарының бірі кәмелетке толмаған баласына алимент төлеуден ұзақ уақыт бойы жалтарып келгені анықталған. Оның берешегі 3,6 млн теңгеден асқан. Баланың құқықтарын қалпына келтіру мақсатында прокуратура атқарушылық іс жүргізу аясында тиісті шаралар қабылдаған.
Нәтижесінде 2026 жылғы 6 мамырда Қарабалық аудандық соты Қарабалық кентіндегі борышкердің тұрғын үйіне өндіріп алу қолдану туралы ұйғарым шығарған.
Екінші борышкердің пәтердегі үлесі өндіріп алушыға беріледі
Тағы бір жағдайда борышкер 2019 жылдан бері баласын асырау жөніндегі міндетін орындамаған. Оның алимент бойынша қарызы 3,4 млн теңгеге жеткен.
Прокуратураның бастамасымен борышкердің жылжымайтын мүлкіндегі 1/2 үлесіне өндіріп алу қолданылған. Қазір берешекті өтеу есебінен пәтердегі үлесті өндіріп алушыға беру рәсімі жүргізіліп жатыр.