Тікелей эфир

Just Support директоры: Мектеп психологы бәріне үлгеруі үшін тәулікте 48 сағат болуы қажет

Қазақстанда бір психологқа 1500-2000 баладан келеді.

Just Support ЖҚ атқарушы директоры, психолог, жасөспірімдер суицидінің және буллингтің алдын алу бағдарламаларының жетекшісі Светлана Богатыреваның айтуынша, бір мектепте бірнеше психолог маманның болғаны абзал. Олардың бірі – бастауыш, екіншісі – орта, үшіншісі – жоғары сынып оқушыларымен, ал төртінші психолог ұстаздар ұжымымен жұмыс істеуі тиіс. 

"Біз сол кезде ғана психолог маманның жұмысының сапасы туралы айта аламыз. Жуырда есеп жүргізіп, осы жұмыстардың бәріне бір психолог маман үлгеруі үшін оған тәулігіне 48 сағат қажет болатынын есептеп шығардық", – деп мәлімдеді психолог.

Ол "Барлығына педагог мамандар сендер кінәлісіңдер, міндеттісіңдер" деген риторикадан арылу қажет екенін айтады. Мұның орнына түсіністік таныту риторикасы көбірек көмектеседі.

"Ұйым ретінде бұл проблемаға әсер ету үшін не істеу керек деген сұрақ туындайтын шығар. Ол үшін бірінші кезекте ЖОО-да педагогтерді дайындау бағдарламасын психология бағытымен кеңейтуіміз және әлемдік трендпен қоян-қолтық дамуымыз керек деп ойлаймын. Стенфорд, Гарвард мамандары көптен бері икемділіктің адам өмірінде аса маңызды рөл ойнайтынын айтып келеді. Тіпті, ол білім алудан да жоғары тұруы мүмкін. ЖОО-ны қызыл дипломмен тәмамдап жұмыс таба алмай жүрген көптеген түлекті білеміз. Сондай-ақ, үш деген бағамен оқыған, кез келген ортаға икемделе алатын азаматтардың мықты карьера құрғанын да көріп жүрміз. Неге бұлай екенін зерттеген кезде, екіншілерінің табыстылығы икемді дағдылармен байланысты екенін түсіндік. Бұл – эмоционал интеллект, қарым-қатынас құра білу, кикілжіңдерді шешу және ассерсивті бола білу", – деді Светлана Богатырева.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда балалар құқығы қалай қорғалады? Министр түсіндірмесі


 Just Support ЖҚ атқарушы директоры өзімізді ашуландырған адамға агрессивті түрде жауап бермей конструктивті диалог құруға кеңес берді. Айтуынша, кикілжің кезінде "жұмсақ" жауап қайырып қана қоймай, өз шекараңды қорғай білу де маңызды.

"Осы сияқты дағдылар ата-ана, бала және педагогтерге жетіспейді. Ішінде, расымен де, педагог мамандарда жұмыс істеу құралы тым аз. Тіпті, мектептің бастауыш қанатынын өтіп бара жатып ұстаздардың оқушыларға дауыс көтеріп жатқанын естуге болады. Мұғалімдер баланы зомбылық тәсілдері арқылы тәртіпке бағындыра аламын деп ойлайды. Әлемдік тәжірибеде озық әдістер әлдеқайда ерте дамып, қолданылып жүр. Біз бар болғаны соларды алып, өз жұмысымызға енгізсек болғаны", – деп қосты психолог.

Мұнымен қатар, ол елдегі біліктілікті көтеру жүйесін "қатал және баяу жүзеге асады" деп сынға алды. Осы орайда, буллинг пен суицидті алдын алу және икемді дағдыларды дамыту бойынша отандық сарапшылармен курстар әзірлегенін бөлісті. Екі тілдегі курсты тегін пайдалануға болады.

"Мектеп психологтарының ұстаздармен де жұмыс істеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Бірақ бұл психологтар жұмысын шектен тыс көбейтіп жібереді. Өйткені, бір психологқа 1500-2000 баладан келеді. Ол баланың барлығына дұрыс бақылау жүргізе алмайды. Осы орайда арнайы мамандандырылған психологтарды енгізу ұсынылды. Яғни, бастауыш сынып, орта және жоғары буын және педагогтердің әрқайсысының өз психологы болады. Сол кезде ғана біз психолог жұмысының сапасы туралы сөз қозғай аламыз", – деп ұсыныс білдірді маман.

Серіктестер жаңалықтары