Тікелей эфир

Covid-19: төтенше жағдай кезінде интернет тұтынушы үшін қауіп қандай?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Төтенше жағдай кезінде Қазақстанда цифрлық қосымшалар саны артты. Сарапшылар олардың киберқауіпсіздік мәселесіне алаңдайды.

Жақында Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Малика Бектұрова "Smart Astana" мобильді қосымшасының іске қосылғаны туралы хабарлады.

"Бұл қосымша үй карантиніндегі адамдардың геолокациясын анықтауға, географиялық орнының өзгергенін бақылауға мүмкіндік береді. Ол үшін қолданушы "Мен карантиндемін" деген функцияны қосу керек. Тіпті, қолданушы ұялы телефонын қалдырып, алысқа ұзап шығып кетсе де, қосымша дабыл қағып, ситуациялық орталыққа хабар береді", – деп атап өтті ол.

Елдегі төтенше жағдай кезінде Covid-19 індетінің таралауын тоқтату үшін мұндай үлгідегі бірқатар жүйе іске қосылуда.

Осы орайда құқық қорғаушылар, киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшылар цифрлық қауіпсіздік тұрғысынан қарағанда мұндай қосымшалар тұрғындар үшін қаншалықты қауіпсіз екеніне алаңдаулы.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда кибершабуыл жиілей түсті. Киберкеңістіктің осал тұстары

SDU университеті Құқық кафедрасының аға оқытушысы Айгерім Құсайынқызы төтенше жағдай кезінде осы тектес қосымшалардың көмегімен жинақталған мәліметтер базасы жағдай тұрақталғаннан кейін қандай мақсатта қолданылуы мүмкін екенін билік ашық түсіндіруі керегін алға тартады:

"Covid-19 пандемиясымен күресуде әлем елдері әртүрлі тәсілдерге жүгініп жатыр. Осы "Smart Astana" мобильді қосымшасына ұқсас дүние Қытай тәжірибесінде болды. Төтенше жағдай кезінде мемлекет тұрғындардың денсаулығының қауіпсіздігі үшін мұндай тәсілдерге жүгінуі қалыпты құбылыс. Десек те, әкімдік бұл қосымшаның қолдану шартын ашық дереккөзде жариялауға міндетті, ондағы жинақталған мәліметтер базасының қай уақытқа дейін қолданылатыны туралы тәптіштеп түсіндіруі қажет және жеке деректердің үшінші тұлғаға берілмейтініне кепіл бола алуы шарт".

Оқи отырыңыз: VPN-ді қалай таңдау керек, оны пайдалану қауіпті ме?

Ал киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы Ерболат Тұрсынқожа мұндай қосымшаны қолданбас бұрын оның шарттарымен дұрыстап танысу керегін айтады, онлайн кеңістікті сауатты пайдалануға кеңес береді:

"Біз интернет дәуіріне келгелі "біреудің" бақылауындамыз. Бүгінде смартфон адамның бәрінде бар, бұл құрал қайда жүргеніңді, барғаныңды, күнделікті бағытыңды, кіммен сөйлескеніңе дейін көрсетеді. Ал түрлі қосымшалар жүрек қағысыңды, салмағың мен бойыңа дейін есептеп береді. Әлеуметтік желідегі парақшаңыз арқылы отбасы, туған-туыс, достарыңыз туралы қажет ақпаратты алу оп-оңай. Сондықтан, біз онсызда бақылаудамыз. Бірақ, кімнің бақылауында екенімізді білмейміз. Егер әлдебіреудің cізді қадағалағанын қаламасаңыз, онлайн кеңістікті сауатты пайдаланған жөн. Ал "Smart Astana" қосымшасының жаңа функциясы арқылы Нұр-Сұлтан әкімдігі халыққа сеніммен қарай алмайтынын көрсетті".

Оқи отырыңыз: Смартфон, 4G һәм әлеуметтік желілер немесе соңғы 10 жылдағы технологиялық құбылыстар туралы

Бүгінгі жаһандану дәуірінде цифрлық құқық мәселесі аса өзекті десек, қазіргі төтенше жағдай кезеңінде оның өзектілігі екі есе артты. Күнделікті тұрмысын ұялы телефонсыз, ғаламторсыз елестете алмайтын бүгінгі қоғам өкілдерінің төтенше жағдай кезіндегі онлайн кеңістікке тәуелділігі тіптен артты. Өйткені, халықтың басым бөлігі үй аумағына оқшауланды, оқыту және жұмыс қашықтан жүзеге асуда, жалпыға міндетті карантин, қатаң тәртіп пен талап тек интернетке телміруге итермелеп тұр. Осы тұста мамандар онлайндағы құқық мәселесіне аса мұқият болуды ескертеді.

Covid-19 пандемиясы салдарынан әлем бойынша 2,5 миллиард адам үйінде отырғанын тілге тиек еткен Айгерім Құсайынқызы төтенше жағдай кезеңінде онлайндағы белсенділік артқанын, сәйкесінше қауіп те көбейгенін айтады.

"Бүгінгі таңда үйде отырған азаматтар уақыт өткізу үшін интернеттен, яки әлеуметтік желілерден түрлі форматтағы контент қарайды: коронавирус немесе басқа тақырыпта мақала оқиды, кино немесе мультфильм көреді, ойын ойнайды және тағысын тағылар. Бұған қоса, онлайн дүкендерден азық-түлік, киім-кешек, дәріханадан дәрі-дәрмекке тапсырыс береді. Түрлі сайттарға тіркелу кезінде, я болмаса, онлайн сауда жасау барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тұлғаның жеке басына қатысты кей деректер сұралады. Дәл осы тұсты кибералаяқтар оңтайлы пайдалануға тырысады. Ғаламтор тұтынушысы өз құқығын білмеген болса, онлайндағы айлакерлердің қақпанына түсіп қалуы оп-оңай", – дейді маман.

Оқи отырыңыз: Кибербуллинг: балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?

Яғни, онлайн кеңістіктің тұтынушысы бола тұра, ондағы құқығымызды білмесек, кибералаяқтың құрбаны боламыз. Мәселен, кез келген әлеуметтік желіге, сайтқа тіркелгенде, я болмаса, қандай да бір мобильді қосымшаны, ойынды жүктегенде тұтынушыдан белгілі бір шарттармен келісетінін мақұлдау сұралады. Айгерім Құсайынқызы көптеген адамдардың ол құжатты оқып жатпайтынын айтады.

"Өзіне керегін тезірек жүктеп алу үшін "галочка" қойып, келісе салады. Қарапайым ғана мысал, жақында Gradient дейтін қосымша кең қолданысқа енді, онда автоматтандырылған жүйе сенің түр-әлпетіңді оқып, қай ұлтқа қанша пайыз жататыныңды анықтап береді. Ел тұрғындары бұл қосымшаның қызығын жаппай көріп жатты, әйтсе де, сол арқылы биологиялық мәліметтерімен тегін бөлісіп жатқанынан бейхабар. Бұл қосымша арқылы жинақталған мәліметтер базасы қайда, қашан және қалай қолданылатынын да білмейді", – деп ескертеді құқық қорғаушы.

Оқи отырыңыз: Ақпараттық қауіпсіздікті қалай қорғаймыз?

Ерболат Тұрсынқожа ғаламтор адамзаттың екінші өміріне айналғанын, оған деген тәуелділік күн санап артып келе жатқанынымен келіседі, сәйкесінше, онлайндағы құқық шынайы өмірдегі адам құқығына пара-пар екенін айтады. Ел тұрғындарының цифрлық құқық жөніндегі сауатының төмен екенін алға тартқан сарапшы тұтынушылар онлайн кеңістікте өз құқығын қорғай алмауымен қатар, өзгенің құқығына қол сұғып жататын жеткізді.

"Әлеуметтік желілерде эмоцияға беріліп, марқұм болған кісінің түр-әлпеті, тіпті жалаңаш денесі бейнеленген суретін ешкімнен рұқсат сұрамастан жариялап жатады. Бұл заңды рейтинг үшін кейде журналистердің өзі де бұзады. Кішкентай балалардың ата-анасынан рұқсат алмай жатып, жылатып тұрып сұхбат алған жағдайларға да куәміз. Жағдайы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетілсе, түгел отбасының бейнесі көрсетіледі. Одан бөлек емханадағы науқастардың аты-жөні туралы ақпараттар WhatsApp чаттарда емін-еркін көшіп жүреді. Мұндай мазмұндағы ақпарат уақыт өте келе сол оқиғаның кейіпкеріне психологиялық соққы болып тиеді", – дейді сарапшы.

Мамандар қазіргі төтенше жағдай кезеңінде цифрлық құқық туралы сауат ашумен, насихат жұмысымен құзыретті билік органдары белсенді түрде айналысуы керек екенін айтады. Әйтпесе, қазіргі ақпарат тасқынында және онлайндағы белсенділіктің артқан тұсында ел тұрғындары цифрлық білімсіздіктің салдарынан біреудің құқығына қол сұғуы да және кибералаяқтардың құрбаны болуы да әбден ықтимал.

Мақала Сорос-Қазақстан қорының ресми сайтынан алынды.

Серіктестер жаңалықтары