Covid-19 бүкіл әлемді жаулап алмай тұрған кезде Павел Дуровтың (Вконтакте, Телеграм негізін салушы) бір сұхбатын көріп едім. Ол жыл сайын Телеграм кеңсесін әртүрлі елге ауыстыратынын айқан болатын. Соңғы рет ол өзінің 15 тұрақты қызметкерімен Финляндияға көшіп, бір үлкен коттеджге орналасыпты. Ал меркетинг, дизайн тағы басқа шаруаларына аутсорсинг арқылы басқа компанияларды жалдайды екен.
Карантин кезінде барлық компаниялар үйден жұмыс істеуге үйреніп қалды. Енді бұл карантин шаралары алынса да, жаңа нормаға айналуға жақын. Себебі, күні кеше Твиттер компаниясының негізін салушы Джек Дорси өз қызметкерлерін ешқашан кеңсеге келмесе де болатынын айтты. Твиттер жұмысшылары енді тек қашықтан қызмет етеді. Ал Facebook пен Google әзірге мұндай шешімге келе қойған жоқ. Бірақ олар қызметкерлерін жыл соңына дейін қашықтан жұмыс істейтінін мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: АҚШ-тың карантиннен шығуы неге қиын? Сараптама
Дәл осындай мәселені Нью-Йорк қаласындағы ең үлкен кеңсе ауқымын иемденген Barclays, JP Morgan, Morgan Stanley сынды қаржы институттары қарастырып отыр. Олар кеңселерін толық жауып тастамайтыны анық. Бірақ қызметкерлерінің көп бөлігі қашықтан жұмыс істеуге көшеді. Barclays басшысы Джес Стейли: "7 мың адамды бір кеңседе ұстау ‒ енді өткеннің белгісі", ‒ деді.
АҚШ-та дата анализбен айналысатын ең үлкен компаниялардың бірі Nielsen де осы шешімге келіп отыр. Ол қазіргі кеңсені тек аптасына бір рет қызметкерлердің жиналып, түрлі талқылаулар ұйымдастыруға қолданатынын мәлімдеді. Демек, олар жалдап отырған кеңсесінің барлық бөлігін қажет етпейді.
Оқи отырыңыз: Пандемиядан шығудың үш сценариі. АҚШ пен Батыс Еуропа қай жолды таңдады?
Интернет бумы басталғалы бері алып корпорациялардың дәстүрлі кеңседе отырып жұмыс істеуден қашықтан істеуге ауысу үдерісі ақырындап байқала бастаған еді. Ал пандемияның кесірінен адамдар үйден жұмыс істеуден басқа амалы қалмады. Бұл жаңа өзгеріске тезірек бейімделуге мүмкіндік жасады. Нәтижесінде кеңсе жалға беретін бизнес секторы жақын уақытта өте көп қаржы тапшылығын көретіні анық. Егер өз секторын басқа арнаға бұрып, бейімделе алмаса, тіпті нарықтан біржола кетуіне тұра келуі де бек мүмкін.
Десе де, жылжымайтын мүлік секторының алып өкілдері мұндай өзгерісті мойындауға асықпай тұр. Мысалы, Нью-Йорк қаласындағы Vornado Realty Trust және Empire State Realty Trust деп аталатын кеңсе орындарын жалға берумен айналысатын ең үлкен екі компания басшылары карантиннен кейін кеңсеге асығатын азаматтар керісінше көп болатынын айтты. Олардың аргументтері де салмақты шығар. Бірақ, Джек Дорсидің шешімі мен алып банктердің басшыларының жүрісі босқа емес және жаңа серпін болары анық.
Оқи отырыңыз: АҚШ доллары халықаралық мәртебесінен айырыла ма? Сараптама
Бұл өзгеріс барлық секторға әсер еткелі тұр. Мысалы, жоғарыда аталған үш алып банк жылжымайтын мүліктен Нью-Йорк қаласының бюджетіне түсетін салықтың үштен бір пайызын төлейді екен. Егер олар кеңсесін қысқартса, салық та азаяды. Егер салық азайса, ол қаладағы полиция, өрт сөндіру сынды қоғамдық қызмет түрлеріне әсер етеді. Ал адамдар күн сайын Манхэттендегі кеңселеріне қатынамаса, транзит қызметінің табысы күрт қысқарады. Күн сайын кеңсе қызметкерлеріне қызмет көрсететін ресторан секторы да үлкен шығынға тап болатыны анық.
Осыдан бір ай бұрын америкалық сарапшылар пандемияның кесірінен АҚШ экономикасы үлкен зардап көргенімен, жыл соңына қарай V форматында тез қайта қалпына келетінін болжаған болатын. Бірақ мынадай өзгерістер пандемияның кейінгі экономикалық ахуалдың жылдам бұрынғы деңгейіне келе қоймайтынын білдіреді.
Әрине, қашықтан жұмыс істеудің де өз қиындықтары бар. Мысалы, командалық жұмыстың қашықтан шаруа бітіруі жобаның кешігуіне немесе сапасыз өнімнің шығуына негіз болады. Бірақ мұндай челленджді шеше алған компаниялар бар. Демек, басқалар да осы жаңа реалияға бейімделуге тырысады. Себебі бизнестің негізгі мақсаты ол табыс екенін ескерсек, кеңсе шығындары кез келген бизнеске таптырмайтын қысқарту болатыны анық.