Тікелей эфир

Үйде емделушілерге дәрі-дәрмек тегін беріледі. Ол үшін коронавируске күдік болса, емханаға тіркелу қажет

Іnformburo.kz суреті
Іnformburo.kz суреті
Шілде айының басынан бастап ауруханадағы орындар 60 пайызға босаған

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов елімізде коронавирус жұқтыру өсімі тоқтағанын хабарлады. Оның айтуынша, дер кезінде қабылданған карантин шаралары эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға септік еткен.

Ресми статистика бойынша, 13 наурыздан бастап Қазақстанда:

  • 99 442 адам коронавирус жұқтырған;
  • 72 523 адам жазылып шықты;
  • 4 713 адам стационарларда ем қабылдауда;
  • 20 937 адам амбулаторлық жағдайда емделуде;
  • 246 науқастың денсаулығы нашар;
  • 69 науқас өте ауыр халде;
  • 70 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Өткен тәулікте:
  • 741 адам Covid-19 жұқтырды;
  • 23 адам індеттен қайтыс болды.

Кавасаки қаупі

Пандемия басталғалы қауіпті кеселді 2 257 бала жұқтырған, олардың 114-і қазір ауруханада емделіп жатыр. Сырқаттанған сәбилердің үшеуі Кавасаки синдромына шалдыққан.

"Кавасаки синдромы – орта және кіші артериялардың зақымдануымен сипатталатын жедел жүйелі ауру. Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан, Алматы және Петропавл қалаларында 3 жағдай тіркелді. Баларадың әрқайсының жағдайы әртүрлі", деді Бағдат Қожахметов.

Оқи отырыңыз: Коронавирустың күзгі толқынына дайындық. Дәрі тапшылығы тағы қайталана ма?

Босаңсуға негіз жоқ

Шілде айының басынан бастап ауруханадағы орындар 60 пайызға босаған. Оның ішінде жансақтау бөліміндегі орындар 58 пайызға дейін бос. Шілде айында 30 мыңға жуық қоңырау түскен жедел жәрдемдегі шақыртулар да тиылған. Әсіресе коронавирус індеті бойынша жәрдемге жүгінгендер 68 пайызға төмендепті. Ал қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде жазылып шыққан науқастардың саны 73 пайызға өсті.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, 1 тамыздан бастап коронавирустық инфекция және онымен белгілері ұқсас пневмония деректерін статистика қатарына қостық. Осыдан кейін еліміз індеттің таралу көрсеткіші бойынша әлемдік рейтингте бір сатыға ғана көтерілді. Бұған дейін біз 27-орында болсақ, қазір 26-орынға тұрақтадық", – деді Бағдат Қожахметов.

Дегенмен, босаңсуға негіз жоқ. Бағдат Қожахметов індеттің екінші толқыны болуы мүмкін екенін тағы да еске салып, министрліктің оған материалды және адами ресурстарды толығымен қамдап, тас-түйін дайын отырғанын алға тартты. Өйткені, күзде тұмау мен ЖРВИ ауруларының маусымдық өсуі аясында коронавирустың да өршуі мүмкін. Мәлімет бойынша, қазан-наурыз айларының аралығында Қазақстанда орта есеппен 600 мыңнан миллион адамға дейін тұмау мен ЖРВИ жұқтырады екен.

"Коронавируспен және аталған вирусқа ұқсас белгілері бар пневмониямен сырқаттанған науқастар үшін алдын ала бір айлық қорға есептелген препараттар сатып алынды. Қазіргі уақытта осы жұмысқа жауапты бірыңғай дистрибьютор жалпы құны 8,7 млрд теңге болатын 91 түрлі дәрі-дәрмекті өңірлерге жөнелтті. Бұл орташа есеппен 40 мың науқасты қамтуға жетеді. 15 тамыздан бастап, тағы да екі айға жетерлік қор дайындалуда, ол стационардағы 200 мың науқасты емдеуге жететін дәрінің 50 түрі", – деді ол.

Оқи отырыңыз: Пандемия басталғалы 33 қазақстандық тұрмыстық жанжал барысында көз жұмған

Үйде емделушілерге дәрі-дәрмек тегін беріледі

Министрлік өкілінің айтуынша, Соvid-19 инфекциясын жұқтырып, бірақ үйде емделіп жатқандарға дәрі-дәрмек емханалардан тегін беріледі. Амбулаторлық жағдайда ем алу үшін 1 миллион науқасқа жеткілікті дәрі-дәрмектің 5 түрін сатып алу үрдісі аяқталуда.

"Мұндай ауқымды шаралар алғаш рет қабылданып отыр. Сырқаттанып, вирус жұқтырдым деп күдіктенсеңіз, тіркелген емханаңызға барып қаралсаңыз болады. Егер вирус жұқтырғаныңыз анықталса, бұрынғыдай дәріхана жағалап жүрмеңіздер. Барлық емханаларда қажетті дәрілер бар және ақысыз беріледі. Ол ауруды асқындырмай, алдын алуға қажетті парацетамол, ибупрофен және басқа препарттар аптаның соңына дейін еліміздегі барлық емханаларға жеткізіледі. Аймақтарға жөнелтумен қазіргі таңда "СК-Фармация" ЖШС айналысып жатыр", – деді Бағдат Қожахметов.

Бағдат Қожахметовтың айтуынша, Қазақстанда түрлі аурудан өлім-жітім көрсеткіші былтырмен салыстырғанда төмен. Бала туу көрсеткішінің өсімі байқалып, сәби өлімі 13-тен 3%-ға төмендеген. Сондай-ақ, елімізде туберкулезден болатын өлім 20%-ға дейін азайған.

Серіктестер жаңалықтары