Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: 31 мамыр оқиғалары. Еліміздің барлық өңіріндегі блок бекеттер алынды

Алмаз Төлекенің фотосы
Алмаз Төлекенің фотосы
Бір тәулікте 450 адам вирус жұқтырғаны анықталып, 3 науқас көз жұмды. 184 адам індеттен жазылды.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. 79 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

31 мамыр. Коронавирус жұқтырғандар саны – 11 308

  • Алматы – 2 647;
  • Нұр-Сұлтан – 2 207;
  • Атырау облысы – 1 105;
  • Қарағанды облысы – 932;
  • Шымкент – 867;
  • Батыс Қазақстан облысы – 665;
  • Жамбыл облысы – 380;
  • Түркістан облысы – 379;
  • Қызылорда облысы – 402;
  • Алматы облысы – 361;
  • Ақтөбе облысы – 343;
  • Павлодар облысы – 206;
  • Маңғыстау облысы – 272;
  • Ақмола облысы – 166;
  • Қостанай облысы – 182;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 135;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 59.

Жазылғандардың жалпы саны – 5 404

Көз жұмғандар – 41

Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандар саны 41-ге жетті

31 мамырда қауіпті індеттен тағы үш адам көз жұмды. Олардың бірі Шымкент қаласының – 1959 жылғы тұрғыны. Екіншісі Павлодар облысының – 1966 жылы дүниеге келген тұрғыны. Үшінші марқұм – Батыс-Қазақстан облысында 1967 жылы туған ер адам.

Коронавирусты жұқтырған науқастардың өлім жағдайын зерттеу жөніндегі комиссия аталған өлім себебін Covid-19 инфекциясынан болды деп тіркеуге шешім қабылдады. Осылайша, елімізде коронавирус құрбандарының саны 41-ге жетті.

Оқи отырыңыз: Алматыда оқушылар жазғы мектепте IV тоқсан сабақтарын оқи алады

Нұр-Сұлтанда өткізу-бақылау бекеттері алынды. Қалада маска киіп жүру міндет

Елордада өткізу-бақылау бекеттері 1 маусымға қараған түні алынды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева хабарлады. Оның айтуынша, кіру және шығу үдерісі толығымен автоматтандырылған блок-бекеттер індетінің таралуын азайтуға мүмкіндік берді. Ал онда жұмыс істеген полиция қызметкерлерінің планшеттеріне енгізілген электрондық база тәртіпбұзушылықты анықтауға көмектескен.

"Мысалы, бірқатар кәсіпорындар қала бойынша жүріп-тұру үшін анықтаманы қолдан жасауға тырысты. Азық-түлік жүктері үшін "жасыл дәліз" ұйымдастырылды, ол арқылы қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қызметкерлер де өте алды. Блок-бекеттердегі жағдайды дрондармен бақылау мүмкін болды", – деді Ақмарал Олжабаева.

Дегенмен, өткізу-бақылау бекеттерін алу – қалыпты өмір сүру дағдысына ораламыз дегенді білдірмейді. Қалада медициналық маска киіп жүру қажет, деп жазды баспасөз хатшысы. Сондықтан, тұрғындар санитарлық нормаларды қатаң сақтауы тиіс. Әрі маска киіп, ара қашықтықты сақтағаны жөн.

Оқи отырыңыз: "Жаппай жазаланса да, сабақ алмады". Алматы полициясы блок бекеттегі көлік апаты туралы шындықты неге бұрмалады?

Алматыда 31 мамырдан 1 маусымға қараған түні қаланың периметрі бойынша барлық блок бекеттер алынды

Карантин кезеңінде 1 маусымға қараған түні алынады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram парақшасында жазды. Блок-бекеттер төтенше жағдай режимі кезінде қаладан шығу және қалаға кіруді шектеді. Бұл — коронавирустың таралуын тоқтату үшін қажет болды деген шаһар басшысы, бекеттерде жұмыс істеген барлық қызметкерге алғыс білдірді.

"Барлық полиция, санитарлық қызмет, фито және ветбақылау қызметкерлеріне, аудандық әкімдіктер мен Ұлттық гвардия, Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілеріне алғысымды білдіремін. Осы 2,5 айдың ішінде Сіздер тәулік бойы қызмет етіп, жүктелген міндетті абыроймен атқардыңыздар", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Әкімнің айтуынша, қаладағы жағдайдың тұрақтануы шектеулерді алуға мүмкіндік берді. Бұл ретте барлық кәсіпорындар мен ұйымдарда санитарлық қауіпсіздік күшейтіліп, қауіпсіздікке басымдық берілді. Үйлерге, аула алаңдары мен көшелерді залалсыздандыру жүргізілуде.

"Белгіленген тәртіпке бағынып, сангигиена мен әлеуметтік қашықтықты сақтап, қорғаныс бетперделерін киіп жүруге шақырамын. Бұл қазіргі өмірдің қалыпты нормасына айналуы тиіс. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!", – деді қала әкімі.

Оқи отырыңыз: Бақытжан Сағынтаев: Карантин кезінде Алматы экономикасы 9,2%-ға төмендеді

Қазақстанда карантин кезінде қылмыс 26%-ға төмендеді

Еліміздің Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өзін-өзі оқшаулау және шектеу тәртібі кезеңінде қабылданған шаралардың арқасында елдегі қылмыс 26%-ға төмендегенін хабарлады. Полиция мен ІІМ-нің басқа да күштері мұндай ерекше режимде алғаш рет жұмыс істеді.

"Тәулік бойы жұмыс режимі, бірқатар жағдайларда дала жағдайларымен казармалық жағдайы, үй мен отбасынан алшақтығы, кейде жекелеген азаматтардың түсінбеуі мен қарсыласуы үлкен психологиялық және физикалық жүктемелер тудырды. Бірақ біздің қызметкерлеріміз барлық 78 күн бойы ел басшылығы қойған міндеттерді нақты орындай отырып, қызмет өткеруді жалғастырды", – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Министрдің бұйрығымен блок-бекетте коронавирустық инфекциямен күрес шараларына тікелей қатысып, ерекше көзге түскен полицейлер қызметтік міндеттерін адал орындағаны үшін алғыс хаттармен марапатталды.

Қазақстанда карантин 78 күнге созылды. Осы кезеңде елде 400-ге жуық блок-бекет жұмыс істеді, оған 6 мыңға жуық ІІО қызметкерлері қатысты. Барлық кезеңде блок-бекеттерде 3,2 млннан астам көлік құралдары және 5 млн жолаушы тексерілді.

"Елді мекендер арасындағы блок-бекеттер алынып тасталады. Бірақ бұл қауіп жоқ дегенді білдірмейді. Азаматтарға санитарлық талаптармен сақтық шараларын қатаң сақтау керек", – деді ІІМ басшысы.

Оқи отырыңыз: "Жабылу алдындамыз". Карантин жеке меншік балабақшалар жұмысына қалай әсер етті?

Алматыда моншалар, сауналар мен СПА-орталықтар жұмысын бастайды

Алматыда 1 маусымнан бастап қоғамдық моншалар, сауналар және SPA-орталықтар жұмысын бастайды, деп хабарлады қалалық бизнес штабтың Telegram-арнасы. Нысан иелері күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режим талаптарының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Атап айтқанда:

  • қызметкерлердің дене қызуын күнделікті тепловизормен тексеру;
  • респираторлық инфекцияның кез-келген белгілері бар қызметкерлерді жұмысқа жібермеу;
  • қызметкерлерді бір рет қолданылатын медициналық маскалар мен қолғаптармен, қолды өңдеуге арналған антисептиктермен қамтамасыз ету;
  • ғимаратқа кіреберісте, холлда, жуыну бөлмелерінің кіреберісіне, лифтілерге персоналға арналға бөлмелерге санитайзерлер орнату;
  • байланыссыз термометрлерді пайдалана отырып, кіреберісте келушілердің термометриясын жүргізу;
  • қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үшін мүмкіндіктерді барынша қарастыру;
  • кассада келушілерге маскалық режимді сақтай отырып қызмет көрсету;
  • шешінетін бөлмеде жұмыс істейтін қызметкерлер маска мен медициналық қолғаптар, ал жуынатын және булау бөлмесінде жұмыс істейтіндер – медициналық қолғап киюі тиіс;
  • 1,5 метр әлеуметтік арақашықтықты сақтау, оның ішінде булау бөлімшелерінде;
  • желдету мен кондиционерлеу жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету;
  • жеке қорғану құралдарын жинау үшін контейнерлер орнату.

Кәсіпкерлер қызметін қайта бастау үшін қала әкімдігі жанындағы жедел штабты карантин кезеңінде объектілердің жұмысқа дайындығы туралы хабардар ету қажет.

Оқи отырыңыз: Шағын және орта бизнес жағдайы және оны қалпына келтірудің 3 жолы. Әлеуметтік зерттеу

2-маусымнан бастап ҚТЖ Алакөлге пойыздар жібере бастайды

Компания, егер бұл бағытқа сұраныс артатын болса, Алакөл көліне қосымша вагондар беруге дайын екендігін жеткізді. Көлге күнде жүретін теміржол көлігімен жетуге болады:

  • "Алматы – Достық" және "Нұр-Сұлтан – Достық" пойыздарының тікелей қатынайтын вагондары";
  • № 22/21 "Қызылорда-Семей";
  • № 6941/6942 "Ақтоғай – Достық";
  • № 121/122 "Нұр-Сұлтан-Семей";
  • № 6941/6942 "Ақтоғай-Достық".

12 маусымнан бастап № 54/53 "Нұр-Сұлтан – Достық" пойызы аптасына екі рет тұрақты аралықпен жүреді. Осы аймаққа сұраныстың жоғары болуын және эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Қазақстанда қосымша келесі пойыздар қатынайтын болады:

  • № 13/14 "Алматы – Достық", аптасына 3 рет;
  • № 258/257 "Нұр–сұлтан – Достық", аптасына 2 рет;
  • № 453/454 "Алматы – Достық", аптасына 3 рет
  • №457/6941//6942/458 "Семей – Шар – Достық", күн сайын;
  • №459/6941//6942/460 "Өскемен – Шар – Достық", күн сайын.

Оқи отырыңыз: Бірінші кезеңде 54 пойыз жолға шығады. Билет бағасында өзгеріс бола ма?

Атырауда 1 маусымнан бастап карантин шаралары тоқтатылады. Барлық кәсіпорындар бұрынғы жұмыс режиміне оралады

1 маусымнан бастап Атырауда карантиндік шектеулер алынып, барлық меншік нысанындағы ұйымдар мен кәсіпорындар "карантинге дейінгі" режимдегі жұмыстарына қайта кіріседі. Ал 3 маусымнан бастап қаладағы базарлар ашылады. Бұл туралы Атырау облысының бас санитарлық дәрігері Темірбек Мұсағалиев мәлім етті, деп хабарлайды "Ақ Жайық".

"Атырау қаласында 2020 жылдың 1 маусымында сағат 00.00-ден бастап шектеу іс-шараларын сақтай отырып, эпидемиологиялық жағдай толық тұрақтанғанға дейін карантин жойылсын" делінген қаулыда.

Құжатқа сәйкес, 1 маусымнан бастап уақытша шектеулер алынып, қаулымен шектелген қызмет салаларын қоспағанда, барлық меншік нысанындағы ұйымдар мен кәсіпорындардың штаттық режимде жұмысы жаңартылады. Сондай-ақ, Атырау қаласындағы ауданаралық блок-бекеттер алынады. Дегенмен, карантин Жылыой ауданы, Мақат кентінде және Теңіз кен орнында сақтала береді.

Облыс аумағында бұрынғыдай ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық іс-шараларды, оның ішінде үйде өткізуге де тыйым салынады. Сонымен қатар, түнгі көңіл көтеру орындарының, адам көп жиналатын басқа да нысандардың қызметіне тыйым салынады.

Серіктестер жаңалықтары