Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: 23 сәуір хронологиясы. 1 адам көз жұмды, 45-і жазылды, 154 науқас қосылды

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Іnformburo.kz қырық екінші күннің оқиғаларын рет-ретімен әңгімелейді.

22.40. Коронавирус жұқтырғандар саны – 2 289

  • Алматы – 756;
  • Нұр-Сұлтан – 428;
  • Қызылорда облысы – 161;
  • Шымкент – 133;
  • Қарағанды облысы – 103;
  • Жамбыл облысы – 93;
  • Атырау облысы – 87;
  • Батыс Қазақстан облысы – 86;
  • Ақмола облысы – 83;
  • Түркістан облысы – 77;
  • Алматы облысы – 69;
  • Павлодар облысы – 55;
  • Ақтөбе облысы – 55;
  • Қостанай облысы – 36;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 30;
  • Маңғыстау облысы – 19;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 15.

Жазылғандардың жалпы саны – 560.

Көз жұмғандар – 20.

23.11 – Шығыс Қазақстанға медициналық құралдар жеткізілді.

Бүгін медицина құралдары тиелген 14 тонна жүк Қытайдан Өскемен әуежайына жеткізілді. Атап айтқанда, 100 мың экспресс-тест, 18 мың қорғаныш костюмдері, 80 мың респиратор, 10 мың данадан Covid-19-ға қарсы медициналық қорғаныс маскалары, экрандары мен көзілдіріктері.

Осылайша, облыстың барлық инфекциялық, провизорлық және обсервациялық стационарлары толығымен қамтамасыз етіледі. Экспресс-тестілеуден алдымен вируспен күресте алдыңғы шепте жүрген адамдар өтеді. Олар – медицина қызметкерлері, құқық қорғау және санитарлық-эпидемиологиялық органдардың қызметкерлері.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов хабарлағандай, медициналық тауарлар мен арнайы құралдарды сатып алу және тасымалдау "Парыз" қоғамдық қоры есебінен қаржыландырылды.

22.55 – Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдар туралы ақпарат:

Вирусты жұқтырғандардың екеуі де Қызылорда қаласының тұрғындары. Олардың біреуі 45 жастағы – ер адам, жедел жәрдем қызметінде жұмыс жасайды.

Екінші ер адам – 66 жастағы зейнеткер. Ол өзіне дейін Covid-19-ды жұқтырған адаммен қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылған. Екі науқастан да анализ карантиндік стационардан алынып, зертханалық зерттеулердің нәтижесі коронавирус инфекциясын жұқтырғанын көрсетті. Қазіргі таңда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына оқшауландырылып, хаттамаға сәйкес ем жүргізілуде.

23.04.2020 жылғы сағат 22:40-тағы жағдай бойынша Қызылорда облысында коронавирус жұқтырған 161 адам тіркелген. Оның ішінде емделіп шыққандар саны – 46, стационарда ем қабылдап жатқандар – 115 адам.

22.40 – Коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 38 адам тіркелді, оның ішінде:

  • Нұр-Сұлтан – 5;
  • Алматы облысы – 1;
  • Ақтөбе облысы – 12;
  • Жамбыл облысы – 10;
  • Қызылорда облысы – 2;
  • Павлодар облысы – 8.

Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған жалпы 2 289 адам анықталды.



22.10 – Жамбыл облысында тағы 1 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты.

Елімізде барлығы 560 адам ауруынан айықты.



21.30 – Жамбыл облысында тағы 8 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты.

Елімізде барлығы 559 адам ауруынан айықты.



19.31 – Медициналық ақпараттық жүйелер өзара коммуникация кезінде алмасатын ақпараттың мағынасын бірдей түсінуді қамтамасыз ету үшін Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев "Цифрлық денсаулық сақтау кеңістігінде объектілік сәйкестендіргішті беру туралы" ережені бекітті.

Объектілік сәйкестендіргіш – бұл объектілерді әлемдік мекенжай кеңістігінде сәйкестендіретін ақпараттық жүйенің объектісімен байланысты цифрлардың бірегей жиынтығы.
Ереже Денсаулық сақтау министрлігінің объектілерін ISO 9834 халықаралық стандартының талаптарына сай тіркеудің иерархиялық құрылымын, атап айтқанда, объектілік сәйкестендіргішті тіркеу, жүргізу, пайдалану рәсімін реттейді.
Ұсынылған жаңа ереже бір платформада медициналық деректерді бірыңғай орталықтандырылған жүйеде сақтауға мүмкіндік береді. Яғни, бұл үлкен деректерді қосымша өңдеусіз алмасуға жол ашады.

Ереженің толық мәтінімен мына жерде танысуға болады.

19.15 – Қостанай облысында коронавирустан тағы 2 адам емделіп, сауығып шықты.

Елімізде барлығы 551 адам ауруынан айықты.

18.30 – Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған адам туралы ақпарат:

Covid-19 вирусын жұқтырған 1987 жылғы ер адам – Теміртау қаласының тұрғыны. Осыған дейін карантиндік госпитальге жатқызылған.

Бүгінгі таңда облыста инфекцияны 103 адамның жұқтырғаны тіркелді, оның ішінде біреу адам қайтыс болды, 19 науқас жазылып шықты.

18.20 – Қазақстанда тағы 13 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты.

Қарағанды облысында – 11 адам;
Қызылорда облысында – 1 адам;
Түркістан облысында – 1 адам емделіп, сауығып шықты.

Елімізде барлығы 549 адам ауруынан айықты.

18.09 – Тараз қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырған 9 адам анықталды. Олар 1975, 1963, 1977, 1958, 2015, 1957, 1991, 1992, 1971 жылғы азаматтар. Барлығы да өздеріне дейін вирусты жұқтырған адамдармен байланыста болған. Оның ішінде жетеуі үйде жұқтырған.

17.50 – Коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 44 адам тіркелді, оның ішінде:

  • Нұр-Сұлтан – 1;
  • Алматы – 20;
  • Қарағанды облысы – 1;
  • Ақтөбе облысы – 9;
  • Жамбыл облысы – 9;
  • Алматы облысы – 3;
  • Қызылорда облысы – 1.

Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған жалпы 2 251 адам анықталды.

24 сәуірде қазақ тілінде өтетін 1-11 сыныптарға арналған BALAPAN телеарнасындағы бейнесабақтар кестесі



17.26 – Мемлекет басшысы екі аптаның ішінде салынған елордадағы модульді жұқпалы аурулар ауруханасына барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың елдегі эпидемиологиялық ахуал және инфекцияға қарсы медициналық көмекті жетілдіру жолдары туралы мәліметін тыңдады. Медициналық мекеменің жалпы аумағы – 7 мың шаршы метр. 200 орынға есептелген аурухана медицина қызметкерлері мен ем алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи құралдармен жабдықталған.
Президент дәрігерлермен әңгімелесу барысында отандастарымыздың денсаулығын сақтау үшін қажырлы еңбек етіп жатқан медицина қызметкерлеріне алғыс айтты.



"Сіздер пандемиямен күресте алдыңғы шепте жұмыс істеп жүрсіздер. Сіздерге ризашылығымыз шексіз. Күндіз-түні тынбай еңбек етіп жатырсыздар. Өкінішке қарай, Алматыда дәрігерлерімізді індеттен қорғай алмадық. Қазір қалыптасқан Төтенше жағдайды жою үшін күресудеміз. Сондықтан абай болғандарыңыз жөн, ең алдымен, өз денсаулықтарыңызды сақтаңыздар", – деді Мемлекет басшысы.

15.30 – Елордада еріктілер 500 мыңнан астам медициналық маска таратты

Нұр-Сұлтан қаласының волонтерлер штабы "Жас Отан" жастар қанатының еріктілерімен бірлесіп, көмекке мұқтаж жандарды азық-түлікпен және гигиеналық құралдармен қамтамасыз етіп жүр. Олар медициналық маска мен антисептиктер таратуда.

Бүгінге дейін мұқтаж отбасыларға бірінші қажеттілік тауарларымен он мыңнан астам азық-түлік себеті таратылды, сондай-ақ елорда тұрғындарына жарты миллионнан астам маска берілді.

Жалғыз тұратын қарт адамдарға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға және аз қамтамасыз етілген көпбалалы отбасыларға 2 млн жеке қорғану құралын тегін беру көзделген.

14.10 – Қазақстанда тағы 21 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты.

Нұр-Сұлтан – 1,
Шымкент – 1,
Ақмола облысында – 1,
Атырау облысында – 2,
Қызылорда облысында – 16 адам емделіп, сауығып шықты.

Қазірге дейін барлығы 536 адам ауруынан айықты.

14.03 – Алматы қаласында коронавирус жұқтырып, бүгін қайтыс болған науқас 1964 жылы туған. Оның вирус жұқтырғаны 17 сәуірде анықталды. Қосымша диагноздары: созылмалы бүйрек ауруы, ренальді анемия, созылмалы ағыммен жүйелі қызыл жегі, қант диабеті, екі жақты полисегментарлы пневмония.

22 сәуірде жүргізілген инвазивті емес жасанды дем беру тиімсіз болғандықтан, инвазивті ӨЖЖ ауыстырылды. Сондай-ақ, бағдарламалық гемодиализ сеансын алды. Бүгін таңғы алты жарымда науқастың қан айналымы тоқтады.

Оқи отырыңыз: Қазақстан қалалары мен елді мекендері бойынша 2020 жылғы ораза кестесі

13.08 – ҰБТ-да түлектер арасында 2 метр қашықтық сақталады.

"Тестілеуде әдетте бір аудиторияда 100-150 адам отыратын. Қазір 50 адамнан отырғызуды ұйғардық. Эпидемиологиялық жағдай қиындаса, 30 адамнан, тіпті 25 адамнан қалдырамыз. Әр түлектің айналасында 2-2,5 метр қашықтық сақталуы керек. Ол үшін аудандарда ғимарат жеткілікті, барлығын есептеп шықтық. Еш қиындық болмайды", - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов "Қазақпарат" тілшісіне берген сұхбатында.

Сонымен бірге, биылғы тестілеуде түлектердің дене қызуын өлшеу, аудиториядағы адам санын азайту сынды қауіпсіздік шаралары қарастырылатыны белгілі болды.

12.53 – "Даму" қоры төтенше жағдай режимі енгізілгеннен бері "субсидиялау" құралы бойынша 37,6 млрд теңге сомасына кәсіпкерлердің 268 жаңа жобасына қолдау көрсетті.
Сонымен қатар, "кепілдік беру" кәсіпкерлерді қолдау құралы бойынша 120 жаңа жоба қаралды. Бұл жағдайда несие сомасы 7,9 млрд теңгені, кепілдік сомасы 3,4 млрд теңгені құрады.
Карантин кезеңінде кеңес алу үшін Қорға келіп түскен өтініштер саны 50%-ға артты. Жалпы алғанда, отандық бизнесті жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламаларын қаржыландыру үшін қазақстандық банктерде 375 млрд теңге қарастырылған.

12.20 – Коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 16 адам тіркелді, оның ішінде:

  • Нұр-Сұлтан – 1;
  • Алматы – 1;
  • Шымкент – 2;
  • Павлодар облысы – 7;
  • Қызылорда облысы – 1;
  • Алматы облысы – 3;
  • Түркістан облысы – 1.

Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған жалпы 2 207 адам анықталды.

Оқи отырыңыз: ЖОО студенттері биыл қалай емтихан тапсырып, диплом жұмысын қорғайды?

12.41 – Төтенше жағдай кезінде бизнес саласын қолдау аясында мемлекет "Даму" қоры арқылы "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорындарға жылдық 6 пайызбен несие беретін болады.

Сонымен қатар, Үкімет әйел адамдар құрған шағын және орта бизнес (ШОБ) кәсіпорындарының өсуін ынталандырмақ.
Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағдарламасы Азия даму банкі мен Еуропа қайта құру және даму банкінің тартылған қаражаты шеңберінде іске асырылуда. Сондай-ақ, бизнесті қаржыландыруға ислам қаржыландыру бағдарламасы арқылы қаражат тартылуда. Қаржы шариғат қағидалары бойынша өз бизнесін дамытуға ниетті кәсіпкерлерге беріледі.
Оған қоса, ШОБ үшін міндетті төлемдер мен салықтардың көптеген түрлері бойынша мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданды. Бұл карантин режимінен шығу кезеңінде және одан әрі табысты даму үшін бизнеске түсетін жүктемені азайту мақсатында жасалып отыр.

11.39 – Ақтөбе облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 7 адам туралы ақпарат:

Олар 42 жастағы әйел адам және 39, 37 жастағы ер азаматтар — Ақтөбе облысының тұрғындары. Карантиндік стационарға жатқызылған. Олардың бәрі 22.04.2020 жылы "Жайсаң" санитарлық-карантиндік бекеті арқылы РФ Мәскеу қаласынан келген. Атырау қаласынан автокөлікпен келген 36 жастағы әйел адам карантиндік стационарға жатқызылды.
Сондай-ақ, 45, 37 және 36 жастағы ер адамдар Орынбор қаласы арқылы Ресейден келген. Олар — Түркістан облысының азаматтары.
"Жайсаң" санитарлық-карантиндік бекетінде олармен сауалнама жүргізіліп, байланыссыз термометрия жасалды. ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысы COVID-19 диагнозын нақтылады. Қазіргі таңда олар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды. Жағдайлары қанағаттанарлық.
Азаматтармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды. Ауру ошақтарында эпидемиологиялық зерттеу, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.

11.30 – Алматы қаласында коронавирустан тағы бір науқас көз жұмды.

Ол 1964 жылы дүниеге келген.

Қазірге дейін барлығы 20 адам қайтыс болды.

Covid-19: төтенше жағдай кезінде интернет тұтынушы үшін қауіп қандай?

10.32 – Қостанай облысында тағы бір адамның вирусты жұқтырғаны белгілі болды, ол 1965 жылғы ер азамат.
Бұл өңірде Covid-19 коронавирус инфекциясын жұқтырғаны нақтыланған 36 адам бар. Қалалық ауруханада науқастарды профилактикалық зерттеу кезінде коронавирус инфекциясы бар адам анықталды. Ер адам түрлі ілеспелі аурулармен проктология бөлімінде емделіп жатқан.
Қазіргі таңда барлық эпидемияға қарсы шаралар орындалып, осы азаматпен байланыста болған адамдарға қатысты карантин шаралары қабылданды.
Науқас жер үйде тұрған, жұмыс істемейді. Ауру ошақтарында зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Ол Рудный қалалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылады.

10.25 – Көлік прокурорлары жеке қорғану құралдарын елден заңсыз шығарудың жолын кесті

Алматы қаласының Әуе көлік прокуратурасы жеке қорғану құралдарын шығару фактілерінің жолын кесті. 20 ақпан күні Қазақстан Республикасының азаматы Алматы халықаралық әуежайының жолаушылар терминалы арқылы Түркия Республикасының Ыстанбұл қаласына 12 мыңнан астам медициналық масканы шығаруға әрекеттенген.

Қадағалау органы қабылдаған шаралар нәтижесінде, кінәлі тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 551-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Құқық бұзушы кінәсін мойындап, айыппұлды толықтай төледі.

10.22 – Коронавирус инфекциясы Шығыс Қазақстан облысының тағы үш тұрғынынан табылды. Қауіпті инфекцияны Семей қаласының екі тұрғыны жұқтырған. Атап айтқанда, аурухадан тыс жағдайда пневмониямен ауырған 1984 жылғы әйел адамнан алынған скринингтік ПТР тестілеу нәтижесі оның коронавирусты жұқтырғанын көрсетті.
Келесі науқас 1972 жылғы әйел адам, оның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны профилактикалық тексеру барысында анықталды.
Вирусты жұқтырған үшінші адам Өскемен қаласының 1949 жылғы тұрғыны. Алгоритмге сәйкес Covid-19-ға 21 сәуір күні коронавирус расталған науқаспен байланыста болған адам ретінде тексерілді. ПТР талдау нәтижесі бұл әйел адамның да вирусты жұқтырғанын көрсетті.
Қазіргі уақытта олар жұқпалы аурулар стационарына оқшауланып, қажетті емді қабылдап жатыр. Олармен байланыста болған азаматтарды анықтау және оқшаулау бойынша эпидемиологиялық тексеру шаралары күшейтілді.

Оқи отырыңыз: Шаш кесу, тырнақ бояу, тіс жұлдыру, екпе салдыру. Ораза ұстаушыға не рұқсат, неге тыйым салынған?

10.15 – Жамбыл облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған екі адам туралы ақпарат белгілі болды. Олар Байзақ ауданының және Тараз қаласының 1998 жылғы тұрғындары. Екеуі де өздеріне дейін вирусты жұқтырған адамдармен байланыста болғаны үшін карантиндік стационарға жатқызылған.
Үй ошақтары бойынша 6 қарым-қатынас жасаған адам анықталды. Олар карантиндік стационарға жатқызылып, ПТР талдауға сынамалар алынып жатыр.

10.00 – Маңғыстау облысында коронавирус жұқтырған адам туралы мәлімет белгілі болды. Ол Ақтау қаласының 24 жастағы тұрғыны. Коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынама алынған. Казіргі уақытта науқас облыстық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылған.

09.50 – Коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 56 адам тіркелді:

  • Нұр-Сұлтан – 17;
  • Батыс Қазақстан облысы – 10;
  • Ақтөбе облысы – 7;
  • Түркістан облысы – 7;
  • Павлодар облысы – 5;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 3;
  • Алматы – 3;
  • Жамбыл облысы – 2;
  • Маңғыстау облысы – 1;
  • Қостанай облысы – 1.


Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.
ДСМ жедел желі номері: 1406
Серіктестер жаңалықтары