Тікелей эфир

Оқушылар қазір неге қатыгез және оған әке-шеше тәрбиесінің қатысы қандай?

Сурет: depositphotos.com
Сурет: depositphotos.com
Психоаналитик Жанар Оспан құрбандармен жұмыста виктимблеймингке жол беруге болмайтынын айтады.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, 11 және 13 жастағы әрбір бесінші, 15 жастағы әрбір оныншы жасөспірім мектепте буллингке ұшырайды. Мұнымен қатар, халықаралық компанияның сауалнамасына қатысқан ата-аналар білім ордасындағы осындай жағдайдан кейін баласының өзіне берер бағасы төмендеп, қатты күйзелгенін айтады. Осы орайда, психоаналитик мамандар балалар мен жасөспірімдердің бір-біріне қысым көрсету себебін түсіндіріп, агрессор мен жәбірленушіге қалай қол ұшын созуға болатынын айтты. 

Буллинг дегеніміз не? 

"Касперский зертханасы" балалардың кибербуллинге ұшырауы тақырыбында ата-аналар арасында сауалнама жүргізді. Нәтижесі келесідей: 

  • балам қатты күйзелді – респонденттердің 55%;
  • өзіне берер бағасы төмендеді – 45%;
  • оқу үлгерімі нашарлады – 40%;
  • депрессияға шалдықты – 40%;
  • қоғамдағы белсенділігі төмендеді – 35%;
  • дұрыс ұйықтай алмады 25%.

Буллинг дегеніміз – ұжымдағы бір немесе бірнеше адамды агрессивті түрде қудалау немесе қорлау. Ағылшын тілінен аударғанда bullying сөзі "қорқыту" деген мағынаны білдіреді. 


Оқи отырыңыз: Балаға ақша жинау мен жұмсауды қалай үйреткен дұрыс? Психолог кеңесі


1972 жылы П.Хайнеман "Моббинг. Ересектер мен балалар арасындағы топтық зорлау" атты кітабында зорлық-зомбылық әрекеттерді жүзеге асыру процесін бірнеше деңгейге бөледі:

  1. Топ мүшелерінің бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болуы. 
  2. Өздеріне ұқсамайтын жаңа адамның келуіне байланысты топтың өзін жайсыз сезінуі.
  3. Топтың құрбан рөлін "сомдайтын" адамға қарсыласуы. 
  4. Құрбанның көзін жойған соң топтың бастапқы – өзін жайлы сезінетін қалыпқа келуі. 

"Мектепте "Қабақ келе жатыр" деп кемсітетін"

Шымкент қаласының тумасы Даяна Аманова қазір университетте білім алып жүргеніне қарамастан, бала күнгі қорқынышының әлі күнге дейін мазалайтынын айтады. 

"Бастауыш сыныпта қазақ тілін жақсы білмедім. Әке-шешем ана тілімізде сөйлесін деген ниетпен мені қазақ сыныбына ауыстырды. Сол кезде балалар "Сен аузыңды ашпашы, сен сөйлемей-ақ қойшы, сен орыс қоя салшы" деп бірден аузымды жауып тастайтын. Мұнымен қатар, ауладағы достарым артық салмағыма байланысты кемсіткенде қатты қиналатынмын. "Қабақ келе жатыр, Қабақпен ешкім билемейтін шығар, Қабақты ешкім көтере алмайды ғой" деген секілді сөздер болатын. Айналамдағы балалар үшін бұл ойын болған шығар, бірақ сол кезде көңіліме қатты тиетін. Арада көп жыл өткеніне қарамастан, әлі күнге дейін ортаға сіңісе алмай қаламын деген қорқыныш бар", – деді Даяна Аманова. 

    Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярова жәбірленуші тарап қана емес, агрессорға да үлкен көмек қажет екенін айтады. Осы орайда маман оқушы қыздың басынан өткен оқиғасын бөлісті. 


    Оқи отырыңыз: "Ең жақын адам". Бауыр басу бала өміріне қалай әсер етеді?


    "Ата-анасы "оқу үлгерімі нашарлап кетті" деп әкелгенімен, терапия барысында мәселенің мүлдем басқада екенін анықтадық. Білім сауаты төмен деп айта алмайсың, өйткені өте ақылды қыз еді. Мектепте бұл қызды "бригадир" деп атайды, психология тілінде "агрессор" деген сөз. Мектептегі кез келген қызды тізе бүктіріп, өзіне ақша әкеліп отыратындай жасайды. Егер құрбаны бұл туралы біреуге тіс жаратын болса, жанындағы көмекшілерімен бірге жағдайын бұрынғысынан бетер нашарлатып жібереді. Ұрып-соққаннан кейін бір жерде байқамай құлап қалды деп айтады. Жан жарасын емдеуге көмектесу үшін бойынан бір адам баласына тән қасиетті табуға тырыстым. Ол мектептегі алғашқы махаббаты еді. Бастапқыда жігіті екеуінің арасында романтикалық қарым-қатынас болып, кейін ұл бала зорлық-зомбылық көрсетуге дейін барған. Бұл туралы кімге айтарын білмеген оқушы қыз, сол жігітіне деген жек көру сезімін өзінен әлсіздерге бағыттап отыр. Терапияда жан жарасын емдеген соң шетелде білім алып, бүгінде аяулы жар, ана болып отыр. Маған бұл оқиғаны еске алудың өзі ауыр. Яғни әрдайым, қатыгез адамдарға да үлкен көмек қажет екенін ұмытпауымыз керек", – деді Анна Құдиярова. 

    "Кейде бала өзінің қаншалықты қатыгез екенін білмейді"

    Психоаналитик Константин Колобов кейде адамның өзінің агрессор екенін білмейтінін айтады. Сондықтан буллинг мәселесінде жеке анализге қарағанда, топтық терапияның пайдасы мол екенін айтады. 

    "Маған ем алу үшін келген қыздың әке-шешесі таңнан кешке дейін жұмыста еді. Қыздарының мектептегі өміріне аса араласпаған. Әке-шешесінің эмоциялық қолдауын сезетін бала буллинг кезінде өзін қорғай алады. Тіпті құрдастарының сөзін әзілге айналдырып, арадағы қарым-қатынастың жақсаруына ықпал етеді. Зерттей келе қыз бала бір жаста болғанда анасының жұмысқа шығып кеткенін анықтадық. Яғни алғашқы 18 айда қалыптасатын базалық сенімге нұқсан келіп тұр. Сәби бір жарым жасқа дейін әке-шешесінің айнымас қамқорлығын сезінуі тиіс. Агрессор үшін де, құрбан үшін де топтық терапия жақсырақ көмектеседі. Өйткені бір бала үшін буллинг ойын, қалыпты әрекет болып көрінуі мүмкін. Ал топтық терапияда кері байланыс болғандықтан, адам өз әрекетінің басқалар үшін қаншалықты ауыр екенін түсінеді. Топтық терапиядан жақсырағы, әрине, бала мен ата-ана арасындағы эмоциялық байланыстың беріктігі", – деді Константин Колобов. 

    Ата-анасы қалаған оқуына жібермеген қыз 10 жыл үйден шықпаған

    Психоаналитик Анна Құдиярова балалардың тек мектеп пен университетте ғана емес, өзінің туған отбасында да буллингке ұшырайтынын айтады. Мамандығын ата-анасы таңдап берген қыз бала 10 жылға жуық уақыт депрессияда болып, ешкіммен араласпауды жөн көрген. 

    "Мамандық таңдауға байланысты отбасынан қысым көретіндер көп. Көбіне ата-аналар әнші, биші немесе актер болғысы келген балаларын тыйып тастайды. Балет бишісі болғысы келетін ұл балаларға "Біздің отбасымызда олай болуы мүмкін емес. Ер балаға жараспайды" деп ұрысады. Бірде маған мамандығын ата-анасы таңдап берген қыз бала келді. Әке-шешесі қинап жіберген оқуын тәмамдаса да, сол мамандық бойынша бір күн де жұмыс істемеген. Депрессияға шалдығып, 10 жыл уақыт үйінен шықпай қалған. Енді ата-анасы қалағаныңды істе деп отыр. Бірақ қыз баланың он жыл өмірі қайда қалды?" – деді маман. 


    Оқи отырыңыз: Жас жұбайлар неге жиі ажырасады? "Мінезіміз сай келмедінің" астарында не жатыр?


    Осы орайда психоаналитиктер баланың агрессор немесе құрбан рөлін сомдауы отбасындағы климатпен тікелей байланысты екеніне тоқталды. Біреулерінің көзі көгеріп, мектептен таяқ жеп келсе, енді екіншілерінің жан жарасын жай көзбен байқау мүмкін емес. Мұнымен қатар, Константин Колобов буллингтің жыныстық ерекшелігі болатынын атап өтті. 

    "Ер азаматтардан құралған ортада әрдайым "иерархия" деген түсінік бар. Бұл ортада қанша адам бар екені маңызды емес, бірақ міндетті түрде басқаратын бір адам болады. Араға уақыт салып сол басшының қарсыласы пайда болады, кейін орындары ауысады. Қыз балалар арасында буллинг болмайды деген де қате пікір. Бірде терапияға 14 жастағы қыз баланы алып келді. Өзі әдемі, ешқандай ментал ауытқуы жоқ, сабағын да жақсы оқиды. Мектепте өте белсенді, қажет болғанда өз көзқарасын қорғай біледі. Жоғары сыныптың ұлдары оған жарыса сезімін білдіретін. Алайда, сыныптастарымен қарым-қатынасы аса жақсы емес еді. Жанына ешкім жоламайды, отыра қалса, маза бермейді. Кейін сыныптастарының бәрі бірігіп оған түрлі қастандық жасай бастайды. Бұл жерде оны құрдастары өздерінен қатты өзгешеленгені үшін ұнатпай тұр", – деді психоаналитик Константин Колобов. 

    "Буллингпен жұмыста виктимблеймингке жол беруге болмайды"

    Астаналық психоаналитик Жанар Оспан буллингтің түп-тамыры отбасында жатқандықтан, жасы үлкендердің доминанта рөлін дұрыс пайдалануы керектігін айтады. 

    "Маугли" мультфильміндегі Балу аю естеріңізде ме? Жасы үлкендер дәл солай жасы кішілерді бағыттап, қамқорлық танытып отыруы тиіс. Ал егер ата-ана өзінің доминанта екенін пайдаланып, моральдық және физикалық тұрғыдан балаға қысым жасайтын болса, бала сөзсіз агрессиясын мектепке барып шығарады. Санасында өзіңнен әлсіздерге күш көрсетіп, мықтырақ екеніңді көрсеткенде ғана жақсы өмір сүре аласың деген түсінік қалыптасады. Мұндай отбасында өскен балалар көбінесе 8-9 және 11-13 жаста басқаларға буллинг жасай бастайды. Екіншіден, буллинг кезінде топ мүшелерінің өзіндік рөлі болады: агрессор, құрбан, куәгерлер, әділдік үшін күресуші және агрессорға жағымпазданатын балалар. Соңғылары таяқ жеп қалудан қорқатындықтан, агрессор айтқанның бәрін жүзеге асырады", – деді Жанар Оспан. 


    Оқи отырыңыз: Just Support директоры: Мектеп психологы бәріне үлгеруі үшін тәулікте 48 сағат болуы қажет


    Психоаналитик буллинг агрессор мен құрбан арасындағы емес, топтың ауруы екенін айтады. Сондай-ақ, ол жағдайды орнықтыруға мектепте беделі мықты маманның араласуы керектігіне тоқталды.  

    "Құрбанның әке-шешесі сыныптастар арасындағы кикілжіңді реттей алмайды. Сондықтан бұл жерде иерархия бойынша жоғарыда тұрған маман тікелей кірісуі керек. Сондай-ақ, буллинг мәселесінде құрбан мен агрессорды жайына қалдырып, басқа "рөлдегі" балалармен жұмысты бастау қажет. Құрбан онсыз да сыныптастарының назарында жүрген адам болғандықтан, оны мүлдем атамаған абзал. Бұл екеуінен бөлек, буллинг куәгерлер мен доминантаға жағымпазданатын балалардың психикасында үлкен жарақат қалдырады. Әсіресе, куәгерлер құрбанның жағына шыққысы келсе де, амалсыз үнсіз қалады", – деді маман. 

    Мұнымен қатар, Жанар Оспан бар жауапкершілікті құрбанға артып қоюға, "өмір өз қолыңда, бірінші сен өзгеруің керек" деп айтуға болмайтынын ескертті. Айтуынша, көптеген жас психолог оқушылармен жұмыста виктимблеймингке жол береді. 

    Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
    Серіктестер жаңалықтары