Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: 17 мамыр оқиғалары. Елордада карантин шаралары күшейтілуі мүмкін

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Бір тәулікте 307 адам Covid-19 жұқтырғаны анықталып, 276 науқас емделіп шықты.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. 65 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

17 мамыр. Коронавирус жұқтырғандар саны – 6157

  • Алматы – 1 802;
  • Нұр-Сұлтан – 1 231;
  • Атырау облысы – 541;
  • Батыс Қазақстан облысы – 310;
  • Шымкент – 344;
  • Қызылорда облысы – 245;
  • Ақтөбе облысы – 228;
  • Қарағанды облысы – 232;
  • Жамбыл облысы – 203;
  • Түркістан облысы – 203;
  • Алматы облысы – 206;
  • Павлодар облысы – 162;
  • Маңғыстау облысы – 153;
  • Ақмола облысы – 125;
  • Қостанай облысы – 78;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 58;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 36.

Жазылғандардың жалпы саны – 3256

Көз жұмғандар – 34.

Нұр-Сұлтанда санитарлық нормалардың сақталмауына байланысты карантин шаралары күшейтілуі мүмкін

Елорда әкімдігінің хабарламасына сәйкес, санитарлық нормаларды бұзғаны үшін бірқатар нысандар жабылды, атап айтқанда, құрылыс компаниялары, азық-түліктік емес дүкендер, мейрамханалар, дәмханалар (өзімен алып кету қызметін қосып, жұмыс істегендер) және т. б.

Нысандар қатаң санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтаған жағдайда ғана ашылады.

Адамдар әлі де қорғанып жүруге міндетті, маска кию тәртібі барлық жерде сақталуы керек, егер әлдебіреу қатаң санитарлық нормаларды ұстанбаса, қалада қайтадан қатаң карантин ережелері орнатылады, және қазіргідей бәсеңдету шаралары алынып тасталады. Біздің қалыпты өмірге тезірек қайта оралуымыз өзімізге тікелей байланысты, – деді Нұр-Сұлтан денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова.

Оқи отырыңыз: Карантиннен кейін АҚШ-тың бизнес саласы қалай өзгереді? Сараптама

Ақтөбеде карантиндік жаңа шаралар енгізілді

Ақтөбе қаласында соңғы аптада Covid-19 вирусын жұқтырғандар саны күрт көбеюіне байланысты төмендегі мекемелердің жұмысы әлі де тоқтатыла тұрады:

  • азық-түлік, мал, автокөлік, құрылыс базарлары;
  • аумағы 2 мың шары метрден аспайтын, азық-түлік сатпайтын дүкендер;
  • спорт залдары (спортшыларға);
  • ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер және басқа да адам көп жиналатын орындар;⠀
  • мектепке дейінгі мекемедегі кезекші топтар;
  • автокөлік вокзалдары;
  • азық-түлік тауарларының көрмесі;
  • балалар лагері;
  • сауда үйлері;
  • фитнес-клубтар, жаттығу залдары, спорт кешені;
  • бассейн, аквапарктер;
  • бильярд, боулинг орталықтары;
  • компьютерлік интернет-клубтар, ойын залдары;
  • букмекерлік кеңселер, лото.
Оқи отырыңыз: Оқушыларға арналған гранттар. Qazbilim олимпиадасына қалай қатысуға болады?

Теңіз кен орнында тағы 35 жұмысшының коронавирус жұқтырғаны анықталды

Теңіз кен орнында тағы 35 жұмысшыдан коронавирус анықталды. Олардың арасында Үндістанның 3 азаматы, Филиппиннің 1 азаматы бар. Бұл туралы Атырау облысының Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ететін жедел штабтың өкілдері хабарлады. Хабарламада: "35 жұмысшының вирус жұқтырғаны скрининг кезінде белгілі болды" делінген.

Қазір науқастар жұқпалы аурулар стационарында тиісті ем қабылдап жатыр. Олармен байланыста болған адамдар дәрігерлердің бақылауына алынды.
Атырау облысында коронавирус жұқтырған жандар саны 541-ге жетті. Ал, Теңіз кен орнында вирус жұқтырғандар саны – 463. Пессимистік болжам бойынша, мамыр соңына дейін облыста вирус жұқтырғандардың саны 2 мыңға жетуі мүмкін.

Елордада қоғамдық көліктер тоқтатылуы мүмкін

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі санитарлық нормаларды сақтамаған жағдайда қоғамдық көліктер қозғалысы тоқтатылуы мүмкін екенін хабарлады. Жолаушылар медициналық маска тақпаған жағдайда қоғамдық көлікке кіргізілмейді.

Көлік бақылау қызметінің қызметкерлері күн сайын рейд жасап, автобус жүргізушілері мен жолаушыларының санитарлық ережелерді қаншалықты сақтап жүргенін тексеріп жүр. Таяуда ғана 1 автопарк жүргізушісінің коронавирус жұқтырғаны анықталып, карантинге жабылды.

Қоғамдық көлік қызметі 12 мамырдан бастап қызметін қайта бастады. Қала ішіндегі автобустар таңғы сағат 06.00 мен түнгі сағат 22.00 арасында жүреді. Қала сыртына қатынайтын автобустар қызметі екінші кезеңде іске қосылады.

Оқи отырыңыз: Мешіттер 18 мамырда ашылады. Намаз оқу, құран оқыту және неке қидыруға қандай талаптар қойылады?

Алматы облысында аудандар мен қалалар арасындағы блок-бекеттер алынады

Алматы облысының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, өңірде карантин режимі сақталып, карантиндік шараларды бірте-бірте жеңілдету процесі жалғасады. Облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Қайрат Баймұхамбетовтің қаулысы Алматы облысы әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.

Қаулыға сәйкес, коронавирус инфекциясының таралуы тоқталмаған аймақтарды қоспағанда, аудандар мен қалалар арасындағы блок-бекеттер алына бастайды.

18 мамыр күні таңы сағат 08.00 бастап жұмысын бастайтын мекемелер тізімі:

  • азық-түлік сатпайтын барлық дүкендер, оның ішінде сауда үйлері (орталықтар);
  • сағат 10.00 мен 17.00 аралығында жұмыс істейтін азық-түлік базарлары және азық-түлік сатпайтын базарлар;
  • монша (қоғамдық монша емес), сауналар, спа, массаж орталықтары;
  • мектепке дейінгі ұйымдардың кезекші топтары (жасы бойынша);
  • шағын кешенді білім орталықтары, үйірмелер (жазылу бойынша);
  • құтқарушыларды, техникалық қауіпсіздікке жауаптыларды дайындайтын және қайта даярлайтын мамандандырылған оқыту орталықтары;
  • 50 орынға дейінгі стадиондар;
  • Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы» РМКК.

Қоғамдық орындарды, өнеркәсіптік аумақтарды, әуежайларды, аулалардағы балалар алаңдарын және басқа да нысандарды санитарлық және дезинфекциялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жалғасады. Коронавирус инфекциясын жұқтырудың жаңа деректері тіркеліп отырған Талғар, Кеген аудандары мен Талдықорған қаласына бұл қаулының қатысы жоқ.

Серіктестер жаңалықтары