Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: 22 мамыр оқиғалары. Мейрамханалар ашылып, әуе рейстері толық іске қосылады

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Бір тәулікте Covid-19 жұқтырған 322 адам анықталып, 253 науқас емделіп шықты.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. 70 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

22 мамыр. Коронавирус жұқтырғандар саны – 7 919

  • Алматы – 2 001;
  • Нұр-Сұлтан – 1 457;
  • Атырау облысы – 841;
  • Шымкент – 539;
  • Қарағанды облысы – 430;
  • Батыс Қазақстан облысы – 360;
  • Қызылорда облысы – 275;
  • Түркістан облысы – 267;
  • Алматы облысы – 262;
  • Ақтөбе облысы – 242;
  • Жамбыл облысы – 229;
  • Павлодар облысы – 176;
  • Маңғыстау облысы – 164;
  • Ақмола облысы – 142;
  • Қостанай облысы – 113;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 59;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 40.

Жазылғандардың жалпы саны – 4 096.

Көз жұмғандар – 35.

Медицина қызметкерлеріне берілуі тиіс үстемеақыны сантехниктер мен картоп тазалаушылар да алған

Медициналық сақтандыру қоры кей өңірлерде медицина мекемелерінің қызметкерлеріне 560 млн теңге үстемеақы дұрыс есептелмей, негізсіз тағайындалғанын анықтады. Үстемеақы алушылардың тізімін жедел штабтар жанынан құрылған өңірлік комиссиялар қалыптастырады. Сәуір айынан бастап комиссия құрамына медициналық сақтандыру қорының өкілдері кірді. Нәтижесінде, қор наурыз айында 88,5 млн теңге, сәуірде 473 млн теңгеден астам қаражатты негізсіз төлегенін анықтады.

Сәуір айында өңірлер бойынша үстемеақылардың дұрыс есептелмеген ең көп сомасы:

  • Алматы облысы – 146 млн теңге;
  • СҚО – 101 млн теңге;
  • Нұр-Сұлтан – 86,5 млн теңге;
  • ШҚО – 47 млн теңге;
  • Шымкент – 29 млн теңге.

"Бұл үстемеақы тағайындау үшін берілген негізсіз тізім. Кейбір облыстарда тізімге әкімшілік блок қызметкерлері, қосалқы персонал, оның ішінде кір жуып, картоп тазалаушылар және сантехниктер кірді. Ал бұйрықта тек медицина қызметкерлерінің тізімін енгізу кеерктігі нақты көрсетілген", – деді Қордың басқармасы төрағасының орынбасары Марат Шоранов.

Оқи отырыңыз: Биыл айт намазы мешітте оқылмайды. Ораза айт мерекесін үйде қалай өткізген жөн?

25 мамырдан бастап Қазақстанның барлық қалалары арасындағы әуе қатынасы қалпына келеді

Еліміздің барлық әуежайлары жұмыс істей бастайды, ал әуе компаниялары санитарлық-карантиндік шараларды сақтауы шарт. Рейстер әуе компанияларының ресми сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалады. Ұшақтар көліктегі бас санитарлық дәрігер белгілеген санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүзеге асырылады:

  • жеке қорғаныс жабдықтарын пайдалану (бетперделер, қолғаптар);
  • термометрия, әлеуметтік қашықтықтықты әуе кемесінің бортына отыруға дейін ұстану;
  • әуежайлар мен әуе кемелердің күшейтілген дезинфекциясы.

Оқи отырыңыз: "Заңнама жүйесін жетілдіру қажет". Төтенше жағдай сабақтары туралы сарапшылар пікірі

Алматыда халыққа қызмет көрсету орталықтарына бетпердесіз кіруге тыйым салынады

Алматыда 25 мамырдан бастап барлық халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады. Нәтижесінде, 1 600-ден астам адам жұмысқа оралады, оның ішінде клиенттермен тікелей байланыста жұмыс істейтін 933 фронт-офис қызметкері бар. ХҚКО келушілер алдын ала кезек алуы тиіс. Кезекке egov.kz, 1414 немесе EgovKzBot2.0 telegram-бот сервисі арқылы тұруға болады. Өз кезегінде орталық қызметкерлері халықпен жұмыс істеуде санитарлық ережелерді қатаң сақтауы шарт:

  • дезинфекциялық туннельдер орнату;
  • кіре берісте келушілерге қалай кіру керек екендігін және бетпердемен кірулері қажет екендігін ескертетін ақпарат орналастыру;
  • әлеуметтік ара қашықтық сақталуын қамтамасыз ету;
  • кезектерді бөлу.

Оқи отырыңыз: Қазақстан эскалация алдында немесе Ресейдегі коронавирус қарқыны елімізде қайталана ма?

Алматының бас санитар дәрігері той және сауық кешін жасамауға шақырды

25 мамырдан бастап қалада кафелер және қоғамдық тамақтану орындары жұмыстарын қайта бастайды. Дегенмен, Алматының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин тұрғындарды қоғамдық орынға көп бармауға шақырды. Әрі ұжымдық сауық кештерін, банкеттер өткізуге тыйым салды. Асханаларда өз-өзіне қызмет көрсетуге тыйым салынады, даяшылар тамақты үстелдерге әкеліп беруі қажет. Тамақтану нысандары мынандай санитарлық талаптарды сақтауға міндеттелді:

  • қоғамдық тамақтандыру нысандары сағат 23.00-ге дейін жұмыс істейді;
  • үстелдер арасындағы арақашықтық кемі екі метр болуы керек;
  • әр үстелдің басында отбасы мүшелерін қоспағанда, үстелге тек төрт клиент отыра алады.

Оқи отырыңыз: Карантиннен кейін АҚШ-тың бизнес саласы қалай өзгереді? Сараптама

Түркістан облысында ауыл әкімін ТЖ кезінде пикник ұйымдастырғаны үшін жазалады

Шардара ауданы Жаушықұм ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Нұрсейітов төтенше жағдай кезінде табиғат аясында сауық құрғаны үшін жазаланды. Белгілі болғандай, әкім бастаған топ "Энергопоток" ЖШС қызметкерінің туған күнін атап өткен. Сонымен қатар, бұл отырысқа өрт сөндіру қызметінің маманы да қатысқан. Олар пикникте түскен суреттерін әлеуметтік желілерде жариялаған.

Сот қаулысымен туған күн иесіне 27 780 теңге айыппұл салынды. Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін ауыл әкіміне қатаң сөгіс жарияланды. Өртке қарсы қызмет маманы ескертумен құтылды. Бірақ, оның басшысына қызметкерлеріне тиісті бақылау жасамағаны үшін қатаң сөгіс берілді.

Оқи отырыңыз: Бірінші кезеңде 54 пойыз жолға шығады. Билет бағасында өзгеріс бола ма?

Нұр-Сұлтан әлемдегі карантиннен тез шыққан қалалар көшін бастады

Нұр-Сұлтан карантиндік шектеулерден тез құтылған әлем қалаларының тізімінде бірінші орынға ие болды. Мұны "Яндекс" компаниясының "Әлем қалаларының тұрғындары оқшауланудан қалай шығады?" деген зерттеу нәтижелері дәлелдейді.



Есеп жүргізу үшін "Яндекс" сервистерінің деректері, Apple-ді пайдаланушылардың қозғалыс саны туралы ашық статистикасы, сондай-ақ әлемнің әр түрлі қалаларындағы автомобиль трафигі туралы ақпаратты біріктіретін Otonomo компаниясының деректері пайдаланылды.

"Зерттелген 42 қаланың ішінен 21 мамырдағы жағдайға сәйкес Нұр-Сұлтан, Тель-Авив және Баку қалаларында қозғалыс көп болды. Мумбаи мен Мехикода ең төменгі көрсеткіш болды", – деп атап өтті сарапшылар.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары