Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі концепциясы қабылданады
Біздің министрлік тарапынан өте маңызды стратегиялық құжаттың жобасы енгізіліп отыр. Ол – Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі концепциясы. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік аппараттың қызмет көрсету сапасын арттыру мен азаматтық қоғамның шешім қабылдау үрдістеріне қатысу белсенділігін арттыру үшін қажет.Қазірге дейін біраз шаруа атқарылды. Мәселен, министрлік басшылығының азаматтарды тұрақты түрде қабылдауы мен олардың өтініш-тілектерін бақылау ісі бір жүйеге келтірілген. Министрдің жеке блогы да үздіксіз жұмыс істейді", – деді Аида Балаева.
Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін ажырасып жатқандар көп
"Назар аударатын бір мәселе, кейінгі кезде ажырасқан жұптардың ішінде атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында әдейі ажырасқан отбасылар саны көбейген. Қазір қоғамда болып жатқан кез келген өзгеріс отбасы институтына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан, мемлекет алдындағы негізгі маңызды әлеуметтік міндеттің бірі – отбасын, ана мен баланы қорғау", – деді министр.
Балаеваның айтуынша, отбасын қорғауға қатысты негізгі бағыттар отбасылық және гендерлік саясатты дамытудың 2030 жылға дейін концепциясында көрсетілген. Биыл осы концепцияның екінші кезеңін жүзеге асыру жұмыстары басталған. Онда отбасы институтын, репродуктивті денсаулықты нығайтуға және тұрмыстық зорлықтың алдын алуға бағытталған шаралар тізбегі бар.
Оқи отырыңыз: Covid-19 эпидемиясы кезіндегі жүктілік. Ана мен бала денсаулығын қалай сақтауға болады?
Пандемия кесірінен қазақстандық БАҚ-тың табысы азайған
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева коронавирус пандемиясының әсерінен БАҚ өкілдерінің экономикалық қиындықтарға тап болып отырғанын айтты. Министрдің мәліметінше, жыл басынан бері БАҚ саласының жарнамадан түсетін табысы орта есеппен 30-60 пайызға дейін төмендеген.
Оқи отырыңыз: Той жасауға мораторий. Халықты қарыздан құтқара ма, әлде ұлт дәстүрлерін ұмыттыра ма?"ҚР Парламенті дағдарысқа қарсы шаралар аясында Заңға түзетулер енгізді. 1 сәуірден 1 қазанға дейін экономиканың көп зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнес субъектілері салықтан және еңбекақы төлеу қорынан алынатын әлеуметтік төлемдерден (жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті медициналық сақтандыру және әлеуметтік аударымдар) босатылады. Сонымен қатар, коммерциялық теле-, радиоарналардың 2020 жылдың 1 шілдесі мен 31 желтоқсан аралығында аналогтық және эфирлік цифрлық хабар тарату қызметтері үшін ақы төлеуден босатылуын қарастыратын Заң жобасы қабылданды", – деді Аида Балаева.
Аноним Telegram-арналар жазалана ма?
Министр кейінгі кездері әртүрлі тексерілмеген ақпарат тарататып жүрген аноним Telegram-арналар туралы пікір білдірді:
"Қазір мұндай арналар көбейіп кетті. Алайда, мен жаппай тыйым салу шараларын жақтай бермеймін. Әсіресе, маған және менің әріптестеріме қатысты айтылып жатқан сынға тыйым салу керек деп санамаймын. Бірақ, Telegram-арналарындағы таратылатын мәтіндер деструктивті ақпаратқа немесе ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін болса, мемлекет заңға сәйкес қатаң шараларды қабылдайды".
Cондай-ақ, есеп беру шарасында министр көпшілікке ыңғайлы болуы үшін мемлекеттік бағдарламалардың ортақ порталы іске қосылатынын хабарлады.
"Қазір біз жалпы жұртшылыққа ыңғайлы болуы үшін мемлекеттік бағдарламалардың ортақ порталын жасап, іске қосудамыз. Бұл жерде Үкімет пен жергілікті органдар жүзеге асырып жатқан барлық бағдарламалармен танысуға болады. Барлық ақпарат түсінікті әрі қолжетімді болады. Ол да болса ел-жұрттың мемлекет пен қоғамның маңызды мәселелеріне тікелей араласып, түбінде азаматтық қоғамның өркениетті де өскен ортасын қалыптастыруға қосылған үлкен үлес деп білемін", – дейді Аида Балаева.