Бұған дейін Алматы облысының Іле ауданындағы Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қалалар санатына жатқызылып, ол Алатау қаласы деп аталатынын хабарлағанбыз. Енді Үкімет қаланың бас жоспарының жобасын қоғам талқысына ұсынды.
Жобада қала аумағына Жетіген ауылынан бөлек қандай елді мекендер енетіні жазылған. Олар:
- Талғар ауданындағы Дәулет және Қайрат ауылдары;
- Іле ауданындағы Жетіген, Еңбек, Жаңаарна, Күйған, Жаңадәуір, Жаңаталап, Ынтымақ, Қоянқұс елді мекендері;
- Қонаев қалалық әкімшілігіне қарасты Заречное және Арна ауылдары.
Оқи отырыңыз: Алматы облысындағы Жетіген ауылы Алатау қаласы болып қайта құрылады
Сондай-ақ, қала төрт негізгі аймаққа бөлінетіні белгілі болды. Олар:
- Gate – қаржы және іскерлік орталығы;
- Golden – білім, ғылым және тамақ өнеркәсібі орталығы;
- Growing – өнеркәсіптік және логистикалық орталық;
- Green – туристік және ойын-сауық орталығы.
"Әр аймақ үшін оның экономикалық әлеуеті мен экономиканың тарихи қалыптасқан салалық құрылымына негізделген мамандандыру анықталды. Аймақтың экономикалық мамандандырылуына сүйене отырып, аумақты барынша тиімді дамытуға мүмкіндік беретін қажетті инфрақұрылымдық, ғылыми-білім беру, өнеркәсіптік және өзге де объектілердің тізбесі айқындалды", – делінген бас жоспардың жобасында.