"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры мен "Қазақстан темір жолы" компаниясы басшыларының ұсталуы қоғамда кеңінен резонанс тудырды. Осы орайда I сайланған Қазақстан Құрылтайының депутаты, отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл – Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Снежанна Имашева бұл оқиғаның президенттің "Заң және тәртіп" қағидатын өмірде жүзеге асыру жолындағы маңызы, лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігі және мемлекеттік аппараттағы жаңа басқару мәдениеті хақында Informburo.kz тілшісіне сұқбат берді.
Халық қалаулысы жемқорлықпен күрес және елдің стратегиялық кәсіпорындарының жұмысына қатысты ойын ортаға салып, "заң алдында барлығының құқығы бірдей" деген қағидаттың қағазда емес, іс жүзінде қалай жұмыс істеуі керектігін тілге тиек етті.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы жаңа Конституцияның өзегіне айналды. "Заң және тәртіп" қағидаты Ата заңымыздың преамбуласында-ақ тайға таңба басқандай жазылған. Демек, бұл оқиға – жаңа Конституцияның айбынын және "Заң мен тәртіп" қағидатының қағазда емес, өмірде нақты жүзеге аса бастағанын көрсететін ең жарқын дәлел", – деді Снежанна Имашева.
Депутаттың айтуынша, қоғамда әділеттілік орнату үшін заң үстемдігі баршаға бірдей қолданылуы шарт. Бұрынғыдай әлеуметтік мәртебесіне немесе атқаратын қызметіне қарай жеңілдіктер жасау тәжірибесі бүгінде түбегейлі жойылып келеді. Мемлекеттік басқару саласындағы кез келген заңбұзушылыққа қатысты қоғамдық талап пен құқықтық бақылау күшейе түсті.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Сыбайлас жемқорлыққа батқан ниеті теріс кісілер – біздің қас жауымыз
"Бұл – Қазақстанда лауазымды тұлғалардың жауапкершілігіне деген түбегейлі жаңа көзқарас қалыптасып жатқанының белгісі. Заң алдында лауазымның биіктігі де, басқару ауқымы да, саяси салмақ та, қаржылық мүмкіндік те қорған бола алмайды. Ешкімнің де заңнан тыс "ешкім тиісе алмайтын" артықшылығы болмауға тиіс", – деді Әйелдер ісі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары.
Снежанна Имашеваның айтуынша, мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы басшылық лауазымдар үлкен жауапкершілік жүктейді. Қоғам тарапынан сеніп тапсырылған ресурс пен билік халық игілігіне ғана жұмсалуы тиіс. Өкінішке қарай, кейбір басшылар өз өкілеттіктерін жеке мүддесіне пайдаланып, заң талаптарын елемейтін жағдайлар кездеседі. Депутат лауазымды қызметті жеке артықшылық емес, ел алдындағы зор міндет деп бағалауға шақырады.
"Басшының қолында қаншалықты көп билік пен мемлекеттік ресурс шоғырланса, оның жауапкершілігі де соншалықты ауыр болуы керек. Мемлекеттік қызмет немесе ұлттық компанияны басқару – жеке бастың артықшылығы емес, ең алдымен, ел мен қоғамның үлкен сенімі. Қандай кең өкілеттік пен зор ықпалға ие болсаңыз да, заңнан биік тұра алмайсыз", – деді Құрылтай депутаты.
Снежанна Имашеваның пікірінше, мұндай оқиғалар мемлекеттік аппараттағы тәртіпті нығайтуға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға тікелей әсер етеді. Дегенмен кез келген құқықтық үдерісте кінәсіздік презумпциясы қатаң сақталуы тиіс екені белгілі. Мұндай деректердің ашық жариялануы қоғамдық сананы өзгертуге ықпал етеді. Адалдық пен заңға бағыну мемлекеттік қызметтің басты стандартына айналатынына үміт артады.
"Бұл – әрқашан аса маңызды мәселе. Елімізде әр жылдары жоғары лауазымды тұлғалардың жауапкершілігіне қатысты әртүрлі кезеңдер мен көзқарастар болды. Бүгінгі осындай жағдайлар көптеген басшыға, әсіресе жас және жақында тағайындалған жетекшілерге қатаң ескерту, байыпты сабақ әрі белгілі бір дәрежеде алдын алу шарасы болады деп ойлаймын. Әрине, біз қазір ұсталған азаматтардың кінәсі бар деп кесіп айта алмаймыз – оны тек сот қана анықтайды. Алайда жоғары лауазымды тұлғалардың ұсталуы және бұл туралы жұртшылыққа ашық айтылуының өзі үлкен профилактикалық мәнге ие. Бұл қоғамда "қызмет те, тамыр-таныс пен ықпал да заң алдындағы жауапкершіліктен құтқара алмайды" деген сананы қалыптастырады. Басқару жүйесінде заңға бағыну, адалдық пен жауапкершілік басты басымдыққа айналып, күнделікті қалыпты өмір стандартына айналады деп шын жүректен сенемін", – деді ұлттық комиссия өкілі.
Снежанна Имашева мемлекет басшысының бұл бағыттағы саясатын және қабылданған түбегейлі шешімдерді толық қолдайтынын білдірді. Оның пікірінше, парақорлық тек бюджетке зиян келтіріп қана қоймай, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен халық сеніміне тікелей қауіп төндіреді. Депутат заң бұзған кез келген тұлғаның жазадан құтылмайтынын қатаң ескертті.
"Мемлекет басшысы өз сұхбаттарының бірінде: "Сыбайлас жемқорлықпен барлық деңгейде күрес – мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Бұл ретте ешқандай күмән болмауы тиіс", – деген еді. Жемқорлық қылмыстарын әшкерелеу және тергеу жұмыстарының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүктелуі – өте маңызды әрі түбегейлі шешім. Бұл мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті тек құқықтық тәртіп мәселесі ғана емес, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық міндет ретінде көретінін аңғартады. Мен бұл ұстанымды толық қолдаймын. Өйткені жемқорлық, әсіресе билік пен ұлттық компаниялар жүйесіндегі парақорлық мемлекет қазынасына ғана нұқсан келтірмейді. Ол мемлекеттік басқарудың тиімділігін төмендетіп, елдің экономикалық тұтастығына сызат түсіреді және халықтың билік институттарына деген сенімін әлсіретеді. Бүгінде сыбайлас жемқорлық – жай ғана лауазымдық қылмыс емес, ол ұлттық мүддеміз бен мемлекетіміздің қауіпсіздігіне төніп тұрған тікелей қатер. Сондықтан барша жемқорларға берілер хабар қатаң әрі анық: ерте ме, кеш пе, бәрібір әшкереленесіз. Заң мен тәртіп өз дегенін істейді, жауапкершіліктен ешқайда қашып құтыла алмайсыз!" – деді Снежанна Имашева.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы жаңа тетіктер мен қатаң шаралар
Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалық тетіктерді жетілдіру және құқықтық жауапкершілікті арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар бұған дейін де қолға алынған болатын. Атап айтқанда, 2026 жылғы 28 мамырда Парламент Сенатының жалпы отырысы барысында сенатор Андрей Лукин қолданыстағы қылмыстық заңнамаға енгізілетін маңызды түзетулер жөнінде баяндаған еді. Осы бастамаларға сәйкес, ендігі жерде тек нақты пара алған немесе берген сәт ғана емес, пара ұсыну, оны беруге уәде ету және ашық түрде пара талап ету әрекеттерінің өзі қылмыстық жауапкершілікке негіз болады. Сонымен қатар лауазымды тұлғаларды немесе өзге де азаматтарды заңсыз сыйақы алуға итермелеп, әдейі арандатушылық әрекеттерге барған тұлғаларды да заң аясында қатаң жазалау көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, жаңа заңнамалық өзгерістер аясында жекелеген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін қолданылатын әкімшілік жаза шаралары да едәуір қатаңдатылатын болды. Мәселен, қызмет барысында туындаған мүдделер қақтығысын дер кезінде реттеу және жою жөнінде тиісті шаралар қабылдамаған басшылар мен қызметкерлерге салынатын айыппұлдар мен жауапкершілік күшейеді. Сондай-ақ белгілі болған сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы уәкілетті органдарға дер кезінде хабарламау фактілері мен жекелеген тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы беру әрекеттері де бұрынғыдан әлдеқайда қатаң әкімшілік тәртіппен жазаланатын болады.
Оқи отырыңыз: Самұрық-Қазына мен ҚТЖ басшыларының ұсталуы: Тоқаев мемлекеттің позициясын жеткізеді
Сенатордың мәлімдеуінше, алдағы уақытта мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілетін тұлғалардың санаты мен тізімі айтарлықтай кеңейтіледі. Бұл қадам қоғамдық маңызы бар салаларда қызмет ететін азаматтардың ашықтығы мен есептілігін арттыруға бағытталған. Сонымен бірге мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік мекемелерде жақын туыстардың, жекжаттардың және өзара мүдделік байланысы бар өзге де тұлғалардың бірлесіп қызмет атқаруына қатысты заңнамалық шектеулер күшейтіледі. Осыған қоса, ұйымдардың өз ішіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мен алдын алуға арналған ішкі бақылау тетіктері де заман талабына сай жаңғыртылып, тиімділігі артады.
Еске салсақ, 2026 жылғы 12 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заңға қол қойды.
"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", – делінген құжатта.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры мен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді. Президенттің айтуынша, еліміздің ақпарат құралдарында жарияланған бұл оқиға мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық мәселесінің аса күрделі екенін көрсетеді. Заң талабына сәйкес жаңа басталған тергеу амалдарының құпиясы жария етілмейтініне қарамастан, Мемлекет басшысы бұл жағдайдың "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасы Конституцияда мемлекеттік басқару мен қоғам өмірінің басты қағидаты ретінде бекітілгеннен бергі біртұтас жүйедегі мемлекеттік компанияларда тіркелген алғашқы ірі жемқорлық ісі екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Негізгі заңды халқымыздың құқықтық төлқұжатына балап, Конституция ережелерін елемеу мен мазақ етуді бүкіл халықты кемсітумен теңестірді. Президент мұндай әрекетке барған азаматтардың "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында қатаң жазаға тартылатынын ескертті.
Мемлекет басшысы ел абыройы, ұлттық институттарға деген қоғам сенімі және Қазақстанның халықаралық беделі сынға түскен сәтте, халық сеніп тапсырған билік өкілдері ұлт мүддесін қорғау үшін аянбай еңбек етуі тиіс екенін баса айтты. Ол мұны әрбір шенеуніктің азаматтық әрі саяси борышы деп санайды. Сонымен қатар Президент "Самұрық-Қазына" қорының стратегиялық активтерді басқарып, ірі инвестициялық жобаларды іске асыратынын және шетелдік алпауыт компаниялармен, халықаралық қаржы институттарымен тығыз жұмыс істейтінін еске салды. Мемлекет басшысы әрбір серіктестік пен келісімнің артында ұзақ жылғы келіссөздер, халықаралық қауымдастықтың Қазақстанға деген зор сенімі және мемлекетке жүктелген нақты міндеттер тұрғанын жеткізді.
Оқи отырыңыз: "Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ басшылары сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталды
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы жаңа Конституцияның өзегіне айналды. "Заң және тәртіп" қағидаты Ата заңымыздың преамбуласында-ақ тайға таңба басқандай жазылған. Демек, бұл оқиға – жаңа Конституцияның айбынын және "Заң мен тәртіп" қағидатының қағазда емес, өмірде нақты жүзеге аса бастағанын көрсететін ең жарқын дәлел", – деді Снежанна Имашева.