2025 жыл Қазақстанда елді елең еткізген тосын жаңалықтар мен өзгерістер көп болды. Байлық салығы енгізілді, қыз алып қашуға тыйым салынды және "Реал Мадрид" футбол клубы Қазақстанға келді. Informburo.kz осы сияқты елді елең еткізген басты оқиғаларға шолу жасап, олардың қоғам өміріндегі салмағын таразылап көрді.
Бір палаталы парламентке ауысу
8 қыркүйек күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында парламентті бір палаталы модельге көшіру туралы стратегиялық бастама көтерді. Мемлекет басшысы бұл реформаның тағдырын асығыс шешпей, алдымен қоғам мен сарапшылар деңгейінде бір жыл бойы жан-жақты талқылауды, ал 2027 жылы түпкілікті шешімді жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсынды. Егер халық қолдауына ие болса, болашақ Парламент мажоритарлық жүйеден бас тартып, толығымен партиялық тізім негізінде жасақталатын болады.
Оқи отырыңыз: Бір палаталы парламент: Қазіргі жүйеден айырмашылығы қандай және әлемдік тәжірибеге шолу
Жаңа салық кодексі қабылданды
Жылдың тағы бір стратегиялық маңызды оқиғасы — жаңа Салық кодексінің әзірленіп, қабылдануы болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған құжатқа 18 шілдеде қол қойды. Жаңа ережелер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Жаңа кодекс бойынша, қосымша құн салығының базалық мөлшерлемесі 16% болып бекітілді. Алайда дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер үшін ҚҚС 2026 жылы – 5%, ал 2027 жылы 10% деңгейінде болады. БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан толық босатылады.
Жеке тұлғалар үшін салықтық әкімшілендіру жеңілдейді. Енді азаматтар жылына бір рет бірыңғай декларация тапсырады, ал салық сомасы аз болса, оны жылына бір-ақ рет төлеуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ "байлық салығы" енгізіледі.
Үкіметтің болжамы бойынша, бұл реформалар мемлекет қазынасына қосымша 3-5 триллион теңге табыс әкелуі тиіс.
Қыз алып қашуға тыйым салынды
2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қылмыстық кодекске "Неке қиюға мәжбүрлеу" деген жаңа 125-1-бап енгізілді. Енді қыз алып қашу немесе адамды некеге тұруға мәжбүрлеу ауыр қылмыс саналып, ол үшін 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар жәбірленушіні өз еркімен жібергені үшін қылмыстық жауапкершіліктен босататын норма жойылды, яғни жаза кез келген жағдайда тағайындалады.
Сонымен қатар, заңнамада алғаш рет "сталкинг" (аңду) ұғымы пайда болды. Енді адамның жеке шекарасын бұзу, еркінен тыс ізіне түсу немесе интернет арқылы қудалағаны үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл (786 400 теңге), қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған.
ЛГБТ насихатына тыйым салынады
Сенат ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу туралы заңды мақұлдады. Құжат Президенттің қол қоюына жолданды.
Аталған заң педофилияны және дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттайтын ақпаратты қоғамдық кеңістікте, бұқаралық ақпарат құралдарында, телекоммуникация желілерінде және онлайн-платформаларда орналастыруды шектеуді көздейді. Сенатта атап өтілгендей, заңның басты мақсаты – балалардың құқықтарын қорғау.
АЭС құрылысы басталды
Балқашта атом электр станциясының құрылысы басталды. Құрылысты ресейлік "Росатом" компаниясы жүргізеді. Жобаға шетелдік компаниялар қатысқанымен, Қазақстан станцияның жалғыз иесі болып қалады және жобаға толық бақылау жасайды. Ал радиоактивті қалдықтарды қабылдау мен сақтаумен Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық айналысатын болады.
Еске салайық, бұл мәселе бойынша 2024 жылы қазанда жалпыұлттық референдум ұйымдастырылып, қазақстандықтардың 71,12%-ы жобаны қолдаған еді.
Сонымен қатар билік қытайлық CNNC компаниясына екінші АЭС-тің жобасын әзірлеуді ұсынды.
Шерзат Полат ісіне нүкте қойылды
2024 жылдың соңында басталған Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты сот 2025 жылдың маусымында аяқталды.
Сот Ержан Жанұзақовтың үкімі бойынша:
- Абзал Шынасыл – 23 жылға;
- Равиль Сакиев – 20 жылға;
- Азамат Тоқтаубаев – 15 жылға;
- Нұрқияс Ильясов – 9 жылға;
- Шыңғыс Белқожаев – 7 жылға;
- Дархан Әскентай –7 жылға;
- Нұрбол Тоқтаубаев – 7 жылға;
- Дидар Қалиахметов – 7 жылға;
- кәмелет жасына толмаған сотталушы 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар сотталушылар қаза болған адамның отбасына өтемақы төлеуге міндеттелді. Атап айтқанда, Шынасыл – 60 млн теңге, Сәкиев – 30 млн теңге, қалған сотталғандар бірлесіп тағы 30 млн теңге төлеуге тиіс.
Еске салайық, 16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылғы 4 қазанда төбелес кезінде алған пышақ жарақатынан қаза болды. Осы оқиға бойынша 11 адам ұсталды. Шамамен бір аптадан кейін Шерзаттың отбасы тұратын Азат ауылындағы үйі өртеніп кетті. Бас прокуратура бұл өрттің қасақана қойылғанын хабарлады. 21 қаңтарда тергеу аяқталды. Оның аясында 40 сот-медициналық сараптама жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынды.
Қылмыстық істің көлемі 62 том болды.
Перизат Қайрат ісі
2025 жылы ел назарын аударған тағы бір сот отырысы – Перизат Қайрат ісі болды. Қайырымдылық көмек көрсету сылтауымен жиналған қаражатты жымқырғаны үшін қоғам белсендісі Қылмыстық кодекстің:
- 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы – "Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық";
- 218-баптың 2-бөлігі 1-тармағы – "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын және басқа мүлікті заңдастыру (жылыстату)";
- 218-баптың 3-бөлігі 3-тармағы – "Аса ірі мөлшерде қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын және басқа мүлікті адамдар тобының заңдастыруы" бабы бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Оқи отырыңыз: Астанада қайырымдылық қорының жетекшісі қамалды. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 млрд теңгені ұрлаған
ЖИ министрлігі құрылды
18 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Президент жаңа ведомствоны басқару ісін Жаслан Мәдиевке сеніп тапсырды.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Жаслан Хасенұлы Мәдиев Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды", – делінген Ақорданың хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Министр, судья, партия хатшысы. Әлемде жасанды интеллект қандай қызметтерге тағайындалды
"Alatau City" ақылды қаласы салынады
Жаңа технологиялар мен жасанды интеллект саласындаңы тағы бір жаңалық – Алматы облысында Alatau City ауқымды жобасының іске қосылуы болды. Жаңа қалада криптовалютамен төлеу жүйесі енгізіліп, қаланы басқару ісіне жасанды интеллект жауапты болады.
Жоба бюджеті 8,8 млрд теңгені құрайды. Алғашқы бастамаларға цифрлық сервистер, «ақылды» архитектура және сынақтары 2026-2027 жылдарға жоспарланған аэротакси пилоттық жобалары кіреді.
Қала төрт негізгі аймаққа бөлінеді:
- Gate – қаржы және іскерлік орталығы;
- Golden – білім, ғылым және тамақ өнеркәсібі орталығы;
- Growing – өнеркәсіптік және логистикалық орталық;
- Green – туристік және ойын-сауық орталығы.
Астанада LRT жүре бастады
Астанада көптен күткен LRT жүре бастады. Әзірге жолаушы алмайды, жылдамдығы небәрі сағатына 10 шақырым. Машинист жоқ, барлығы автоматтандырылған басқару жүйесі пойыздың қозғалысын, есікті ашып-жабуын, тіпті тоқтауын операторсыз атқарады. Қауіпсіздік, байланыс, төтенше жағдай – бәрі біртіндеп тексеріледі.
Жүйе 2026 жылы толық іске қосылып, елорда тұрғындарын тасымалдайды. Билет құны 200 теңге көлемінде болады.
"Реал Мадрид" Қазақстанға келді
2025 жылы спорттағы сенсация – Чемпиондар лигасы аясында аты аңызға айналған "Реал Мадрид" клубының Қазақстанға келуі болды. Жанкүйерлер әлемдік жұлдыздарды көру үшін әуежай мен команда тоқтаған қонақүй алдында сағаттап кезекте тұрды.
Ойын билеттері сатылымға шыққан санаулы сағаттар ішінде таусылып қалды. 30 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында өткен "Қайрат" пен "Реал Мадрид" кездесуіне 20 мыңнан астам көрермен жиналды. Тіпті, матчты тікелей эфирде тамашалағысы келгендердің көптігінен онлайн-трансляциялар жүктемені көтере алмай, жиі істен шығып жатты.
Кездесу 5:0 есебімен аяқталса да, Қазақстан үшін бұл ойынның мәні әлдеқайда терең болды. Бұл тек спорттық шара емес, елдің халықаралық аренадағы имиджін арттырып, мыңдаған жанкүйерді біріктірген тарихи оқиға ретінде есте қалды.
Джей Ло мен Backstreet Boys концерт берді
@kazinform_news Бақытты шегіртке: Концерт кезінде JLo-ның мойнына шегіртке қонды #kazinform #jlo ♬ Beat Automotivo Tan Tan Tan Viral - WZ Beat
Биылғы концерттік маусым Қазақстан үшін ерекше оқиғаларға толы болды. Әлемдік деңгейдегі поп-дива Дженнифер Лопес пен аты аңызға айналған Backstreet Boys тобының келуі еліміздің мәдени өмірін ғана емес, экономикасын да айтарлықтай жандандырды.
Джей Ло Қазақстанда екі ірі концерт берді. 1 тамызда Астанада, ал 10 тамызда Алматыда өткен шоу нағыз думанға ұласты. Елге 15 мыңнан астам шетелдік қонақ келді. Мегаполистердің билігі қауіпсіздік шараларын күшейтіп, көлік кептелісін болдырмау үшін бірнеше көшені жауып, жанкүйерлерге арнайы автобус қызметін іске қосты.
Бұл шарадан 400 млн теңгеден астам сома тікелей салық түсімдері ретінде ел қазынасына түсті.
Концертте әншінің мойнына қонып алған шегіртке де "хит" болды. Бұл сәт әлеуметтік желілерде лезде мемге айналып, көпшіліктің есінде қалды.
Ал 19 және 21 қыркүйек күндері Алматы мен Астана сахнасында аты аңызға айналған Backstreet Boys тобы өнер көрсетті. Бойз-бэнд Қазақстанға толық құрамда келді.
lw-3094948329-1
USD:
505.5 / 511.5
EUR:
589.5 / 596.5
RUB:
6.31 / 6.45