Тікелей эфир

Кавасаки синдромы. Белгілері қандай және ол бала денсаулығына қаншалықты қауіпті?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Жыл басынан бері Қазақстанда үш балада Кавасаки синдромы анықталған.

Мамыр айында ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус бүкіл дәрігерлерді балалар шалдыға бастаған коронавируспен байланысты синдром туралы мәлімет жинап, бақылауда ұстауға шақырды. Еуропа мен Солтүстік Америкада мультижүйелі қабыну жағдайымен ауруханаға түскен балалар дертінің кейбір белгілері Кавасаки синдромымен сәйкес келуі және коронавирустың қатысы болуы мүмкін екені хабарланды.

Ұлыбритания ғалымдарының сөзінше, Кавасаки ауруына ұқсас мультжүйелі қабыну синдромы бес жасқа дейінгі балаларда ғана емес, 16 жасқа дейінгі жеткіншектерде анықталған және кейбір жағдайда қатты асқынуға ұласқан.

Қазақстанда үш баладан Кавасаки синдромы анықталған

Сирек кездесетін дерт сөз бола бастағанда Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері Динагүл Баешова балаларда Covid-19 сирек кездесетін синдромға ұласуы мүмкін екенін айтты. Балалар коронавирусты жеңіл өткеретіндіктен және иммунитет тез қалыптасу үшін олардың вирус жұқтырғаны жөн деген пікірлер айтылды. Динагүл Баешованың сөзінше, инфекция жұқтырған бала вирус таратушыға айналады. Шетелдік ғалымдардың "балаларда коронавирус салдарынан сирек кездесетін Кавасаки синдромы пайда болуы мүмкін" деген мәлімдемесіне сүйенген дәрігер вирусты балаларға әдейілеп жұқтырудың өте қауіпті екенін айтты.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың үштен бірі Covid-19 ресми статистикасына сенбейді

2020 жылы ақпанда Петропавлда үш жасқа толмаған бүлдіршінге Кавасаки синдромы диагнозы қойылған. Тамызда Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында да осы дертке шалдыққан балалар барын мәлімдеді.

Ақтөбеде дәрігерлер екі баладан Кавасаки ауруының белгілеріне ұқсас қабыну синдромын анықтаған. ДСМ ресми өкілі жыл басынан бері 11 балаға Кавасаки синдромы және соған ұқсас көпжүйелі қабыну синдромы диагнозы қойылғанын мәлімдеді. 11 баланың үшеуі Нұр-Сұлтан қаласында емделіп жазылып шыққан. Қалғандары Ақтөбе, Қарағанды, Алматыда емделіп жатыр. Екі бала бес жасқа толмаған, ал 9 бала бес пен 17 жас аралығында.

"Әлемнің көптеген елінде коронавирустың жеңіл немесе симптомсыз түрімен ауырған балаларда 14 күннен 1 ай арасында жаңа Кавасаки синдромымен ұқсас мультижүйелі қабыну синдромы тіркеліп жатыр. Қазақстанда үш балаға ғана Кавасаки синдромы диагнозы қойылған. Клиникалық белгілері бойынша сирек кездесетін дертпен бес жасқа толмаған балалар ауырады", – деді Бағдат Қожахметов.

Кавасаки синдромының белгілері

Кавасаки синдромы 1967 жылы осы сирек кездесетін ауру белгілерін тапқан жапон дәрігердің есімімен аталған. Алайда аурудың шығу тегі, жұғу жолы әлі күнге дейін беймәлім. Ғалымдардың бірі мұны жұқпалы ауру десе де, оған жауапты миркоағза табылмады. Енді бірі мұны анықталмаған токсинге деген иммунитет жауабы деп топшылайды.

Синдром алты айдан бес жасқа дейінгі балаларда кездеседі. Ол дене қызуы, қызыл бөртпе және алақан мен аяқтың қызаруы, тілдің қызаруы, кейде терінің қабыршақтануы, мойын лимфа түйіндерінің ұлғаюы белгілерімен басталады. Содан кейін науқастарда жүрекке қан апаратын күретамырлар мен басқа да қан тамырлары зақымданып, қан тамырларының кеңеюі мен жарылуы ішке қан кетуге және жүрек талмасына әкеп соқтырады. Уақытында емделмесе Кавасаки синдромынан өлім-жітім үлесі 1%-ға жетеді.

Оқи отырыңыз: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер. Маңызды 13 сұраққа жауап

Кавасаки синдромын өткергендер балалар кардиологының бақылауында болуы керек. Балаларды диспансерлік бақылаудың ұзақтығы нақтыланбаса да, мамандар қан тамырлары қатты кеңейген және орта мөлшердегі аневризм қайтуынан кейін науқастар өмір бойы бақылауда болуы керек екенін айтады. Жүрекке қан апаратын тамырлардың кеңеюі жойылғанша әр алты ай сайын эхокардиография жасату керек.

Кавасакиге ұқсас мультижүйелі қабыну синдромы

Мультижүйелі қабыну синдромы коронавирус өткерген соң екі-үш аптадан кейін дамиды. Баланың дене қызуы 38 градустан көтеріліп, бірнеше күнге созылады. Дене қызуымен қоса балада жөтел, ентігу пайда болады. Аурудың Кавасаки синдромына ұқсас белгілері – қол-аяғы мен денесінде бөртпелер, тіл мен еріннің қызаруы, алақандары мен аяқтарының ісінуі, іштің қатты ауыруы, құсу және іш өту. Ауру кезінде конъюнктивит пайда болып, лимфа түйіндері үлкеюі мүмкін.

Дәрігер-педиатр Дмитрий Киреев балада кез келген ауру белгісі байқалғанда ата-аналардан дүрлікпеуді, инфекциялық стационарға жатқызуды талап етпеуді сұрайды. Оның сөзінше, бала өзі тамақтанып, дәретханаға бара алса, тұншығу белгісі болмаса жөтел мен дене қызуы көтерілгенде бірден жұқпалы ауруханаға әкелудің қажеті жоқ. Бөртпе, конъюктивит, тамырлардың қабынуы секілді Кавасакиге ұқсас синдром белгілері пайда болғанда дүрлікпей баланы дәрігерге апару керек.

"Адамдар дүрлігіп ЖРВИ белгісі бар немесе коронавирустың жеңіл формасындағы баланы қауіпті ауруларға толы инфекциялық стационарға жатқызып жатады. Кавасаки синдромы әліге дейін толық зерттелмеген. Пайда болу жолы белгісіз. Тамырдардың қабынатынын, бес жасқа дейінгі балалар ауыратынын білеміз. Коронавируспен бірге 16 жасқа дейінгі балалардан синдром белгілерін көріп отырмыз. Кавасакиге ұқсас синдром осыған дейін де болды. Бірақ ол туралы ешкім естімеді. Маусымдық тұмау мен ЖРВИ де асқынып, Кавасакиге ұқсас мультижүйелі қабыну синдромына әкелуі мүмкін", – дейді дәрігер.

Қазақстанның бас педиатры Риза Боранбаева баладан синдром белгілері анықталса учаскелік дәрігерге не педиатрға жүгіну қажет екенін айтады. Мұндай синдром бар балалар міндетті түрде ауруханаға жатқызылады.

"Синдром белгілері коронавирус жұқтырғаннан кейін екі-үш апта өткен соң пайда болатындықтан балалар инфекциялық ауруханаға емес, балалар ауруханасына түседі. Өйткені ол уақытта бала коронавирустан жазылып шығады. Балалар ауруханасында толыққанды диагностика мен зерттеулер жасалады", – деді бас педиатр.

Зерттеулерге биохимиялық қан талдауы, гемостазды бақылау, коагулограмма, эхокардиограмма, электрокардиография, ультрадыбыстық зерттеу, кеуде рентгені немесе компьютерлік томография кіруі мүмкін. Себебі мұндай балаларда тыныс алу жеткіліксіздігінің белгілері және пневмонияның асқынуы болуы ықтимал. Дәрігердің сөзінше, жыл сайын Қазақстанда көп дегенде бес баладан Кавасаки синдромы анықталады.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан кейінгі оңалу. Ағзаны сауықтыруға арналған 5 пайдалы кеңес

Кавасаки синдромына ұқсас мултижүйелі қабыну синдромының алдын алудың бір ғана жолы – баланы коронавирустан сақтау: қоғамдық орындарда маска тағу, қолды жиі сабындап жуу, бөлмені жиі желдетіп тұру, дұрыс әрі уақытылы тамақтану, баланың өзгелермен байланысқа түспеуін қадағалау.

Дәрігерлер жұмбақ синдромнан үрейленбеуге шақырады. Ауруды асқындырып алмау үшін ауру белгілері байқалғанда балаға әртүрлі дәрілер мен вирусқа қарсы препараттарды ішкізе бермей, дереу дәрігерге қарату керек.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары