Тікелей эфир

Мәуліт тағы да қазақ тілінде жырланды. Онлайн мәуліттің ерекшелігі не?

Суретті ҚМДБ баспасөз қызметі ұсынды
Суретті ҚМДБ баспасөз қызметі ұсынды
Алматыда "Адамзаттың асылы – Мұстафа" атты рухани онлайн Мәуліт кеші өтті.

Мәуліт кеші Ерсін қари Әміренің Құран оқуымен басталса, бұдан кейін белгілі ақын, сазгер Жәкен Омаров екі жылдан бері эксклюзив деп танылған қазақша мәуліттің үшінші бөлімін жырлады.

Сазгер 2018 жылы орындап бастаған қазақша мәуліт жырында Мұхаммед пайғамбардың дүниеге келуі мен қырық жасқа (пайғамбарлыққа) дейінгі өмірін баяндаған еді. Былтырғы Мәуліт жыры алғашқы уахидың келуінен бастап Меккеде діннің жайылуы, сахабалардың Ислам дініне кіруі, Миғраж сапары, соңында мүшріктерден қысым көргені және Мәдинаға қоныс аударуымен аяқталған. Ал биылғы Мәуліт жырында Жәкен Омаров пайғамбардың Мәдина қаласына келуінен бастап Бәдір шайқасына дейінгі кезеңді жырлады.

Алматыдағы Мәуліт кеші барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы онлайн құттықтау жолдап, барша қазақстандықтар мен мұсылман жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтады.

Онлайн Мәуліт кешінде Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры арнайы әзірлеген ғибратты қойылым ел назарына ұсынылды. Қойылымда бізден бұрын өмір сүрген ізгілердің пайғамбардың ақ жолын қалай ұстанғаны және дін деген ұлы аманатты келер ұрпаққа қалай жеткізгені туралы сауалдарға хикметпен жауап беріледі.

Оқи отырыңыз: Құран оқу, пітір беру, салауат айту, отбасыға көңіл бөлу. Оразада орындайтын 10 амал

Одан бөлек онлайн Мәуліт кешінің атауымен жаңа кітап жарық көрді. ҚМДБ-ға қарасты "Имам Матуриди" ғылыми-зерттеу орталығының әзірлеген бұл еңбек – ғұлама Хафиз Мұғалтай ибн Қылыш Ханафидің "Адамзаттың асылы – Мұстафа" атты кітабының аудармасы. Кітапты өңдеп, ғылыми сілтемелер берген Мұхаммед Низамуддин Футаийх. MUFTYAT баспасынан шыққан еңбекте Мұхаммед пайғамбардың ғибратты ғұмыры мен тәлімгерлік тағылымы баяндалған. Кітап рухани кемелдікті іздеген барша оқырман қауымға арналған. Құнды еңбектің жалпы редакциясын басқарған – Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай, Нұр-Мүбәрак университетінің ұстазы, белгілі ғалым Бауыржан Әлиұлы және Алматы қаласы "Төле би" мешітінің бас имамы Ерсін Әміре. Еңбекті қазақ тіліне аударған – исламтанушы Ержан Досқалиұлы.


"Адамзаттың асылы – Мұстафа" кітабы

"Адамзаттың асылы – Мұстафа" кітабы / Суретті ҚМДБ баспасөз қызметі ұсынды


Кітап Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитеті тарапынан жүргізілген дінтану сараптамасының және ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі тарапынан жүргізілген сараптаманың оң қорытындысын алған.

Серіктестер жаңалықтары