Тікелей эфир

"Билік цензурасы жойылмай, қазақ телевизиясы алға баспайды". Сараптама

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Қазақстандық журналистикада екі күрмеулі проблема бар. Олар – цензура мен мемлекеттік тапсырыс.

Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді.

"Еспанов пен Заттыбектерден ақыл сұрайтын журналистика келді"

Азаттық радиосының тв-продюсері Қасым Аманжолдың айтуынша, Қазақстан телевизиясында жаңалықты жылдам беруде ғана бәсеке бар. Бірақ, саяси сараптама, деректі фильмдер жоқтың қасы. Отбасылық ток-шоулардың деңгейі өте төмен. Бір сөзбен айтқанда, телеарналар беріп жатқан дүниелердің сапасы нашар.

"Қазақ телеарналары ұсынатын контент маған ұнамайды. Сондықтан, жаңалықтарды және кәсіби тұрғыдағы кейбір бағдарламаларды ғана таңдап, ғаламтордағы нұсқасы арқылы қарап, бақылап отырамын. Шыны керек, журналистиканы біз өзіміз әбден бұздық. Телеарна басқарған адамдар қалай жұмыс істеді? Олар әншілерге өте көп мүмкіндік беріп, Еспанов пен Заттыбектерден ақыл сұрайтын журналистикаға айналдырды. Оларды төрге шығарып, қоғам туралы пікір сұрады. Сөйтіп, "мүйізі қарағайдай" журналистер ортанқол әншілерден ақыл сұрайтын дәрежеге түсті", – деді ол.

40 жылға жуық өмірін телевизияға арнап келе жатқан Нұртілеу Иманғалиұлы болса, бұл салада жұмыс істейтін журналистерді екі топқа бөлетінін айтты.

  • Телевизияның өсіп-өркендеуіне қызмет еткен, еткісі келетін және қызмет етіп жүрген адамдар;
  • Телевизияны өзінің жеке бас мүддесін орындау үшін трибуна ретінде пайдаланушылар.

Телемаманның пікірінше, соңғы кезде екінші топтағы адамдар көбейіп кеткен. Екі сөздің басын құрай алмайтын тілшілер пайда болған.

"Телевизияны жасайтын тек журналист емес. "Видение" деген сөздің өзі көру дегенге келгендіктін, мәселе режиссураға келіп тіреледі. Қазір телережиссура бізде кинорежиссурадан да төмен дәрежеде. Режиссерлерді дайындайтын оқу орындары жоқтың қасы. Ал ҚазҰУ мен Еуразия университетінің журналистика факультеттерінен басқа журналистерді дайындайтын тағы 25 оқу бөлімі бар. Бірақ, журналистика факультетін бітіріп, қолына диплом алғанның барлығы кадр емес. Кезінде журналистика факультетін бітірген 100 түлектің бес-он жылдан кейін кем дегенде қырқын ел танитын еді. Қазір журналистиканы бітіріп жатқан қаптаған адамның ішінен жиырма жылдан кейін де танылатындары шамалы. Демек, бізде кадр тапшылығы бар", – деп атап өтті Нұртілеу Иманғалиұлы.

Өнертанушы Ерлан Төлеутай қазақ телевизиясының алтын дәуірі деп Шерхан Мұртаза, Сағат Әшімбаев, Камал Смайыловтардың қызмет еткен жылдарын санайды. Кейін журналистикаға өзінің пікірі жоқ адамдар келді. Бұрынғыдай тұлғалар жоқ. Қазақ журналистикасы оқырманнан айырылып үлгерсе, енді көрерменін де жоғалтуда. Телеарнаның барлығы көрерменнің көңілін қалдырған: бірде-бір сараптамалық бағдарлама жоқ. Сол үшін де теледидарды зейнеткерлер ғана көреді, ал талғамы биік, өзін өзі сыйлайтын көрермен теледидар қарамайды. Өйткені, оған әншінің тамақ ішкені, жуынғаны, мысығын аялағанының керегі қанша?

Журналист Перизат Мырзахмет телевизия рейтингінің төмендеуін бұл салада жұмыс істейтін редактор, продюсерлердің мойнында бірнеше жоба болатынымен байланыстырады. Яғни, жүктеме көп. Ал бұл хабардың сапасының ақсауына әкеледі. Қазір көп бағдарламаларды аутсорсинг продакшн ұйымдар әзірлейді.

"Аутсорсингте жұмыс істейтін мамандар, мысалы мен өзім редактор ретінде тек бір жобамен ғана айналысамын. Күшімді соған ғана саламын. Бірақ, бағдарламаны қабылдайтын телеарна хабардағы көп нәрсені кесіп тастайды. Біздің жобалардың барлығы цензураға ұшырайды", – деді ол.

Оқи отырыңыз: Телевизиядағы табиғи тоқырау

"TNS Central Asia – диверсиялық агенттік"

Нұртілеу Иманғалиұлы журналистиканың басқа ұстанымдағы адамдардың жасаған тәртібімен күн кешіп бара жатқанын айтып жүргеніне 10 жылдан асқанына ашынды:

"Нағыз рейтингтің не екенін Ұлттық арнада қызмет істеген кезімде көрдім. 14 облыстағы филиалдар арқылы өзіміз рейтинг жасап, салыстырдық. Сонда зерттеу компаниясы шығаратын қорытынды екеуінің арасы жер мен көктей болғанына көзіміз жеткен. Сондықтан бұл рейтинг бүгінгі қоғамға өзінің ойын, ұсынысын, ойын тәртібін енгізіп алған әлдекімдердің рейтингі деп ашық айта аламын".

Қасым Аманжолдың ойынша, рейтинг жарнама мен оның қожайындары үшін, яғни ақша үшін жасалатын болуы мүмкін, Тиісінше, ол жарнама ойындарының әлегі.

"TNS Central Asia диверсиялық агенттік". Бұл – Ерлан Төлеутайдың пікірі. TNS Central Asia қазақ қоғамын, БАҚ-ты, телевизияны быт-шыт қылды. Өйткені, түкке тұрмайтын, қоғамға іріткі салар, моральдық жағынан азғындататын хабарлардың рейтингін шарықтатып қойды. Ал ұлтқа қызмет қылатын, мемлекеттік ұстаным ұстанған идеологиялық маңызы бар хабарларда рейтинг жоқ. Бұдан шығатын қорытынды – рейтинг агенттігінің өзін қадағалау керек.

Оқи отырыңыз: Аян Миттра: "Журналистерді халық қаржыландырмаса, үкімет қолшоқпарына айналады"

Қазақ телевизиясында нені ашық көрсетпейді?

Қасым Аманжолдың пікірінше, қазақ телеарналары елдегі шындықты көрсетпейді. Мысал: жаңаөзендік бес азамат полицияның оғы тиіп қайтыс болған Мақсат Досмұхамбетов және оның бауыры Қайрат Досмағамбетов үшін Үкімет үйінің алдында наразылық білдіріп, қолдарына плакат көтеріп шықты. Ал оны бірде-бір телеарна көрсеткен жоқ. Тек санаулы ғана интернет арналар ғана хабар әзірлеген.

Ал Нұртілеу Иманғалиұлы болса, телеарна жаңалықтары қоғамды тек адам өлімі, жаман, қаралы хабарды ғана жаңалық деп қабылдатып қойған:

"Адам өлімін 127 арнаның жабылып көрсетіп жатқаны жаңалық па? Менің ойымша, жаңалық емес. Телевизия тек бұқаралық ақпарат құралы емес. Маңызды ақпараттың барлығы эфирде қамтылуы керек, бірақ жаппай көрсетілуі дұрыс емес. Мәселе оны қалай беруде. Ал қазір эфирге қарасақ, телеарна жаңалықтары бірінен бірі аумайды".

Оқи отырыңыз: Медиа еркіндік. Қай елдер журналистер үшін қауіпті?

"Телевизияның дәуірі өтіп барады"

Қасым Аманжол газет, радионың ізімен желілік, толқындық телевизияның да уақыты өтіп бара жатқанына тоқталды:

"Орнына интернет телевизия келуде. Әрине, телевизияның негізгі форматтары өзгермейді, бірақ цензура жойылады. Толқындық телеарнаға цензура жасап, биліктің қолымен қысып тастауға болады. Ал интернет телеарнаны қалай қысасыз? Әйтпесе, Әблязовтың интернет каналы неге жабылмайды? "Бәсе" мен "Азаттық" неге еркін хабар таратып жатыр? Өйткені, Қазақстан билігінің оған күші жетпейді. Интернет телеарна келген кезде қазіргі проблемалар, рейтинг мәселесінің барлығы екінші орынға ысырылады".

Қазірде телевизияның интернет қызметін пайдалануды білмейтін алпыстан асқан зейнеткерлердің ғана ермегіне айналғанын сөз еткен Перизат Мырзахмет одан кейінгі буындарға жататын көрерменнің көкейінен шықпаса, телевизияның болашағы жоқ деп есептейді. Расымен, билік ауысады, халық ауыспайды. Өкініштісі, телевизия биліктің аузына ғана қарап отыр. Биліктің берген ақшасын алады, бұйрығын орындайды. Өздері нан тауып, еңбек етуге тырысуға, заманға ілесуге ниеті жоқ.

Оқи отырыңыз: "Like" лайық емес, блогер журналист емес

Көрерменнің не көретінін кім шешеді?

Бұл сұраққа сарапшылар берген жауап түрлі болды. Нұртілеу Иманғалиұлының ойынша, тәуелсіз қазақ елін мекендейтін бүкіл жұртшылықтың ішкі мәдениеті шешеді. Ал Ерлан Төлеутайдың ойынша, бүгінде билік шешеді. Дегенмен, 2008 жылдарға дейін телеарналар өздері шешкен кезең болған. Алайда бүгінде хабарлардың барлығы биліктің көңілінен шығатын деңгейде жасалады.

Перизат Мырзахметтің ойынша, мұны көп жағдайда көрерменнің сұранысы шешеді:

"Рейтинг біреулердің қолшоқпары деп айтып жатырмыз. Бірақ, қазіргі кезде YouTube арналары бар. Мысалы, "Қалаулым" ток-шоуын қанша сынға алып, қабылдамасақ та, ол YouTube арнасында миллиондап көрілім жинайды. Жай ғана екі адамның ұрысып жатқаны. Оның барлығы телеарна мен жарнама беруші үшін қажет көрсеткіш. Жарнаманың эфирдегі бір минутының өзі миллион теңге тұрады. Жеңіл ақшаның соңында кетуге дайын телеарна басшылары сол "Қалаулым" эфирге шыққаннан кейін біздің компанияға хабарласып, "сол сияқты ұрыстырып қоятын отбасылық ток-шоудың концепциясын жасап беріңдер" деп хабарласты. Демек, көрерменнің сұранысы шешіп тұр ғой. Алайда, оның соңынан еруге біз міндетті емеспіз. Біздің өз ұстанымыз болуы керек еді, бірақ одан айырылып қалдық. Біз қазір билік не десе де, халық не десе де, соларға қараймыз. Кезінде талғамды қалыптастыратын, ой салатын хабарлар шығатын еді. Қазір рейтинг қуып, "кішкентай баланың" еркелігін орындап отырған ұйым болып қалдық".

Оқи отырыңыз: Ақпараттық қауіпсіздікті қалай қорғаймыз

Қазақ тіліндегі хабарлар неге прайм таймда жоқ?

Өкінішке қарай, қазақ тілді қоғамның төлем қабілеті төмен. Ал жарнама берушілер прайм тайм уақытында эфирді қандай адамдар қарайтынын міндетті түрде зерттейді. Бұл мәселені Перизат Мырзахмет блогерлердің мысалында түсіндіріп берді. Миллион оқырманы болса да, қазақ тілді блогерлерге миллион теңгелік жарнама берілмейді. Өйткені, олардың оқырмандары, қазақ тілді қоғам оны төлей алмайды. Бұл қазақ көрермені кедей дегенді білдіреді. Ал орыс тілді блогерлерге жарнама берушілер "Мына пиццаны жеңіздер" деп жазған екі-үш сөйлемі үшін миллион теңгені қиналмай төлейді.

Қазақ телевизиясы көрермен көңілінен шығу үшін не істеуі керек?

Журналист Қасым Аманжол қазақ телевизиясының дамуы үшін басты қажеттілік – билік цензурасын тоқтату деп есептейді.

"Барлық телеарналарда эфирге шығаруға болмайтын адамдардың "қара тізімі" бар. Мемлекеттік арналар эфирге негізінен насихатшыларды шақырады. Біздің салығымыз есебінен өмір сүріп отырған мемлекеттік арнада неге қоғамдағы барлық палитра қамтылмайды? Халықаралық стандарттарды ұстануымыз қажет. Журналистика баламалы болып, әртүрлі пікірлердің палитрасын көрсетуге тиіспіз. Ешкімге шектеу болмау керек".

Қазақстан биыл шекарасыз тілшілердің рейтингі бойынша 180 елдің ішінде 158 орында тұр, соңғы отыздықтамыз. Сөз еркіндігі жөнінен Қазақстан жағдайы өте нашар елдердің бірі.

"Қазақстанда журналистикада екі үлкен проблема – цензура және мемлекеттік тапсырыс. Екеуі бір-бірімен өте байланысты. Осы дүниелерді шешу керек. Бүкіл мемлекеттік медиада сөз бостандығы кең ауқымда айтылуы керек. Насихатшыларға эфирден көп уақыт бермей, жан-жақты ақпарат таратумен айналысқан жөн. Тағы бір мәселе, журналистиканың ауруы – қазіргі тілшілер журналист болып ел алдына шығып танымал болған соң, барып той жүргізеді, ас жүргізеді, ақыр соңы асаба болып кетеді. Бүкіл эфирді пайдаланып отырып арлы, ұятты, қадірлі мамандық журналистиканы асабалыққа айналдырып жіберді көп әріптесім. Бұл өте қадірлі мамандық. Ұлттық эфирге шыға тұрып асаба болу бұл масқара. Сондықтан, журналист өзінің қадір-қасиетін ойлауы керек", – деп атап өтті Қасым Аманжол.

Ал Нұртілеу Иманғалиұлы XXI ғасырда журналистика да басқа сала сынды ғылыми айналымға түссе, бұл мәселелердің барлығы күн тәртібінен өз-өзімен түсіп қалатынына тоқталды:

"Бір кездердегі телевизия, қалай болғанда да өзінің соңынан біраз жұртты ертетін құрал еді. Бүгін жұрттың соңынан ерген телевизия не істеуі керектігін білмеймін. Жалпы, журналистиканы біз таңдамауымыз керек, журналистика мамандығы бізді таңдағанда кешегі Шерхан, Әзілхан, Камал, Совет ағалардың дәуіріндегі журналистиканы өнер деңгейіне көтеретін мектеп қалыптасар еді. Бізде Ресейдегі сынды журналистиканы бағамдап, зерттейтін, талдайтын және оның стратегиясы мен тактикасын анықтайтын ғылыми орталықтың жоқтығынан "анау жоқ, мынау жоқ" деп өзіміздің арамыздағы қажетті және қажет емес әңгімеге баруға душар болып жүрміз".

Перизат Мырзахметтің сөзінше, телевизиялық сын жетіспейді.

"Бізде "Қалаулым" сынды ток-шоуларды жауып тастағаннан ұлт өркендеп кетпейді. Біздің басты идеология халықтың рухани, мәдени сауатын ашу болу керек. Бізде телевизиялық сын жоқ. Facebook желісінде аздаған топ бар, солар шулайды да қояды. Оның өзінде киім-кешегін, отырысын, сөйлеген сөзін ғана сынайды. Хабардың техникалық мүмкіндіктерін, режиссерлік шешімдерін, операторлық жұмыстарын ешкім талдамайды. Кәсіби мамандардың барлығы үнсіз отырады", – деді ол.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары