Жас жұбайлар неге жиі ажырасады? "Мінезіміз сай келмедінің" астарында не жатыр?

Республикада күніне орта есеппен 150 неке бұзылады.

Үйлену азайып, керісінше ажырасу көбейген. Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбайдың мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдықта 64 951 жұп некесін тіркесе, 9 447 жұп ажырасқан.

"2015-2019 жылдар аралығында ажырасқан отбасылардың саны 274 500-ді құрап, жалпы тіркелген некелермен салыстырғанда ажырасу саны 43 пайызға дейін көтерілгені бақйалды. Демек, бес жыл ішінде орта есеппен күніне 389 неке тіркелсе, 150 отбасы бұзылады. 2021 жылы 64 951 неке тіркелсе, 9 447 жұп ажырасқан. Бұл қаңтар мен маусым аралығындағы деректер", – деген болатын Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында мәжіліс депутаты.

Қазақстанда ажырасу неге көбейді? Мұның себебін бүгін кешке сағат 22.00-де 31 арнаның эфирінен көрсетілетін "Неге?" ток-шоуының қонақтары іздеді. 

"Жоқ" деп келеді...

Психоаналитик Анна Құдиярованың айтуынша, ажырасу кезінде психолог көмегіне жүгінетіндер "жоқ" деп айтып келеді екен.

"Мәселен, сыйластық – жоқ, жақсы қарым-қатынас – жоқ, жылы сөз – жоқ, "жаным-күнім" – жоқ. Ар жақтан да, бер жақтан да. Бір-бірін сыйламайды. Ал "ақша жоқ", "үй-күй жоқ" дегендер екінші орынға түсіп кетеді. Ішкі психологиясы мен мәдениеті жоғары адам шағын не ипотекаға алынған үйде тұрса да, жұбайының әке-шешесімен бірге тұрса да, алайда үйде жылылық пен сыйластық болса, ажырасуға бармайды. Бұл бір болса, екінші себеп адамдарда жалпы мәдениеттің жоқтығы. Ішкі мәдениеті, сауаты бар адам қалай келіншегінің басын жарады, қалай шашын қолына орап алып, қабырғаға ұрады? Содан кейін бірі жүйке аурханасына кетеді, екіншісі реанимацияға түседі. Артынан екеуі де маған келеді. Бірақ, қайтадан құшақтасып, жарасып кете береді. Бұдан адамдардың жалпы мәдениеті, оның ішінде психологиялық мәдениеті жоғын көреміз", – деді психоаналитик.

Бұл пікірмен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жалпы және қолданбалы психология кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Нәзира Садықова да келіседі. Оның сөзінше, жас жұбайлар арасында сенім мен сыйластық жоқ. Олар қиындықтарды бірге еңсере білуі керек.

Ажырасу себептері қандай?

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Гаухар Қасымбаева ажырасқан жұбайлардың өтініштерін зерттеп қарағанда, түрлі себепке куә болатынын айтады. Оның қатарында мінездің сәйкеспеуі, жұп арасындағы кикілжіңдер, әлеуметтік жағдай, тұрмыстық зорлық, құмар ойындарға әуестік те кездеседі.

"Әйелдердің отбасын ұмытып, спирттік ішімдіктерге әуес болуынан ажырасқан жұптар да бар. Мұның бәріне тек ажырасу себебіне үңіліп, зерттегенде ғана көз жеткізуге болады. Ал өтініштерге қарар болсақ, бір ғана себеп жазылады. Ол – жастардың мінезінің сәйкеспей қалуы. Кей жағдайда жастардың эмоция үстінде ажырасуға өтініш жазатыны бар. Мұндай жағдайда біз олармен тыныш жерде сөйлесуге тырысамыз. Мұндай өтініштер әдетте алдымен медиатор судьяларға жіберіледі", – деп түсіндірді Гаухар Қасымбаева.

"Татуластырудың қамы жасалады"

Заңгер Мәулен Спанқұлов айына 1-2 мәрте ажырасу ісін қарайтынын айтады. Судьялар ажырасуға келген жұпты ойынан айнытып, татуластыруға тырысады. Тіпті, олар райынан қайтпай тұрса да, ойлануға уақыт береді. Бұл заңда қарастырылған, жұбайларға татуласуға 1-6 ай уақыт беріледі. Кейде сот процесін әдейі ұзаққа созатын кездер де болады.

"Іс 1-2 отырыспен шектелмейді. Ажырасушы жұпты татуластырудың қамы жасалады. Егер олар сот отырысына келмей, заңгерін ғана жіберсе, арнайы шақырып, қатысуын сұрайды. Өйткені, сот отырысында эмоционалды әсер ықпалымен адамдар ойлануы мүмкін", – дейді заңгер.

Қалай ажырасудың алдын алуға болады?

Психоаналитик Анна Құдиярованың айтуынша, Кеңестік кезеңде ажырасудың болмауының бір себебі – экономикалық тәуелділік болатын. Әйел бес баласымен ажырасатын болса, бала-шағасын кім асырайды? Екінші себеп – әлеуметке, қоғамға тәуелділік. Әйел ажырасар болса, оған "жаман қатын" деген таңба басылады деп қорқады. Осы екі қорқыныш болғандықтан, ол күйеуі маскүнем болса да, бұзақы болса да, тіпті нашақор болса да, бірге тұра береді.

"Сондықтан қазір біз ажырасудың алдын алуымыз керек. Сотқа барғаннан кейін емес, мәселені сотқа жеткізбеудің жолын табуға тиіспіз. Ол үшін екі жас үйленеміз деп шешім қабылдаса, олар үш ай психологтың көмегін алуы керек. Оның шығынын Үкімет толық төлесе, құба-құп. Болмаса 50 пайыз шығынын өтеуі қажет. Бұл үш айдың ішінде екеуі жараспаса, екі жаққа кетіп қалады. Менің тәжірибемде он жұптың біреуі осы уақыт аралығында бөлініп кетеді. Бұл үш айда біз жастарға жақсы жұбай болудың жолын үйретсек, үйленіп, бала көтергеннен бастап олар үш ай жақсы әке мен ана болуды меңгеруі керек. Осылай ата-ана болудың психологиялық мектебінен өтеді", – деді Анна Құдиярова.


Бағдарламаның толық нұсқасын бүгін, 30 қазан күні сағат 22.00-де 31 арна эфирінен не YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Тарату:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары